Ұстаз
(Эссе)
Наурыз айының 23 жұлдызында халқымыздың біртуар перзенті, академик Евней БӨКЕТОВТІҢ туғанына 95 жыл толады. Сегіз қырлы, бір сырлы дарын, ғұлама ғалым, жазушының соңында қалдырған ғылыми еңбектері, көркем аудармалары, публицистикалық мақалалары кезінде де, қазір де тиісті бағасын алып, маңызын жоғалтқан жоқ. Ол туралы мерзімді баспасөз беттерінде де көп жазылып жүр.
Жазушы Медеу Сәрсекенің Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «Жайсаң адамдардың өмірі» сериясымен 2007 жылы жарық көрген «Евней Букетов. Трагедия светлой судьбы» кітабын, одан кейін ол кісінің тағы 2 кітабын айтқанды жөн деп санаймыз.
Өзім де Евней аға дайындаған 4 ғылым докторы мен 50-ден аса ғылым кандидаттарының қатарындағы көп шәкірттерінің бірімін. Республика тарихындағы екінші университет – Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың құрылғанына 48 жыл болды. Бүгінде Қазақстандағы ірі жоғары оқу орындарының біріне айналған университеттің ұйымдастырылуы, қалыптасуы және бастапқы кезеңдегі дамуы – оның бірінші ректоры,ҚазақКСР Ғылымакадемиясының академигі,КСРОМемлекеттік сыйлығының лауреаты, еліміздегі ғылым мен жоғары мектептің көрнекті ұйымдастырушысы, энциклопедист-ғалым, химия және металлургия саласындағы аса ірі маман, бұрынғы КСРО және шетелдерге кеңінен танымал таланттыжазушы, тұңғиықмәдениетті адам Евней Бөкетовтің есімімен байланысты. А.Пушкиннің сөзімен айтқанда, бұл оқу орны Орталық Қазақстандағы біздің «тұңғыш университетіміз» болды.
Евней Арыстанұлының шәкірті бола жүріп, химия және металлургия саласында көптеген мәселелер жиынтығымен айналысып жүрміз деп ойласақ керек. Әсіресе, күкірт, селен, теллур, мышьякты зерттеу қарқынды дамыды. Біз өзімізді «селеншілер» және «мышьякшылар», «гидридтер» және «пириктер», химиктер және металлургтер, теоретиктер және практиктер, технологтар және аналитиктер деп бөліп жүрдік. Ал, осылардың барлығы Евней Арыстанұлының бойынан табылар еді. Ол осы жеке бағыттарды бір қуатты ғылыми бағытқа біріктіріп, оған Менделеевше терең мағыналы «Халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы» деген ат берді. Сөйтіп, ғылыми жұртшылыққа белгілі «халькогендер мен халькогенидтер химиясы және технологиясы» саласындағы зерттеулердің қазақстандық мектебінің және осы аттас проблемалық зертхананың негізін қалады. Бұл проблематика бойынша төрт бүкілодақтық, бірнеше халықаралық және республикалық кеңес 1978 жылдан бастап, Қарағанды химия-металлургия институты мен ҚарМУ-дың базасында өткізілді. Алғашқы екі ғылыми кеңестің төрағасы Евней Арыстанұлының өзі болды. Халькогендер химиясы саласындағы идеялары оның атындағы ҚарМУ-де одан әрі жалғасын табуда.
Е.Бөкетов бейорганикалық химия кафедрасындағы «Минералдық шикізаттарды кешенді өңдеудің теориялық негіздері» атты мемлекеттік бюджеттік саланың тұрақты ғылыми жетекшісі болды. Евней Арыстанұлынан кейін бұл бағыттағы зерттеу бойынша химия факультетінің базасында 9 кандидаттық және 7 докторлық диссертация дайындалды және қорғалды.
