Соны жоба: Қазақ ғылымы – Қарағанды аймағында

   Қарағандының агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қазақ ғылымы көмекке келмек. Өткен аптада Қарағанды облысының әкімдігі мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылығы өңір ауыл шаруашылығын бірігіп өркендетуге уағдаласты. Яғни, бұдан былай аймақ көлеміндегі барлық ауыл шаруашылығы нысандарында отандық және шетелдік ғылыми жетістіктер кеңінен пайдаланылмақ. Республика тарихында тұңғыш рет қолға алынып отырған пилоттық жобаның арқасында өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқынын еселей түсу көзделуде.

9F6A9477

Әріптестік – ауқымды істің бастауы

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттелік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын ел экономикасының драйверіне айналдыру міндеттелді. Бүгінде сол тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Қарағанды облысы тиісті жұмыстарды бірлесе атқару үшін еліміздегі іргелі білім ордасымен уағдаласып отыр.

Басқосуға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысты. Жиынды ашқан университет ректоры Ақылбек Күрішбаев ме­морандумның маңызы туралы сөз өрбітті.

– Жоғары оқу орны мен тұтас бір об­лыстың агроөнеркәсіп кешені арасындағы мұндай әріптестік байланыс алғаш рет жолға қойылуда. Бұл – Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасының аграрлық саласын жаңғырту жөнінде алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған тұңғыш практикалық қадам, – деді ректор.

Ректор айтып өткендей, әріптестік үш бағытта өрбиді. Яғни, мұнда агроөнеркәсіп кешеніне отандық ғылым жетістіктерін және озық шетелдік технологияны енгізу, саланы білікті жас кадрлармен қамту, облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің заманауи аграрлық біліктіліктерін жетілдіру жұмыстары қол­ға алынады. Өз кезегінде облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облы­сының агроөнеркәсіп кешені бағындырған биіктерге тоқталды.

Астық өндірісіне айрықша қолдау

Бірінші бағыт бойынша егін шаруа­шылығын әртараптандыру, құнарлы азық­тық жем-шөп дақылдарын дайындау­ды ұйымдастыру, дәнді және азықтық да­қылдар тұқымының сапасын арттыру, жылы­жай шаруашылықтарын көбейтуде диқандар ғалымдар еңбегіне жүгінбек.

Бұл тұрғыда былтырғы жыл облыстың ауыл шаруашылығы үшін табысты болғаны белгілі. Жер жыртқан ағайын ауа райының жайлылығы мен ерен енбектің арқасында көл-көсір өнім жинады. Күзгі науқанда 725,7 мың гектар алқаптан астық орылып, нәтижесінде, 1 млн. 14 мың тонна қызыл қамбаға құйылды. Орташа түсім – гектарына 14 центнерден айналды. Бүгінде бұл көрсеткіш өте жоғары меже ретінде тіркеліп отыр.

Аталған жоғары көрсеткішті еңсеруде жаңа технологияларды кеңінен пайда­лану да септігін тигізді. Университет ға­лымдары айтқан ылғал ресурсын үнем­деу технологиясы егістік алқабының 580 мың гектарында немесе 78,3 пайыз аумағында қолданылды. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 29,1 мың гектарға артық.

Ғалымдар бұл жетістікті еселеуге қатысты тың жобалар ұсынды. Бүгінде ҚазАТУ шетелдік университеттермен әріп­тестік орнатқан. Солардың бірі – АҚШ-тағы Калифорния Дэвис университеті. Әлемдегі алдыңғы қатарлы ғылыми ор­талықтар қатарынан орын алатын бұл университет бұған дейін Чили, Малайзия, Сингапур сынды мемлекеттердің ауыл шаруашылығын көтеруге күш салған екен. Қазіргі таңда Қытай елінде табысты жұмыс істеуде. ҚазАТУ Қарағанды облысының ауыл шаруашылығын дамытуда осы университеттің ғылыми тұжы­рымдарын кеңінен қолданбақ.

Яғни, жер өңдеу бойынша университет ғалымдары облыстың климаттық ахуалына қарай зерттеулер жүргізеді. Соған сәйкес, өнімді мол бере алатын дақылдарды анықтайды. Мұнда Арқаның ауа райына мейлінше төзімді сұрыптарды егу арқылы жиналатын өнім көлемін арттыру көзделуде.

