Сыйластықтың алтын жібі
Асылы, Алғыс айту күнін жан-жақты қарастыруға болады. Аталған мереке алғаш тойлана бастағанда көбіне елімізге қиын-қыстау кезеңде күшпен қоныстандырылып, жергілікті қазақтардың қонақжайлылығының арқасында аман қалып, өсіп-өнген түрлі этнос өкілдері алғыс айтып жататын. Кейін бұл үрдіс ата-анаға, жақын адамдарымызға, бір-бірімізге, ұстазға, досқа алғыс айтуға ұласты. Ал, бұл жазбамыз қытайлық суретші Чжао Яньцзюньнің Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайына жергілікті тұрғындарға алғыс ретінде табыстаған өнер туындысы хақында.
Нақтылай отырсақ, өнер туындысы «Гүлденген анар сәлдегүлі» деп аталады. Еңбек сары қағаздың бетіне қызыл қағаздан кесілген ою-өрнек ыждаһатты негізде желімденген. Композицияның орталық бөлігінде нарт қызыл төрт анар жемісі тұр. Бұл – молшылықтың, дамудың, белгісі. Жиектерін көмкерген жапырақты бар сәлдегүл бүршіктері сұлулық пен тұрақтылықтан, бейбітшіліктен сыр шертеді.
– Бұл композиция мұражай қорына былтыр табысталды. Ұзындығы мен биіктігі – 84 см. Автор өз қолымен табыстады. Чжао Яньцзюнь мырза қазір Қарағандыда тұрады. Осында еңбек етіп жатқан білікті маман. Жұмысы – қытайлықтардың кең тараған бейнелеу өнер түріне жатады. Туындыдан молшылық пен ұрпақ сабақтастығын, көпбалалы болудың сырын ұғамыз. Өйткені, аспан асты елінде халық санының көп екені белгілі. Суретші осындай бірнеше мағынаны сыйғызуға тырысқан, – дейді мұражай директоры Бибігүл Құдабаева.
Бұдан бөлек, Чжао Яньцзюнь мырза кеншілер өлкесіндегі жергілікті халықтың өте ашық, қонақжай, қарапайым әрі еңбекққор екенін айтты. Осындай киелі өлкеде, достық пен бейбітшілік салтанат құрған мекенде жұмыс істеп, еркін өніп-өсіп жатқанына риза екенін айтып, шексіз алғысын да жаудырды.
Өнер – ұлт пен ұрпақты байланыстыратын киелі көпір. Чжао Яньцзюньнің «Гүлденген анар сәлдегүлі» – тек бейнелеу өнерінің туындысы ғана емес, алғыс пен ризашылықтың айқын көрінісі. Қонақжайлық пен кеңпейілділікті ту еткен қазақ жеріне деген сүйіспеншіліктің, ұлттар достығының символы. Бұл шығарма – бейбітшілік пен молшылықтың, мәдениеттер тоғысының жарқын белгісі. Адам жүрегіндегі алғыс сезімі – сөзбен ғана емес, осындай мәңгілікке ұласар өнер туындылары арқылы да жеткізіледі. Өнердің күші – тілсіз тілдесуінде, жүректен жүрекке жол табуында. Қарағанды топырағындағы ынтымақ пен бірліктің көрінісі іспетті бұл туынды келер ұрпаққа бейбітшілік пен сыйластықтың алтын жібін жалғап тұратын құнды мұра болып қала бермек.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет облыстық бейнелеу өнері мұражайынан