Жаңалықтар

Спорт – ұлт саулығының кепілі

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау барысында мәслихат депутаттарының ролі үлкен екені айтпаса да түсінікті. Қоғам дамуына үн қосып, аймақтағы өзекті мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысатын, халық пен билік арасындағы алтын көпір болған депутаттардың беделі атқарған шаруасы мен тұрғындардың түйткілді мәселелерінің оңтайлы шешілуіне тікелей байланысты. Қоғамдық мәдениеттің бір бөлігі саналатын дене тәрбиесі біздің облыста да маңызды әрі кезекті IV сессияның қарауына шығарылды. Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы қалалар мен аудандар мәслихаттарының өкілдерімен, дене шынықтыру және спорт басқармасымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені қарастыруда ауқымды жұмыстар атқарды. Арнайы құрылған жұмыс комиссиясы мен жұмыс топтарының қызметі шеңберінде спорт мектептерінің жайкүйі және өңірлердегі дене шынықтыру мен спорттың дамуы туралы тиісті анықтамалар ұсынылғанын айту керек.

Спорт – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты

Жалпы, облыстағы дене шынықтыру мен спорттың даму жағдайына көңіл толады. Жыл сайын спорт саласын қаржыландыру көлемі де артып келеді. Бұл өз кезегінде осы саланы дамыта түсуге екпін беретіні анық. Мысалы, биыл облыстық бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылдармен салыстырар болсақ, аталған көрсеткіштің жыл сайын ұлғайып отырғанын көруге болады. Мәселен, 2019 жылы бөлінген қаржы 11 млрд. 624 млн. 740 мың теңге болса, 2020 жылы 13 млрд. 131 млн. 655 мың теңгеге жетті. Осы саланы қаржыландыру бойынша Шымкент қаласы және Алматы облысынан кейін Қарағанды облысы республика бойынша үшінші орында екенін де айту керек.

Дегенмен, спорт саласын жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар мәселелер бар. Бұл, алдымен, кадр мәселесі.

Жоғары дәрежелі спортшыларды және спорт резервін даярлау үшін облыста 45 ведомстволық бағынысты спорт ұйымдары жұмыс істейді. Яғни, спорттың 73 түрі бойынша 1152 жаттықтырушы-оқытушы 32 896 бала мен жасөспірімді спорт түрлеріне үйретеді. Бұл көрсеткішті одан әрі жоғарылата түсу керек екені мәлім. Осы мақсатта депутаттық корпус жүзге тарта жаттықтырушы-оқытушылар мен әдіскерлерді жұмысқа тартып, мамандар санын арттыра түсуді көздеп отыр.

Халықпен жұмысты ұйымдастыру және спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалану мақсатында облыста спорт нұсқаушылары да тапшылық ететінін айту керек. Әлбетте, осы қажеттіліктер шешілген жағдайда ғана облыс спортын тиісті деңгейде дамытуға мүмкіндік болады. Бұл жағдайда мәселені жалғыз мекеменің шешпейтіні айқын. «Көп түкірсе көл демекші, өңір әкімдерінің қолдауы да аса маңызды. Сондықтан, болашақта бұл мәселені түбегейлі шешіп, спорт нұсқаушыларына деген қажеттілікті жою мақсатында депутаттық корпус жергілікті органдармен бірлесе отырып, қаржыландыру мәселесін жергілікті бюджеттен де қарастыру мәселесін қарастырып, осы бағытта жұмыстар атқаруда.

Спорт мектептерін нығайтуға қомақты қаражат қажет

Қарағандылық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл спортшыларымыздың және жаттықтырушылардың күнделікті ауыр әрі қажырлы еңбектерінің арқасында. Дегенмен, одан бөлек, олардың даярлығы үшін спорттық инфрақұрылымның, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының болуы үлкен роль атқарады. Мәслихат депутаттары облыстағы спорт мектептерін аралап, жай-күйімен танысу барысында қаржыландыруды қажет ететін түйінді мәселелердің бар екеніне тағы бір мәрте көзімізді жеткізді. Олардың қатарында нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету бар.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт мектептерін әлі де болса нығайта түсу керек дейді. Сондықтан, депутаттық корпус дене шынықтыру және спорт басқармасына қаржы басқармасымен және қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, облыста дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін іс-шара жоспары әзірленетін болады.