Сондай-ақ, көктемгі және күзгі егін науқандарында ғарыштық технология­лар қолданылмақ. Арнайы аппараттар арқылы егілген немесе орылған егіс­тік көлемі нақтыланады. Бұл әдіс жер­дің рационалды пайдаланылуын бақы­лауда ыңғайлы. Жауапты органдар осы­ның арқасында шынайы атқарылған жұ­мыс көлемінен дер кезінде ақпарат алып отырады. Бұл бағытта АҚШ-тың ға­рыш саласындағы кәсіпорындарымен ке­ліссөздер жүргізілуде.

Төрт түлікті түлету

жолында

Мал шаруашылығында асыл тұқым­ды мал санын арттыру жұмыстары ат­қа­рылмақ. Ғалымдар мұнда ірі қара мен қой тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлуде. Аймақтағы бірқатар шаруа­шылықтарда емдеу және ұрықтандыру жұмыстары ғалымдардың қадағалауымен жүзеге асырылады. Мал азығын жасақ­тауға ерекше назар аударылады.

Былтырғы көрсеткіштерге қарағанда, Қарағанды облысында төрт түлік көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы аймақтағы сиыр 3,3 пайызға артып, 488,1 мыңға жетті. Жылқы саны 4,5 пайызға өсті. 256,3 мыңды құрады. Сондай-ақ, қой мен ешкі – 1014,6 мыңды еңсерді.

Асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған шаруашылықтар көбейе түсті. Облыс аумағында 101 шаруашылық 15 мың асыл тұқымды ірі қараны бағып отыр. Бұдан бөлек, 10 қожалықта 37,5 мың асыл тұқымды қой, 8 шаруашылықта 4 мың асыл тұқымды жылқы бар.

Университет ғалымдары осы қолдағы мал тұқымын одан әрі асылдандыруды ауқымды түрде жүргізуді жоспарлау­да. Асылдандыру жұмыстары өңір та­би­ға­тына төзімді тұқымдарды іріктеу ар­қылы атқарылмақ. Мемлекет қолдауын барынша тиімді пайдалану жолдары қарас­тырылады. «Алтын асық», «Құлан» және «Сыбаға» бағдарламалары негізінде асыл тұқымды мал санын арттыру жөнінде мақсат қойылуда.

Ауылға кел,

жас маман!

Әріптестіктің екінші бағыты – ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығын жою. ҚазАТУ – сала мамандарын дайындайтын еліміздегі маңдайалды университет екені белгілі. Сондықтан, саладағы келеңсіздікті жоюда септігі тиері сөзсіз. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында 84 ветеринар дәрігердің орны бос тұр. Соның салдарынан, мал ауруларының алдын алуда жұмыс күші жетіспеуде. Бұл орайда, Шет ауданы мен Ақтоғай ауданындағы күйдіргі дертіне қатысты былтырғы оқи­ғаны айтсақ жеткілікті. Ақылбек Күріш­баев Қарағанды облысындағы кадр тап­шылығын жоюға университет тарапынан күш салынатындығын айтты.

Және бір айтары, былтыр аталған университеттің 15 түлегі Қарағанды облысына жолдама алыпты. Ректор биыл олардың қатары арта түсеріне сендірді. Сондай-ақ, биылдан бастап университет студенттері көктемгі сақман және күзгі жиын-терім науқанында өндірістік тәжірибеден өту үшін Қарағанды облысына жолданатын болды. Бұл, бір жа­ғынан студенттердің теориялық білімін іс жүзінде жетілдіруіне мүмкіндік берсе, екіншіден, облыстағы жұмыс күшінің тап­шылығын уақытша болса да азайтуға септігін тигізеді.

Білімді фермер –

гүлденген өңір

Меморандумның үшінші бағыты бо­йынша ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілердің біліктілігін көтеруге қатысты жұмыстар атқарылады. Мұндағы оқыту жұмыстары университет базасында да, өңірлерде де жүргізіледі.

