Ресми

Ұстамды болғаннан ұтылған жеріміз жоқ

Тәуелсіздік – әр ұлттың арманы, бірақ барлық ұлттың бұл арманға қолы жете бермейді. Еркіндікке, дербестікке ие болған бақытты ұлттың бірі – біз, қазақтармыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында үміт пен күдікке толы отыз жылдық тарихымызды саралай келіп, «Өткенге тағы бір мәрте оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін мезет» дейді.

«Байсалды ел байқамай қате жібермес» деген қағиданы біздің ел мықты ұстанады. 1991 жылы 12 маусымда Ресей егемендігін жариялады, ол түсініксіз жағдай болды. 2001 жылы Ресейдің Федерация Кеңесі егемендіктің онжылдығын атап өтпекші болып, ТМД елдерінен делегациялар шақырды. Қазақстаннан бір топ депутат қатыстық. Реті келгенде Федерация Кеңесінің төрағасы Егор Строевтан «Ресей егемендікті кімнен алды. Ол кезде Одақта тек Ресей мен Қазақстан қалды ғой. Ресей Ресейге егемендік бере алмайды, сондықтан Ресейге егемендік берген Қазақстан» дедім. Парасатты адам ғой, бетіме күлімсірей қарап: «Кешке банкет болады, сонда әңгімені қыздырамыз», деді.

Ресей депутаттары болса, Ресейдің егемендігі Ельцин мен Горбачевтің билік бөлісулері десті. Бүгінде 12 маусым – Ресей күні. Ал, одақтас республикалардың тәуелсіздік алуын ресейлік саясаткерлер «суверенитет шеруі» деп сынады. Күні бүгінге дейін кейбір ресейлік депутаттар «пиғылына қарай қимылы» дегендей империялық үстемдікті аңсайды. Ресей, тіпті, күш көрсетеді. Грузиямен соғыс, Молдавияны бөлу, Донбасс пен Луганскідегі сепаратизмді қолдау – соның көріністері.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай «Аймақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шет ел азаматтарының арандатушылық ісәрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн» деді.

Рас, біз әртүрлі арандатушы әрекеттердің алдын алдық. Ел халқының 40%-дан астамын ғана қазақтар құрайтын Қазақстанды одақтас республикалардың алғашқыларының бірі болып тәуелсіз мемлекет деп жариялау, әрине қоғамда қарсылық туғызуы мүмкін еді. Сондықтан, 1990-1991 жылдар Қазақстан халқын тәуелсіздікке саяси және психологиялық жағынан бейімдеу жылдары болды. КСРО-да сол тұста 200-ге жуық этнотерриториялық жанжалдар ықтимал еді. Соның біразы Қазақстанда болатын. Ұстамсыздық, қызбалық көңіл күй ормандағы өрттей лаулап, жағдайды билетпей кетуі мүмкін еді. Қазақстандықтарды күрделі өзгерістерге бірте-бірте икемдеп, Одақты сақтап қалу мүмкіндігінің жоқтығына еліміздегі, әсіресе диаспоралардың көзін жеткізу керек болды. Осындай байсалды саясатты қазақ мемлекеті ұлттық валюта – теңгемізді енгізу тұсында да ұстанды. Халықты жаңа саяси-психологиялық жағдайға бейімдеу, пайымдылық – қазақстандық ұлт саясатының маңызды тағылымы.

Марк Твен «тәуелсіздікке қол жеткізген ел саяси лотереяда піл ұтқанмен бірдей, ал пілді асырау керек», дейді. Жазушы тәуелсіздіктің жүгі мен жауапкершілігіне, алға ұстаған нысанаға жету жолының қауіп-қатерге, күмән мен күдікке толы екендігін меңзеп отырса керек.

Қазақстан тәуелсіздігі төңірегінде күні бүгінге дейін әртүрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер барлық республика Одақтан біржола кеткеннен кейін, Қазақстан амалсыздан тәуелсіздік жариялады дегендей ой айтса, енді біреулер Қазақстан соңғы күнге дейін жаңа үлгідегі Одаққа сенді дейді. Шын мәнінде ішкі және сыртқы жағдайлар ұстамдылықты қалады.

Президент мақалада тәуелсіздіктің отыз жылын үш он жылдық белеске бөліп қарастырады. Еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға, тоталитарлық жүйеден демократиялық жүйеге аяқ басты. Ең бастысы, адамдар санасы да өзгере бастады: кеңестік азаматтықтан қазақстандық азаматтыққа, жалтақ орысқол, партияшыл психологиядан еркін ойлайтын тұлғаға, Құдайсыз, атеистік көзқарастан имандылыққа бет алған жаңа ұрпақ өсіп келеді.

