Теміртау

Статистика – цифрлар әлемі

    Қандай да бір мәлімет, дерек қажет бола қалса статистикаға жүгінеміз. Өйткені, статистика нағыз шынайы көрсеткіштер қоры болып табылады. Салыстыра отырып, ел экономикасы мен халық әлеуетінің өсу деңгейін де бағамдай аламыз. Мәселен, Теміртау қаласында биылғы он айдың қорытындысында 185 660 тұрғын бар екендігі анықталды. Халық саны соңғы төрт жылдың ішінде бес мың адамға өскен.

Қалақұраушы ірі кәсіпорын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы жұмысшы санын да статистика арқылы біліп отыруға болады. Металлургтер мекенінде шағын және орта бизнес қарқынды даму үстінде. Қазір 10092 тіркелген кәсіпкерлік ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Заңды тұлғалар саны жыл басынан бері 269 бірлікке өскен. Айта берсек, мұндай деректер тізбегін жалғастыру қиын емес. Өйткені, мұндай цифрлардың бәрін Теміртау қалалық статистика басқармасы әр күн сайын, кейбірін он күндік бойынша нақтылап дайындап отырады. Оның үстіне сексен төрт түрлі азық-түлік және тұтыну тауарларының бағасын қадағалап, мониторинг жүргізіп, қала әкімдігіне жеткізеді. Цифрлар әлемімен жұмыс істейтін бұл мемлекеттік мекемені соңғы он жеті жылдан бері Айгүл Бегімова басқарып келеді. Осындағы ҚМИУ-ды бітіріп, экономист мамандығын алған ол әкімдікте еңбек жолын бастап, кейін осы қызметке ауыстырылған еді. Міне, содан бері шағын ұжым тапсырылған жұмысты абыроймен атқарып, өндірісті қаланың барлық цифрлары мен мәліметтерін уақытылы жинақтап, тап-тұйнақтай дайындап отырады.

– Статистика – өте дәл цифрлар әлемі, бізде «шамамен, болжаммен» деген сөздер қолданылмайды, тек, нақты сандарды ғана жинақтаймыз. Ол әрқашан жауапкершілікті, тиянақтылықты талап етеді. Бірде-бір цифрдан қателесуге болмайды, өйткені ол қандай да бір мекеменің, кәсіпорынның, қаланың экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштеріне ықпалын тигізері сөзсіз, – дейді ұжым жетекшісі.

Теміртау қалалық статистика басқармасында 8 адам еңбек етеді. Бәрі де жоғары білімді экономистер, мемлекеттік қызметші деген мерейлі міндетті абыроймен алып жүрген жандар. Бұл жұмыстың ерекшелігі әр маманға ұқыптылық, төзімділік, уақытпен санаспау қажет болады. Бір қызығы ұжымның барлық мүшесі қыз-келіншектер, бұл, тіпті, көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр десек те боларлық. Мұндағы жұмыстың көзмайын тауысып ұзақ отыратын күрделілігіне қарамастан мамандар тұрақты, ауыс-түйіс өте сирек. Мәселен, бас маман Наталья Побелянская, жетекші маман Эльвира Бородина мұнда жиырма жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Олар өз істерінің нағыз майталман мамандары. Еңбектері елеусіз емес. Әр жылдары облыс, қала әкімдерінің, статистика департаментінің Құрмет грамоталарымен, Э.Бородина «Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы» төсбелгісімен марапатталған. Ал, ұжым басшысы Айгүл Бегімова  осыдан алты жыл бұрын «Статистика үздігі» атанды. Бірыңғай әйелдер еңбек ететін ұжымда қызметтестер, тек, өз ісінің шеберлері ғана емес, бәрі де отбасындағы аяулы ана, асыл жар.

– Кезінде өзіміз орыс тілінде білім алсақ та, ата-анамыздың тәрбиесі арқасында ана тілімізде еркін сөйлейміз, балаларым Тәуелсіз елде туып-өсіп жатқандықтан оларды қазақ мектебінде оқытып жүрміз. Өйткені, елдің келешегі қазақ тілімен жарқын екенін жақсы түсінеміз, – дейді ұжым жетекшісі.

Жыл сайын қараша айының алғашқы аптасында Статистика қызметкерлері күні аталып өтіледі. Бұл кәсіби мерекені Теміртау қалалық статистика басқармасының ұжымы да өздерінің тиянақты еңбегімен қарсы алып отыр. Біз Айгүл Бегімова жетекшілік ететін осы ұжымның барлық мамандарын төл мерекесімен құттықтап, мемлекеттік қызметте әрдайым мерейлері өсе берсін деген игі тілегімізді білдіреміз.

Серікгүл АЛТАЙБАЕВА.

Суретте: Теміртау қалалық

статистика басқармасының ұжымы.

Суретті түсірген: Қарлығаш БЕЙСЕН.

ТЕМІРТАУ қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button