Жаңалықтар

СОТ әдебінің қағидаттары

     Дана халқымыз «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, ақиқат жолымен жүру, әділ қазылық ету – әрбір судьяның басты парызы. Қазы – халықтың ожданы. Демек, судьяның адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесінен мемлекетіміздің мәртебесі айқындалады деп айтсақ артық болмас. Судья жұртшылықтың сот төрелігі жүйесіне деген сенімін нығайту мақсатында мінез-құлықтың жоғары деңгейін танытуға және оны жетілдіріп отыруға міндетті. Бұл дегеніміз жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот төрелігін қолдау үшін негіз болып табылады. Екіншіден, сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі билік өкілеттіктерін қоғамнан өзіне қабылдай отырып, мінез-құлық әдебінің қағидаларындағы шектеулерді сақтауға ерікті түрде міндеттенеді. Олардың негізінде қазыларымыз кәсіби міндеттерін атқаруы кезінде және күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық және этикалық әдеп өлшемдерін сақтау, сондай-ақ, сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауға тиіс. Мұның бәрі Судья әдебі кодексінің талаптарынан туындайды.

Судья әдебінің кодексі кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және соттан тыс қызметтегі мінез-құлықтың судья үшін міндетті қағидаларын белгілей отырып, сот және судья әдебі нормаларын бұзу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың кәсіби-әдептік стандартын айқындайды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Судьялар одағы жаңа кодекстің жобасын әзірлеуде.

Судья әдебінің кодексі судьяның абырой-беделіне ерекше көңіл аударылып, оның сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданын басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген. Ол өз қызметі арқылы азаматтардың бойында Қазақстан Республикасының Конституциясын, елдің заңдарын құрметтеу сезімін қалыптастырып, заңның үстемдік принципін орнықтыруға тиіс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға, кімнен байқалса да, оның кез келген көріністеріне ымырасыз болуға міндетті.

Судья қызметтік міндеттен тыс кезінде қызмет бабын өзінің жеке басының мүдделері, отбасы мүшелерінің, туыстары мен жақындарының мүдделері үшін пайдаланбауы тиіс.

Сонымен қатар, оның отбасы мүшелеріне байланысты және судьялық міндеттерін орындауына кедергі келтірмейтін істерден өзге, басқа адамдардың істері немесе өзге де заңды мүдделері бойынша өкілетті өкіл ретінде әрекет жасауға құқылы емес. Сондай-ақ, ол құпиялы сипаттағы материалдық мүдделер туралы хабардар болуға және өзінің отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы ақпарат алу мақсатында ақылға қонымды шаралар қабылдауға, жұмыстан тыс кезінде өзін тәртіптілігі мен адалдығына дақ түспейтіндей етіп ұстауы керек.

Судья өзінің дінге қатыстылығын танытпауы тиіс, сондай-ақ, өз қызметін жүзеге асыру, құқық немесе құқықтық жүйе мәселелері бойынша қарым-қатынас кезінде осыған мүдделі, заң шығарушы, атқарушы органдардың, бизнес-құрылымдардың өкілдері болып табылатын белгілі адамдармен қарым-қатынастарда өзінің деңгейін сақтауы керек.

Судья процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болып, кәсіби беделі күмән тудырмайтындай мінез-құлықты ұстануы қажет.

Судья әдебінің кодексі қазақстандық Фемида қызметшілерінің әдеп ережесін реттеп қана қоймайды, осы ережені бұзғаны үшін жауапкершілікті де анықтайды.

Жалпы айтқанда, әңгімемізге арқау болып отырған басты тұлға – судья сот ісін жүргізу қағидатын басшылыққа ала отырып, істерді қарау мерзімін бұзуды қысқарту, сот төрелігінің сапасын арттыру, еңбек тәртібін және судья этикасының нормаларын сақтау, сот беделін көтеру туралы талаптарды үнемі бұлжытпай орындап, антына адал болуы керек.

Е.ҮШБАЕВ,

судья.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button