– Университет оқытушылары аймақ­тағы барлық фермерлер мен диқандарды қам­ти алмайтыны белгілі. Сондықтан, біз жекелеген шаруашылықтарда дәріс­тер өткізіп, шаруашылықты табысты жүр­­­гізу тәсілдерін көрсетеміз. Ал, өзге шаруа­­шылықтар басшылары олардың тә­жі­рибесіне қарап, меңгеріп кетеді деп ойлаймын. Бұл іске біз шетелдік әріп­тестерімізді де тартуды жоспарлап отырмыз. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шетелдік озық үлгілерді игеруде мүмкіндігі зор болмақ, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Балық шаруашылығына – байыпты көзқарас

Аңшылық және балық шаруашылығын өркендету ісіне ғалымдар көмектеспек. Олар өңірдегі орман-тоғайлар мен суқой­маларын зерттеуге алады. Соған сәйкес, аңшылық, тауарлы-көл және тоған шар­уа­шылықтарын жүзеге асыруға болатын орындарды анықтайды. Аталған су­­қоймаларындағы балықты көбейту үшін уылдырық өндірісін жандандыруға жәр­демдеседі. Аңшылық және балық шаруашылығы нысандары жұмысын тиім­ді дамытуға қатысты ұсыныстарын таныстырады.

Қарағанды облысында балық шаруа­шылығын өркендетуге қатысты ілкімді жобалар баршылық. Мәселен, Бұқар жырау ауданындағы «Караганда Осетр» ЖШС қа­зіргі таңда тауарлық бекіре балығын өсіру ісі қолға алды. Құны – 583,7 млн. теңгені құраған бұл жоба бұрын-соңды облыс көлемінде болмаған. Алдағы уақытта ҚазАТУ ғалымдарының септесуімен осындай кәсіпорындардағы технологияны жаң­ғыртып, экспортқа шығатын балық өнімі көлемін арттыруға жұмыс жасалады.

Кооперативтерге

көмек мол

Биыл Қарағанды облысында 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақ. Бү­гінге дейін 5 кооператив жұмысын бастады. Наурыз айының соңына дейін 15-ін құрылып, жыл аяқталғанша тағы 22-сі тиісті жұмыстарына кіріспек. Бұл мақсатта мемлекеттен 3,5 млрд. теңге бөлініп отыр.

Былтыр Қарағанды аймағында 8 кооператив құру көзделген еді. Іс барысында олардың саны екі есеге ұлғайып, 17-ге жетті. Кооперативтердің тиімділігі сол, ұсақ шаруашылықтар біріге отырып, мемлекеттік қолдауға ие бола алады.

Енді, осы кооператив құру жұмыстары да тікелей ҚазАТУ мамандарының қаты­суымен жүргізіледі. Олар кооператив құрудың экономикалық негіздерін жобалауда, қаржы институттарынан несие алуда, мемлекеттік қолдауға қол жеткізуде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмауда шаруаларға жәрдемдеседі. Құ­рылып үлгерген кооперативтерге ма­ңызды экономикалық мәселелер бойынша кеңес береді.

Өркендеу кілті –

ғылымда

Қарағанды аймағының астықты өңірі Нұра ауданындағы «Шахтерское» ЖШС – тасы өрге домалаған кәсіпорын. Былтырғы науқанда гектарына 14,2 центнерден бидай алды. Дегенмен, жиында сөз алған шаруашылық жетекшісі Георгий Прокоп түсімді бұдан әрі молайту үшін ғылымға сүйену қажеттігі туындап отырғанын айтты.

– Біздің шаруашылықта әртарапты өсімдік шаруашылығын жүргізуге қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Дәнді және майлы дақылдарды, бұршақ тұ­қымдастарды, картоп пен көкөніс өсі­реміз. Техникалық парк заманауи техника күшімен жабдықталған. Бірнеше жыл­дан бері гектарына 14 центнерден артық өнім алып келеміз. Бірақ, біз үшін бұл жеткіліксіз. Мақсатымыз – гектар түсімін 20 центнерден еңсеру. Бұ­ған біздің өз мүмкіндігіміз жетпейді. Сон­дық­тан, университет ғалдымдарын өз шаруа­шылығымызда қуана-қуана қарсы аламыз, – деді Георгий Прокоп.

Жиын соңында облыс әкімі Нұр­мұхамбет Әбдібеков пен ректор Ақыл­бек Күрішбаев әріптестік жөніндегі ме­мо­рандумға қол қойды. Сәйкесінше, осы көктемнен бастап университет ғалым­дары Қарағанды өңіріне келіп, дән себу науқанына ғылыми бағытта қолдау көр­сетпек. Өзге де салалардағы шаралар ретіне қарай жандана түспек.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҚАРАҒАНДЫ – АСТАНА –

ҚАРАҒАНДЫ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.