Студенттер қалыс қалмады
Қоғамды ізгілендірудің сан түрлі тәсілі бар. Ізгі қоғамды, әлбетте, ізгілікке бет алған адам құрады. Қайырымды, білімді болу аздық етеді. Адам әуелі қоршаған ортасына қамқорлықпен қарай алуы тиіс. Яғни, өзің жүретін көше мен аулаңды таза ұстасаң, маңайыңа жан тазалығы мен ішкі мәдениетіңнің деңгейі көрінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясын бастаудағы негізгі мақсаты осы деп түсіндік.
Қазір бүкіл ел жаппай сенбілікке шығып жатыр. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенттері де қалыс қалған жоқ. Жастар білім ордасының маңайын қоқыстан тазартты. Университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Сағыныш Мүбәрак сенбілікке студенттер белсенді қатысқанын атап өтті.
– «Жасыл аймақ» апталығы аясында университетіміздің қызметкерлері және 40-тан астам белсенді студенттер 25 ағаш екті.
Акцияны өткізудегі негізгі мақсат – тұрғындарға қаланы таза ұстауға үндеу және жастарды еңбекке жұмылдыру, баулу.
Еліне, жеріне жаны ашитын әр азамат осындай апталықтарға белсенді қатысуы тиіс деп есептеймін.
Әр тұрғын өз ауласын таза ұстап, көшеттердің өсуіне жағдай жасаса, қаламыз бұдан да ажарлана түсетіні сөзсіз. 4 мамыр «Өнегелі ұрпақ» күні аясында қарттардың ауласын студенттер тазартып береді, – деді Сағыныш Мүбәрак.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz