Субсидия – шаруаға демеу
Ауылдағы ағайынның негізгі табыс көзі – төрт түлік пен егін шаруашылығы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендердің еңсесін көтерудегі биылғы бастамалары ауылдағы ағайынға біраз серпін берері белгілі. Президент тапсырмасынан кейін көп істің көші түзеліп, шалғайдағы ағайынның шаруасы оңаларына сенім мол. Өйткені, қысы-жазы төрт түлігінің қоңын қамдап, басын көбейтуді мақсат тұтқан шаруа қожалықтарына, егін егетін шаруаларға субсидия алуға мүкіншілік артып отыр.
Жақында ғана Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте өңірде мал шаруашылығы өнімінің көлемі 65 млрд. теңгеге жеткенін айтты.
– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 3,4 млрд. теңге сомасына 653 шағын несие береміз. Көпбалалы отбасыларға, АӘК алушыларға және NEET жастарына ерекше назар аударатын боламыз. Қазірдің өзінде 353 өтінім қабылданды. Саланы дамыту есебінен ауылдарда 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Нарықты жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету жалғасады. Фермерлік шаруашылықтарда 390 мың жылқы, сиыр және бұқа – 620 мың, 1 млн. қой мен ешкі бар. Құс фермаларында 3,7 млн. құс бар. Өсімдік шаруашылығының көлемі де үнемі ұлғайып келеді. Биыл аграршылар 1,2 млн. га жерге дән екті, бұл көрсеткіш былтырғы жылдан 22 мың га артық. Облыста картоп пен көкөніс отырғызылған алқаптар ұлғайтылды, – деді.
Мамандардың айтуынша, шаруалар электронды құжатты қолдануды игеруі тиіс. Егін шаруашылығы бағытындағы жаңа жүйенің жаңалығы көп. Төрт түлікті асылдандыру және көбейтуге байланысты субсидиялауда өзгерістер жоқ. Ірі қара малдың, қой мен ешкінің, маралдың аналық басымен, төлдерінің селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізуге жұмсалған шығындар арзандатылады.
Басқа аудандарды айтпағанда, Шет ауданының ауыл шаруашылығы саласында былтырдан бері іске асырылған инвестициялық жобалар дамуға серпін беріп отыр. Бұл жөнінде Шет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков мәлім етті.
– Жыл сайын субсидияның заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енеді. Ол өзгертулер мен толықтыруларды үнемі түсіндіріп отырамыз. Оның ішінде, шетелдік шаруашылықтан алынған мал басын субсидиялау да бар. Бастысы, субсидия егін көлеміне, өнімділікке емес, тұқым, гербицид және минералды тыңайтқыштарды қолдануға беріледі. Сонымен қатар, жылдағыдай инвестсубсидия беріледі. Яғни, ауылшаруашылық техникаларына көмек алуға мүмкіндік мол. Былтыр мал шаруашылығы өнімділігін және сапасын арттыруға үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына бюджеттік субсидиялар берілді. 2022 жылдың өзінде 1051 шаруа қожалығына 1 млрд. 65 млн. теңге қаражат төленді. Биылғы жылы 5 ай ішінде 62 шаруа қожалығына 95 млн. 791 мың теңге қаржы қарастырылды, – дейді Шет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков.
Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 63 млрд. теңгеге жеткен. Құны 2 млрд. 110 млн. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.
Қазір шаруалар үйден шықпай-ақ электронды цифрлы қолтаңба арқылы өтінім беріп, өзіне қажетті қаржыны ала алады. Ол үшін qoldau.kz сайтына кіріп, толық мәліметті білуге болады.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz