Жақсының аты өлмейді

Соңғы көш көшіп барады…

Қарашаңырақтың 90 жылдық мерейтойына дайындалып жатырмыз ғой. Ат төбеліндей ғана ардагерлерімізді ардақтап, жарық көргелі жатқан жинағымызға бір-бір естеліктерін алмақшы едік. Жаңаарқа ауданындағы Ұзақбай Мұқышевті іздегенбіз. Аудандық газеттің редакторы Салтанат Ералина замандасымыз Ұзағаңның Алматыда – баласы Жандостың қолында тұрып жатқанын жеткізді. Қайтсін, бәйбішесі өмірден озғалы да он жылдан асып барады. Ай аралатып елге келіп тұрады екен. Хабарласа алмадық. Жолымыз түйіспеді. Бір күні жұмыс телефоным безілдеп қоя берсін. Көтердім. Бейтаныс үн құмығып шығады.

– Есімім – Жандос. Сіздердің ардагерлеріңіз Ұзақбай Мұқышевтің баласымын, – дегенде қуанышым қойныма сыймай кеткен. Бірақ, қуанышым ұзаққа бармады. Осыдан 15 күн бұрын Ұзағамның өмірден өткенін жеткізді. Абдырап қалдым.

– Уақытында неге хабарламадыңыздар? Қарашаңырақтың қазынасындай, қадіріндей болған ақсақалымыз еді ғой. Бір уыс топырақ сала алмадық-ау, – деп, баласына көңіл айтқанның орнына кінәлай жөнеліппін.

Ардақты ағаның асыл бейнесі көз алдымда сағымдай бұлдырап, алыс күндерге шығандап кеткен ойымды жинақтап алғаннан кейін барып ыңғайсызданып жатырмын. Қаралы хабар жеткізген қара телефонның тұтқасын қойдым да, ойға шомдым.

…Дер уағында хабар жеткізе алмаған туғандарын жазғырып, не қылайын?! Ел басындағы ауыр індет есімізден тандырып, саналарды сансыратып жіберді емес пе?!

…Ұзақбай аға! Қайран, Ұзағам! Сіз де осы бір ауыр індеттің құрығына іліккен екенсіз-ау…

Жандос солай айтты ғой. Қалай? Неге? Ауыр қазаның салмағына өлшем бола алмайтын, бірақ өз-өзіңе қоя беретін сансыз сауалға жауап таппай дағдарым. Соңғы. Ұзағаммен соңғы рет қашан кездестім? Ол да ойымда жоқ. Пендеміз ғой, өйткені… Арқа корифейлерінің соңғы тұяғы. Соңғы жазба. Соңғы көш. Соңғы көш демекші, бұл көштің басында кім бар еді? Жалпы, Жаңаарқа жабырқап тұр. Осыдан 40 күн бұрын Ұзақбайын ақтық сапарға шығарып салған. Кеше ғана осы топырақтан түлеп, тұтас Алаш рухының алдаспанына айналған Қирабайдың Серігін Жер-Анасы құшағына алды. Көңілдеріңізге келмесін, Ұзақбай ағаны «Арқа корифейлерінің соңғы тұяғы» дегенде мен Жаңаарқа жампоздарын айтып отырмын. Әрідегі Байдалы би, Сәкендерден бастап, кешегі Ісләм Жарылғапов, Ақаңдарды (Ақселеу Сейдімбек) қоспағанның өзінде, тура Жаңаарқаның өзінде сөз ұстаған рух шырақшылары бір шоғыр еді. Асан Жұмаділдин, Бұқпа Әшімов, Қалиакпар Әбілдин, Хамит Жаманов, Хамит Дәрібаев, Қашқынбай Сейсекеев, Дүйсенбай Жұмасейітов, Атымтай Оспан…