Отарлау саясаты тек отарланған елдің табиғи байлығына ғана емес, рухани байлығына, адамдар санасына да қол сұғып, ұлтсыздық дерті тарады.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздың, «тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық», деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы. Отарлау туралы мынадай бір тәмсіл бар. Қасқыр мен ешкі экономикалық негізде өмір сүруге келісіпті. Қасқыр айтыпты ешкіге: «Мен сенің шөбіңді жемеймін, ал сен өз еркіңмен мені етіңмен қамтамасыз етесің». Отарлаушы ұлт кейін де бұрынғы отарланған ұлттарды өз мәдени, саяси, тілдік ықпалынан шығармауға тырысады. Ағылшын тілі 114 территорияда, испан тілі 27, француз тілі 24, португал тілі 12 территорияда үстем.

Экономикалық, саяси реформалар, тоталитаризмнен демократияға өту Қазақстандағы үлкен-кіші этностық қауымдастықтар арасында абыржу, мазасыздану, сепаратистік көңіл күй, кеңес заманын аңсау, болашаққа күдіктену сезімдерін туғызды. Қазақтар болса тілі мен мәдениетінің жағдайына, табиғи байлықтың шет ел қолына кеткеніне көп алаңдайды.

Сондықтан, Мемлекет басшысы мақалада патриотизм мәселесіне аса назар аударады. «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, адамзаттық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады», деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Нарықтық қатынастар қалыптасып келе жатқан елдерде патриотизмнің іргетасын экономикалық көзқарастар қалыптастырады. Осыған байланысты неміс патриотизмінің он өсиетіне назар аударалық:

1. Тіпті, ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес.

2. Шет елдің бір теңгеге тұратын тауарын сатып алғаныңда өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа.

3. Сенің ақшаларың тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуі керек.

4. Шет елден келген машина және құрал-саймандарды қолданып, герман жерін, шаңырағын, герман шеберханасын қорлама.

5. Өз дастарқаныңда шет елдің еті, майы, тағы басқаларына еркіндік берме, себебі, ол неміс ет өндірісіне және отандық шаруашылығына зиян келтіреді.

6. Әр уақытта неміс қағазына, неміс қаламымен, неміс сиясымен жаз да, неміс сорғыш қағазымен сорғыз.

7. Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды.

8. Тек қана неміс матасымен тігілген сырт киімдер мен неміс қолынан шыққан бас киім ки.

9. Егер сен неміс кофесін ішкің келмесе, Германияның отар елдерінен әкелінген кофені іш. Балаларың мен әйеліңе де отар елдің какаосын ішіп, шоколадын жеуге әмір ет.

10. Ешуақытта шет елдің тауарына қызықпа және есіңде берік сақта, герман азаматының керегін тек Германия шығара алады.

Осы қағидалардың біразы қазақстандықтарға да тиімді. Кәсіпкерліктің патриоттар қолдауынсыз алға басуы қиын.

Президент халықты жалған астамшылықтан сақтандырады: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргесін қалаумен шектелмейді».

Тәуелсіздік алған көптеген ел армандаған «алтын ғасырға» қол жетпек түгілі отарлық өмір салты мен ойлаудың дөрекі түрлері етек алып, бұл ұлттық тоқырауға, ұрлыққа, жемқорлыққа соқтырды, тіпті, оған еттері үйреніп кетті. Бөтен елдің үстемдігінен құтылғанымен оның ақыл-санасы, мәдениеті, тілінен құтылу созылған індетке айналды. Бұл – бізді де ойландыратын проблема.

Ұлттық романтизмді біз де басымыздан кешіріп келеміз. Бір кезде қой үстінде бозторғай ұялаған, сүттей ұйып отырған ел едік, отаршылар мен большевиктердің арам пиғылды саясаты ұлтымызды аздырды, енді өз билігіміз өз қолымызға тиген тұста бақыт пен молшылыққа жол ашылды деп бөркімізді аспанға лақтырдық. Табиғи байлығымыз патриотизмнің бөлек бір түрін – ресурстық патриотизм туғызды. Қоржынында ат басындай алтыны бар қайыршылар бар екенін, ол алтын бұйым, тауар болмайынша байлыққа айналмайтынын, оның кәсіби еңбекпен келетінін енді-енді түсініп келеміз. Ең басты байлық – білім, ең қүшті жанармай – тер екенін заман енді аңғартып келеді.

Отаршылдықта болған ұлттарға тән, бір жағынан жылауық, екінші жағынан, дандайсушылық, бұрынғы ұлттық кемсітушіліктің орнын ұлттық абыройлы іспен емес, лепірме, желікпе мақтанушылықпен толтыруды біз де бастан кешірген сияқтымыз. Тарихты саралағанда барлық пәлені тек сыртқы күштерден деп сөйлеу, ұлтымызды бірыңғай мақтап тек батыр, тек дана етіп көрсету – ұлттық нигилизм сияқты індеттің бірі. Тарихтан өткен ұлт өкілдерін иә періште, иә жексұрын етіп сипаттау да соның көрінісі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласын: «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздік әрі дәйекті елдік саясатымен мәңгі жалғасады», деп қорытындылайды.

Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы,
профессор.

«Egemen Qazaqstan» газетінен.

 

Басқа материалдар

Back to top button