Бұқаралық спорт – жетістіктер бастауы

Бұқаралық спорт дамымайынша жетістікке жету мүмкін емес. Сондықтан, осы саланы дамытуды басты назарда ұстау қажет. Ол үшін алдымен халықтың жаппай спортпен шұғылдануға деген ынтасын арттыруда облыста спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл жерде, тек, облыс орталығы мен ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерде де спорттың осы түрін дамыту маңызды. Бұл мәселе облыста дұрыс жолға қойылған. Мысалы, 3155 спорт ғимаратының 1230-ы ауылдық жерде. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 59% екенін көрсетті. 2021 жылғы жоспар – бұл көрсеткішті 60 пайыздан асыру. Осы орайда, қала және аудан әкімдері бұл мәселелерді бюджет мүмкіндіктері, мемлекеттікжекеменшік әріптестік тетіктері және «Туған жер» жобасы арқылы шешетін болса, мәселе түбегейлі жойылмаса да, бірқатар дүниелер атқарылатыны кәдік.

Бұқаралық спорттың бел алуына, әрине, мектептердегі спорт залдарының тікелей қатысы бар. Себебі, осы салаға қызығушылық мектеп қабырғасынан бастау алады.

Спорт қолжетімді болуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығын нығайту жөніндегі міндеттердің бірі – балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін қадап айтқан болатын. Осы орайда, облысымызда биыл спорт секцияларын жан басына қаржыландыру негізінде мемлекеттік спорттық тапсырыс тетігі енгізілетінін атап өткен жөн.

Одан бөлек, білім беру саласындағы басқару жүйесі өзгеріп, аудандық және қалалық білім бөлімдері білім басқармасына есеп бере бастады. Осы саланың бюджет қаражаты облыс деңгейінде жинақталады. Бұл ортақ қаражат нақты көмекті қажет ететін оқу орындарына бағытталып, спорт саласын дамытудың оң динамикасы көрінді.

Қолға алынатын шаралар нәтижесінде облыс халқының кемі – жартысы, оның ішінде, балалардың кемі – 80%-ы спортпен шұғылдануы үшін қажетті жағдайлар жасалады.

Депутаттық корпустың араласуы проблеманы шешті

Аймақ мәселесін шешуде халық сайлаған депутаттардың спорт саласына қатысты анықтаған мәселелері – осы. Өңірдегі өзекті мәселелерді жіті қадағалап, назарда ұстау басты міндет болғандықтан, облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 17 маусымдағы IV сессиясының шешіміне сәйкес, депутаттық корпустың пәрменімен облыстағы спортты дамытуға 1 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды.

Одан бөлек, атқарылған жұмыстар нәтижесінде 71 спорт түрі бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыруды енгізу де қолға алынды.

Қол қусырып қарап отырмай, әрекет ету нәтижесінде Қарағанды қаласындағы облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған жүзу спорт мектебіндегі спорт залы мен үйжайларына жөндеу жұмыстарын жүргізуге, гимнастикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне спорттық құралдар мен жабдықтар сатып алуға, облыс орталығындағы шайбалы хоккейден ОРМБЖМ жаттығу аймағында конькимен жүгіру тренажерын және бағдарламалық қамтамасыз етуді дайындауға және монтаждауға, тәрбиеленушілер үшін спорттық киім сатып алуға қаржы бөлінді.

Одан бөлек, облыста олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебін ашу және Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінде қазақ күресі бөлімін ашу жоспарда бар.

Барлық жұмыс, әлбетте, облыста спорт саласының дамуына серпін беріп, бұқаралық спорт деңгейін көтеруге ықпал етері сөзсіз.

Серік ӨТЕШОВ,

облыстық мәслихат хатшысы. 

Басқа материалдар

Back to top button