Басты тақырыпРуханият

Спектакль мазмұны – ғалам індеті

Һақ исламды бетперде етіп, астыртын әрекетке кіріскен ағымдар – қазір жаһандық күш құрылымдарының бас ауыртар бас мәселесіне айналуда. Араб әлемінің мамыражай тұрмысы көзден бал-бұл ұшқалы қашан. Орта ғасырлардан бері Таяу Шығыста тамырын жайып, тұрақсыздықтың құралына айналған бұл ағымдар соңғы он жылда елімізде де ашық бой көрсете бастады. Сондықтан, қазақстандық қауіпсіздік органдары секталарды жою бағытында қарқынды жұмыс жүргізуде. Жұма күні К.Станиславский атындағы орыс драма театрының ұжымы сахналаған «Игра в слепую» спектаклінің де негізгі көздегені осы еді.

Аталған спектакль облыстық дін істері басқармасының тапсырмасымен қойылып отыр. Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу жұмыс жоспарына енгізілген. Тұсаукесер спектакльді алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі тамашалады.

Қойылым мазмұны қарапайым. Бірақ, толғаған тақырыбы салмақты екені сөзсіз.

Мектепте жүріп танысқан екі жас – Сергей мен Самира университет қабырғасында шаңырақ көтереді. Бірі – болашақ дәрігер, бірі – сәулетші. Арманы асқарларға жетелеген қос жас өмір бойы қол ұстасып өтуге серттеседі.

Сөйтіп, олар үйлену тойынан кейін қыдырып, алыстағы Тунис еліне сапар шегеді. Мұнда оларды жергілікті таксист, кезінде Мәскеуде оқыған Ахмет қарсы алады. Орыс тіліне жетік, сыпайы Ахмет олардың іші-бауырына кіріп, тез арада жақын достарының біріне айналады. Қаланы аралатып, көрікті жерлерімен таныстырады. Сондай серуен сәттерінің бірінде Самира террористер ұйымдастырған жарылыстан көз жұмады. Сергей қайғыдан қан жұтып қала береді. Ішкілікке салынып, өзін-өзі басқара алмайтын жағдай жетеді.

Осы сәтте Сергейдің жанынан Ахмет табылады. Басына ауыр қайғы түсіп, тағдырға деген наласын төккен Сергейге жылы сөздер айтып, радикалдық ұйым қатарына тартады.

«Келіншегің Самира мұсылман еді ғой. Бүгінде ол жұмақтың төрінде сені күтуде. Сондықтан, сен де исламды қабылда. Самираны өлтірген қаскөйлер қазір тайраңдап жүр. Солардан кек ал. Сонда сүйіктіңнің жанына, жәннатқа барасың», – дейді Ахмет. Исламнан хабары жоқ Сергей оның сөзіне имандай сенеді. Сүлеймен деген есім алып, Ахметтің жіберген кітаптарын оқып, бейнероликтерін тамашалайды.

Ақыр соңында жарылыс жасау үшін беліне бомба байлап, театрға келеді. Осы жерде ол қандай қателікке ұрынғанын түсінеді. Алайда, тым кеш еді. Сергей жарылыс жасаудан бас тартып, залдан тұра қашқанымен, оны Ахметтің адамдары атып түсіреді. Ал, Сергейдің артында қара жамылып, жалғыз шешесі қалады.

Сценарий авторы – Денис Цветков. Спектакльді сахналауға мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымы қызметкерлері, теолог ғалымдар және діндер өкілдері атсалысқан. Станиславский театры бұл күрделі тақырыпты орыс тілінде республикада бірінші болып сахналап отыр.

Бұл туынды – жастарға ой салар шығарма екені анық. Өйткені, оқиға шынайы өмірден алынған. Залдың басым бөлігінен орын алған жастар спектакльден орасан ой түйіп қайтқаны даусыз. Себебі, кейінгі он жыл төңірегінде елімізде орын алған терактілерге қатысушылардың дені – отызға жетпеген жандар.

Алысқа ұзамай-ақ, былтыр ғана Ақтөбе мен Алматыда орын алған оқиғаларды мысал етсек, жеткілікті. Өмірін енді бастаған өрендер қыршынынан қиылды. Және ондаған жазықсыз жанды жер жастандырды.

Жақында ғаламторда Ақтөбеде лаң салған террористер түскен бейнеролик жарық көрді. Онда Асхат Рахметов и Арсен Таңатаров жасаған істері үшін өкінетінін айтқан.

«Мен жастарға бірінші кезекте әке-шешені тыңдауға кеңес берер едім. Олар баласына жамандық тілемейді. Көшеден естіген ақпаратқа сүйенуге болмайды. Менің анам қазір елуден асты. Осы уақытқа дейін өсірді, бағып-қақты. Енді, мен оған қамқорлық жасайтын шағында түрмеде отырмын», – дейді Асхат Рахметов. Арсен Таңатаров та ағат басқанына қынжылатынын жеткізді.

«Менің сөзімді естіп, адасып жүрген жастар ойланар. Ғаламтордағы дәрістерге илануға болмайды. Сезімге берілмей, барлығын ақылға жүгініп істеу қажет. Егер, сезімге ырық берсең, базбіреулер сені өз әрекетіне пайдалануы мүмкін. Мұнда, тек, сен ғана, сенің отбасың ғана сорлайды», – дейді Таңатаров.

Облыстық дін істері басқармасы театр ұжымына тапсырыс беріп, мезгіл мәселесіне айналып отырған проблеманы көркем шығарма желісімен алып шығуымен ұтып отыр. Арамызда әлі де жат ағымның шылауында жүрген жастар бар екені айқын. Ал, спектакль адасқанға жөн сілтер мазмұнымен салмақты.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button