Әлі есімде, 1966 жыл, 15 тамыз – ҚарМПИ-ді физика-химия мамандығы бойынша үздік аяқтап, жолдамамен Қазақ КСР Ғылым академиясы химия-металлургия институтының директоры Евней Бөкетовтің қабылдауына келген күнім. Бұрын сырттай білсем де, тілдеспеген едім. Бекер жүрексінген екенмін, нар тұлғалы, келісті жігіт ағасы жылы шыраймен қарсы алды. Мән-жайды білді, дауысы құлаққа жағымды, баурап әкетті. Қасыма бір ғылыми қызметкерін қосып беріп, институт зертханаларына экскурсия жасатқызып, таңдауды өзіме қалдырды. Осыдан кейін мен Евней ағаның алдына қайта оралып, сирек және шашыраңқы элементтер зертханасында жұмыс істеуді қалайтынымды айттым. Сөйтсем, ол зертхананың меңгерушісі де Евней Арыстанұлының өзі екен. Сол күннен бастап Евней ағаның шәкірті болу бақытына ие болдым.
Ол алғашқы жүздесуде-ақ мына мәселелерге назар аударуды тапсырды. Біріншіден, химияменметаллургия саласындағы ғылымды тереңірек меңгеру үшін әрбір зерттеуші кен жыныстары мен өнеркәсіп өнімдеріне химиялық анализді өзі жасай білетін дәрежеде болу керектігін ескертті. Екіншіден, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыра жүргізу талабын қойды. Ең соңында ғылым шеңберінде шектеліп қалмай, көркем әдебиет, мәдениеттен хабардар, жан-жақты білім иесі болуыма тілек білдірді…
Мені екі айдай аналитикалық химия зертханасында тағылымдамадан өткізіп, Балқаш кен-металлургия комбинатына жіберді. Мыс өндірісінің технологиялық процестерімен толық таныстым. Мыс электролиттікшламның(қалдықтың)құрамында кездеспейтін металл жоқ: күміс, алтын, селен мен теллур сияқты сирек металдар, қорғасын, мырыш, тағы басқалары. «Селен мен өлең – Е.Бөкетовтің егіз стихиясы» деп академик Зейнолла Қабдолов жазғандай, Евней Арыстанұлының ғылымдағы бағыты менің ғылыми жұмысыма арқау болды
1976 жылы ұстазым, ҚарМУ-дың ректоры Евней Бөкетов мені ғылыми-педагогикалық қызметке, бейорганикалық химия кафедрасына аға оқытушылыққа алды. Бір жылдан кейін доцент, 2003 жылдан бері профессор болып, осы кафедрада қызметімді жалғастырып келемін. Осы жылдары Евней аға да үлкен шығармашылық өрлеу үстінде болды. 1966 жылы Мәскеуде «Мыс электролиттерінің қалдықтарынан селен мен теллурды бөліп алу» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 1969 жылы Балқаш кен-металлургия комбинатында мыс кендерін кешенді өңдеу технологиясын зерттеп, дамытып, өндіріске енгізгені үшін ғылым мен техника саласы бойынша КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал, 1975 жылы толық мүшесі – академик болып сайланды
Академик ағамыздың ғылыми бағыттарын атап өтуді ғана жөн санадық. Олар: халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясы; түсті және сирек металдардыңгидрометаллургиясы;мыстың, халькогендердің және халькогенидтердің электрохимиясы; фосфорлы шиізаттарды өңдеу; Орталық Қазақстанның марганец кендерін өңдеу және марганец шлактарын физика-химиялық зерттеу; мышьяк және оның қосылыстарының химиясы мен металлургиясы; түсті металлургиядағы сорбциялық-экстракциялық процестер және тағы басқалар. Олардың кейбіреулері өндіріске енгізілген.
Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасында демалғанда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың зиратына тәу етіп барғанда, ақын басындағы жұпыны ескерткішті көріп, ренжігені бар. Евней аға қызметтес емес, кісілігіне, ықылас-пейіліне қарап, қарапайым жандардың дастарханынан дәм татқанды ұнататын. Сол көңіліне жаққан адамды қатты сыйлап, қадір тұтатын. Сондай адамдардың бірі – Бұқар бабамыздың ұрпағы, Қарағандыда ұзақ жылдар тұрған, марқұм Қабылбек Исабаев ақсақал еді. Евней Арыстанұлының да оны құрметтегені соншалық, 1974 жылы Қабылбек ақсақал қайтыс болғанда, өз қолынан топырақ салысты.
Сол секілді, Қаныш Имантайұлының өмірінен роман-эпопея жазу барысында оның бала жастағы достары Жұмаш Шәдетов ақсақалдың, өз атам Рүстембектің немере інісі Көшек Айтқожаұлының үйлеріне барып-келіп жүретін. Осындай көптеген ізденістер мен ресми мәліметтерді талмай саралау нәтижесінде, роман-эпопеясының «Ғалымның балалық және жастық шағы» деп аталатын алғашқы бөлігін аяқтап үлгерді.
