Кездесу

Спорт саласы – мәслихат назарында

Облыстағы спорт саласының дамуын облыстық мәслихат тұрақты назарында ұстап келеді. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстың айқын бір дәлелі – Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік ӨТЕШОВ спорт саласының өкілдерімен онлайн режимде кездесті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау шеңберінде өткен ақпараттық-түсіндіру бағдарындағы бұл кездесуде спорт саласына қатысты күрделі мәселелер көтерілді.

Қазақстан Президенті өз Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Тиісінше, бұл саладағы мәселелерді шешу – жергілікті органдардың басты міндеті. Серік Балғатайұлы жүздесуде қалыптасқан проблемалардың бірқатарын ортаға салды.

– Бүгінгі таңда облыстың дене шынықтыру және спорт жүйесінде біраз мәселе бар. Бұл – спорт залдарына, ғимараттарға және құрал-саймандарға қажеттілік. Ауылдық жерлерде спорт жөніндегі білікті әдіскер мамандардың, спорт ғимараттарын техникалық пайдалану бойынша мамандарының тапшылығы байқалады, – деді облыстық мәслихат хатшысы.

Сондай-ақ, спорт секцияларының, аула клубтарының жұмысын қалпына келтіру, әр аулада спорт құрылымдарын орнату қажеттілігі туралы айтылды. Онлайн-кездесуге спорттық қауымдастықтың 50-ден астам өкілі қатысты.

Қазіргі таңда облыстық мәслихатта құрылған уақытша жұмыс комиссиясы облыстың қалалары мен аудандарына барып, дене шынықтыру мен спорттың жай-күйіне, даму барысына қатысты сараптау жұмыстарын жүргізуде. Осы жылдың маусым айында бұл мәселелер кезекті сессияның қарауына шығарылды.

Басқа материалдар

Back to top button