Жаңалықтар

Әскери қызметім де сумен байланысты болды – Су ресурстары және ирригация министрі

Бүгін елімізде Отан қорғаушылар күні атап өтілуде. Бұл — ерлік пен батырлықтың, отансүйгіштік пен азаматтық борышты өтеудің айқын көрінісі ретінде ел жадында қалыптасқан маңызды мереке. Осыған орай, Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, өз тілегін білдірді.

Сурет ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінен

– Бұл күн – ел қорғаған ерлердің ерлігіне тағзым ететін, жас ұрпаққа үлгі болатын айрықша күн. Ол біздің басты құндылықтарымыздың бірі — Отанға деген шынайы махаббатты білдіреді. Өз өмірін Отанымызды қорғауға арнаған әрбір азаматқа шын жүректен күш-қуат, қажымас жігер, зор денсаулық, табыс пен бақыт тілеймін, – деді министр.

Министр өзінің де әскери борышын өтегенін, қызмет жолының бастауы тікелей сумен байланысты болғанын атап өтті.

– Әскери-теңіз флотында үш жыл қызмет атқарып, сүңгуір қайықтағы матростан Бас старшина шеніне дейін көтерілдім. Солтүстік Мұзды, Атлант және Жерорта теңіздеріндегі оннан аса жауынгерлік кезекшілік мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Бұл жылдар маған тәртіп пен табандылықты, еліңе қызмет етудің маңызын үйретті, – деді ол.

Министр бүгінде су ресурстарын басқару мен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар сала екенін ерекше атап өтті. Сол себепті осы салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегі құрметке лайық екенін жеткізді.

– Ел игілігі үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген су мамандарына шын жүректен алғыс айтамын. Олардың жауапты қызметі – еліміздің болашағы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Жерімізде әрдайым тыныштық пен құт-береке орнасын. Шаңырақтарыңызда балалардың шат күлкісі естіліп, отбасы амандығы мен бақ-береке жолдас болсын! Мереке құтты болсын! – деді Су және ирригация министрі.

Басқа материалдар

Back to top button