Евней Арыстанұлы Қаныш Сәтбаев туралы әр кездерде «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген «Аққан жұлдыздан құс жолына дейін», «Таң шолпанындай жарқырап», «Тұңғыш қазақ академигі» және «Простор» журналында «Академик туралы әңгіме» атты публицистикалық әңгімелер жазды.
Аудармашылықжұмыспен көп айналысты. И.Василенконың «Артемка» повесін, Э.Золяның әңгімелері мен мақалаларын, болгар жазушысы И.Вазовтың «Бұғауда» романын, В.Маяковскийдің «Қандала» пьесасын, С.Есениннің «Анна Снегина» поэмасынжәне көптеген өлеңдерін аударды. В.Маяковскийдің «Керемет» поэмасын, ұлы драматург В.Шекспирдің «Макбет» және «Юлий Цезарь» трагедияларын аударды.
Академик Е.Бөкетов ірі қоғамдық, ғылыми жұмыстар атқара жүрсе де, шәкірттерімен әңгімелесуге уақыт табатын. Ректор кезінде жұмыс уақытында мүмкіндік болмағандықтан, шәкірттерімен таңғы сағат жетіде, кейде кешкі тоғызда үйіндегі кабинетінде ғылыми жұмыстарын талқылайтын. Ғылыми еңбектердің барлық талаптарға сайжазылуынажетемән беретін. Металлургия және химия саласындағы барлық ережелерді, заңдылықтарды, математикалық теңдеулерді, басқа да негізгі мәліметтерді түгел дерлік жатқа білетін. Жұмыстан шаршағанда бір сәт үзіліс жасап, өзінің әдеби жазбалары мен аудармаларын оқып беретін. Үйіне келген шәкірттеріне Зүбайра жеңгеміздің қолынан дәм таттырмай жібермейтін. Кейде демалыс күндері аспиранттар жатақханасына арнайы келіп, әңгімелесіп, тұрмыстарымызбен танысып, қиналған жағдайда қалайда жәрдем етіп жүрді. Отбасымыз, ғылыми ізденісіміз жайлы егжейтегжейлі сұрап, ақыл-кеңесін айтып, жаңа проблемаларды шешуге меңзейтін. Біз сәл ғана жетістігімізді ұстазымызбен бөлісуге асығатынбыз. Ондайда Евней аға бізді көтермелеп, мадақтай келе: «Әй, батыр, біз білгенді басқалар да білуі мүмкін. Бұған тоқмейілсуге болмайды» – дейтін де, бізге мәселені тереңірек, кеңірек зерттеп, технологияны жақсартуға немесе жаңа іргелі ғылыми мәліметтер алуға жеткізетін проблемалар ұсынатын.
Ғұлама ғалым, жазушы ғана емес, публицист те еді. Мерзімді басылымдарда жастарға арналған мақалалар жариялап тұрды. Олардың қатарына «Ағадан ақыл, ініден шарапат», «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін», «Арманшыл болғанға не жетсін», «Студент, саған мәңгілік құштарлық», «Жиырма деген жасында», «Университеттік ілім», «Жастардың болашағын ойласақ», «Маманға бүгінгі талап жоғары» және басқалары жатады.
«Лениншіл жас» газетіне берген сұхбатында тілшінің «жастардың бойынан қандай қасиетті жақсы көресіз?» – деген сұрағына академик-ректор «жалынды құштарлықты. Принциптілікті. Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды. Жастар табанды болуы керек» – деп жауап беріпті. Оның университет жайлы жазған мақалаларында көтерген проблемалары бүгінгі күні шындыққа айналып отыр.
Өкінішке орай, «Ленинская смена» газетінде жарияланған жазықсыз жаладан соң 1979 жылдың желтоқсан айынан Евней аға өз өтінішімен ректорлық қызметінен босап, химия-металлургия институтында ғылыми жұмыстарын жалғастырды. ХМИ-дағы қызметін істей жүріп, біздегі бейорганикалық химия кафедрасының профессоры қызметін де қоса атқарды.
