Облыс әкімінің жұмыс сапары

Су мәселесі шешілуде

Жезқазған аймағында су мәселесі шешілуде. Көпшіліктің тағатсыздана күткен Ес[1]құла су қабылдағышы құрылысы жобасын іске асыру аяқталуға жақын қалды. Жезқазған аймағына жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Есқұла кен орнынан 63 шақырым желі тартылды. Су құбыры заманауи технологиялар бойынша төселді, су жинағышта қосымша ұңғымалар бұрғыланды. Жоба жақын арада аяқталады, жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Жер асты су көздерінің суы барлық санитарлық нормаларға сәйкес келеді және химиялық тазартуды талап етпейді. Сәтбаев қаласында сорғы, хлоратор станциялары мен резервуарларын қайта құру жүргізілді. Естеріңізге сала кетейік, Есқұла су құбырын қайта құру қаражаттың жетіспеуіне байланысты бірнеше жылға кейінге қалдырылған болатын. Құрылыс 2020 жылы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің бірлескен жұмысы барысында қайта жанданды. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енгізілді. Сәтбаев тұрғындары қазірдің өзінде судың сапасы жақсарғанын атап өтті. Су ағу жүйесінде іркілістер жойылғаннан бері ауыз су қорын жинап қою қажет емес.

– Шамамен 40 жыл Весовая ауылында тұрдым. Үш жыл бұрын Сәтбаев қаласына көшіп келдім. Ол кезде судың сапасы онша болмады. Қазір қалыпқа келді. Су әлдеқайда жақсы, таза және құбарлардағы қысым да жақсарды, – дейді жергілікті тұрғын Юрий Реш. Есқұла су қабылдағышын іске қосу Жезқазғанда да ауыз су мәселесін ішінара шешеді. Оны толық шешу үшін «Үйтас-Айдос» су тартқышына күрделі жөндеу жүргізу қажет. Бұл жоба 2022 жылы басталып, 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек Жезқазғандағы медициналық орталықта да болды. Өңір басшысына эпидемиологиялық жағдай, вакцинация қарқыны және денсаулық сақтауды дамыту әлеуеті туралы баяндалды. Облыс басшысы Сәтбаев қаласында жаңадан салынған сот ғимаратында болды. Осы уақытқа дейін судьялар тұрғын үйдің бейімделген үй-жайында жұмыс істеп келді. Жеңіс Қасымбек «Жошы Хан» тарихи кешенін де аралап көрді. Құрылысшылар соңғы жұмыстарын жүргізуде. Кешен кең аумақты алып жатыр. Құрылыс алаңы екі жарым мың шаршы метрді құрайды. Кешеннің ішінде көрме залы, намазхана, шайхана, қонақ үй бар. Туристер тарихи кезеңге үңіле алатын арнайы 3D-бөлме жабдықталған. Кешеннің ауласында бес метрлік Жошы ханға арналған гранит ескерткіш тұрғызылып, киіз үй орнатылған. Сапар соңында Жеңіс Қасымбек Жезқазған мен Сәтбаевты дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button