Жасы жағынан осы тізімнің жуан ортасынан орын алған Ұзақбай аға көшті жалғаннан. 2014 жылы Ұзағам мерейлі 75 жасқа толғанда, «Менің редакторым» деген эссе жазған екенмін. Иә, Ұзағаң – менің редакторым. Ең алғаш 1989 жылы алдына барыппын. Небәрі 15 жастағы мектеп оқушысымын. Шатпақтап жазған хабар-ошарымды, тақпақтап жазған өлеңсымағымды қолтықтап, аудандық «Жаңаарқа» газеті редакциясының табалдырығын аттаған едім. Жоғарыда есімдері аталған қаламгердің барлығы – редакцияда. Ол кездегі «Жаңаарқа» газеті «Жұлдыз» журналындай болмаса да, қазіргі «Қазақ әдебиетіндей» қауқарлы болатын. Бір ғана Асан Жұмаділдинді алыңыз. Сонау 60-шы жылдары қазақ әдебиетінің бүгінгі көзі тірі классигі Мұхтар Мағауинді әдеби орта мойындамай тұрғанда, қаламгердің «Тазының өлімі» атты повесіне рецензия жазып, «Ұлт әдебиетіне талантты жазушы келді» деп сүйіншілеген Асекең еді ғой. Сол мақаласы «Жаңаарқа» газетінде де, біздің «Орталықта» да жарияланыпты. Айтқандай-ақ, мен тізбелеп шыққан әлгі тізімдегі ардақтыларымның дені – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері. Мен аудандық газетке алғаш мақала беріп, мектеп тілшісі болып таныла бастаған жылдары осы мүйізі қарағайдай қасқалардың бас редакторы Ұзақбай аға болатын. Сондықтан да, ол кісі – менің алғашқы редакторым. Мен бас редактордың кабинетіне Қалағаң (Қалиакпар Әбілдин) бастап барды. Дембелше келген, маңдайы кере қарыс, елуді еңсеріп қалған жігіт ағасы құрақ ұша қарсы алып, жылы қабылдады. Сол бір сәт жадымда мәңгі сақталар. Мектеп оқушысын аудандық газеттің бас редакторы қабылдай қойғанын айтыңыз… Ұзақбай аға сол қарапайымдылығынан айнымай кетті. «Нұр тұнған Жаңаарқа» кітабын жақында тағы бір парақтап шықтым. Еңбек адамдарының шынайы портреті! Шалғайдағы малшының белуардан кешкен бейнеті, қырмандағы қарбалас, бірінен кейін бірі жалғасқан қауырт науқан… Осының барлығы шыныдай шынайылықпен, асқан шеберлікпен суреттелген. Жүректі сағыныш тербейді. Ұзақбай аға көп жаза қойған жоқ. Ара-тұра беретін «Бас редактор бағаны» мен бас мақаласы болмаса, есімі газеттің соңғы бетінен ілгері беттерге көп шыға қоймайтын. Бір кездескенімде: «Е, қарағым, жазғым-ақ келді. Әттең, алтын уақытымды газеттің қара жұмысы мен райкомның бітпейтін жиналысы жеп қойды ғой. Одан қалды, науқан  кезінде аупарткомның өкілі болып, дала кезіп кетесің», – деп мұңайғаны бар.

Сол мұңы шерге айналып, осыдан 40 күн бұрын тіршілік шеңберінен де жырақтады. «Орталықта» Жаңаарқа ауданы бойынша меншікті тілші болып жүрген жылдары өндіртіп жазған. Аудан өмірінен жазылған қысқа хабар, шұғыл ақпараттан бөлек ел тарихы мен жер тарихын тереңнен толғап жазып жүрді де, бір күні зейнет демалысына шығатынын айтты. Мағаш ағам екеуі рухтас дос еді. Бас редактордың «Жүре тұрыңыз, Ұзеке» дегеніне қараған жоқ. Бір ғана уәж айтты. «Зейнетақыға сеп болатын артық ақша кімге керек жоқ дейсің?! Жас ұлғайып, өзім шау, қаламым шабан тартқан шағымда жастармен жағаласқаным да жөн болмас. Оның үстіне, жазған-сызғанымды жас балалар түзеп-күзеп, сынап-мінеп жатса ше?», – деді де, тартып отырды.

Сол кеткеннен қайрылмады демейміз. Сақтаулы сыбағамызды арқалап, мереке-мерейтойларда ортамыздан табылушы еді, жарықтық. Ұжымда осы мәрттігімен құрметті болып қалған. Ал, Ұзағаңның кейбір замандастары әлі де төрге ұмтылып, аз-маз тиын-тебен үшін абыройын саудалап жүр. Сондықтан да, өз басым тұңғыш редакторымның кірлемей кеткен кірпияз болмысын құрметтеймін!

…Соңғы. Иә, көбісі жасарын жасап, жазарын жазып кетті демесеңіз, жоғарыда аталған Жаңаарқа жампоздарының орны ойсырап тұр. Арасында Дүйсенбай, Қашқынбай, Атымтай көкелерім сияқты тым ерте кеткендері бар. Соңғысы осы Ұзағам еді. Соңғы көш көшіп барады… Елден белге көшті Ұзағам. Бақұл болыңыз, баспасөз баһадүрі!

Ерсін МҰСАБЕК.

Back to top button