Бірақ, академиялық ғылымға соншалықты қажет және соншалықты үміт арттыратын байыпты және шұғыл қорытынды жасауға құштарлық Евней Арыстанұлы үшін институт тақырыптарының тек жоғарыда айтылған бағыттарымен ғана шектеліп қалған жоқ еді. Оның бір-біріне байланысы жоқ сияқты нәрселерді біріктіріп, сол арқылы көмір химиясының, органикалық синтездің және металлургияның проблемаларын шешуге арналған өмірінің соңғы кезіндегі ұсынысы біздің барлығымызды да таң қалдырды. Оның бұл ұсынысы ферроқұйманы қолдана отырып, төменгі сапалы күлі көп кокстан және судан жасанды мұнай алу туралы болатын. Дәл осы мәселе арқылы Евней Арыстанұлы қорытынды жасау мен күрделі мәселелерді шешуге келгенде батылдық пен алғырлықтың шыңына шыққан іспеттес көрінеді.
Қайтыс боларынан үш күн бұрын Евней Арыстанұлы Қарағанды бас жабдықтау басқармасының сол кездегі бастығы А.Никоновқа мынадай қысқаша хат жазған екен: «Қымбатты Анатолий Сергеевич, Құдай үшін болашақта көмір бассейнінен өндірілетін бензин өзендерін ағызуға қажет жоғарғы қысымды насостармен (ең болмағанда біреуімен) көмектесе гөр. Көңіл бөлгеніңе өте-мөте борышты Е.А.Букетов, 10 желтоқсан, 1983».
Сол 1983 жылдың 13 желтоқсаны күні ол 5 курс студенттеріне арнаулы курстан дәріс оқуға тиіс еді. Студенттер оны ХМИға барып тыңдайтын. Арада көп уақыт өтпей факультетке телефон шалынды. Өз құлағымызға өзіміз сенбей, ХМИ-ға тартайық. Мән-жайға қанықсақ, сұм ажал арамыздан шығармашылық кемелденген шағында, небары 58 жасында ғұлама ғалым, ақылшы ұстаз, қоғам қайраткері, өз халқының патриоты Евней Бөкетовті алып кетіпті. Мезгілсіз ажал химия мен техникалық ғылымдар және көркем проза саласында шын мәнінде өмірінің соңына дейін шығармашылық тұрғыда аса белсенді болған адамның өмірін үзіп кетті. Евней Арыстанұлының тек ғылыми мұралары 500-ден астам, оның ішінде 9 монография, 100-ден аса өнертапқыштық куәлік пен шетелдік патенттер бар.
Евней Арыстанұлының ғылыми мектебінен 24 ғылым докторы, 40-тан аса ғылым кандидаты тәрбиеленіп шықты.
Евней ағаның асыл армандарын бүгінде ізбасарлары мен шәкірттері, ондаған-жүздеген оқушылары жалғастырып, жаңа сатыға көтеріп, ілгері дамытуда.
Евней ағаның Орталық Қазақстанда ғылым мен білім ордалаларының қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегі орасан зор. Олардың қатарында алғашқы ұйымдастыру кезеңінен бастап кемелденген шағына дейін 12 жыл бойы директоры болған Қазақ КСР Ғылым академиясының химия-металлургия институты, іргетасын өзі қалап, тұңғыш ректоры болған, 1991 жылдан өз есімімен аталатын ҚарМУ және Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесі бар.
Ойыма ақын Кәкімбек Салықовтың мына өлең жолдары орала береді:
«…Өкініш көп, салайын несіне зар,
Өз жұлдызың арнаулы көшін табар.
Шәкірті едің Қаныштай данамыздың,
Қатар ұстап қазағым есіне алар».
Иә, тарих және уақыт барлығын өз орнына қойды.
Евней Арыстанұлының дарынды шәкірттерінің бірі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты В.Малышевтың сөзімен айтсақ: «Евней Арыстанұлының ғылыми өмірбаяны – Қолбасшының және Әулиенің бүгіннен болашаққа кең және жеңіл қадаммен аяқ басуы».
«Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ, мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, мен өзімді бақытты адаммын деп санар едім» – деген Евней Арыстанұлының арманы жүзеге асты.
Кенжебек РҮСТЕМБЕКОВ,
Е.Бөкетовтің шәкірті, химия ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,
академик Е.Бөкетов атындағы сыйлықтың лауреаты.