Жаңалықтар

«Синтетика» сананы улайды

Нашақорлық қоғамға кесірін аз тигізіп жүрген жоқ. Бұл дертпен «ауырған» адамның баратын жері белгілі, бірақ соған дейін қылмыстық əрекеттер жасап, қоршаған ортаға, адамдарға залалын тигізеді. Қазір табиғи есірткіден гөрі жасанды препараттардың айналымы артуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі жəне жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мəселе туралы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, əсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», – деген еді.

 

Жалпы, елімізде есірткімен күрес – белсенді. Полиция қызметкері дəрігерлер өз саласына жауапты қарап, еліміздің болашағы үшін күресуде. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев нашақорлыққа жəне есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары туралы ақпарат ұсынды.

«Денсаулық сақтау министрлігі – сегіз іс-шараның негізгі орындаушысы жəне тоғыз іс-шараның бірлескен орындаушысы. Кешенді жоспарда халықтың хабардар болуын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында халықтың барлық топтарының арасында кең ақпараттық науқан жүргізу көзделген. Кешенді жоспарға өңірлік жəне республикалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, қызметті қаржыландыру тəсілдерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар енгізілген» делінген жоспарда.

Дəрігерлердің айтуынша, химия лық препараттар ойлау жүйесіне кері əсер етеді, есте сақтау қабілетін жояды. Ұйқыға да орасан кері əсерін тигізеді. Есірткіге тəуелді адамдардың көбі бір айдан аса уақыт бойы есірткісіз ұйықтай алмайтын жағдайға түсетін жайттар да жиі кездеседі.

– Бұл өсімдік есірткілерінен де қауіпті. Өсімдік есірткісін пайдаланып көргендердің ішінде жүре келе ес жиып, зиянды заттан біржола бас тартып, дұрыс жолға түскендер бар. Ал, синтетикалық есірткіні бір рет пайдаланған адам бірден тəуелді болып қалады. Мұның дəмін татқан адамға алғаш жоқ жерден ерекше қайрат бітеді. Бір рахат күйге, алдамшы сезімге бөленеді. Бірте-бірте галлюцинация пайда болып, көзіне неше түрлі құбыжықтар елестеп, əр сəті азапқа айналады. Есірткіге тəуелді адамдарда жақынына, тіпті туған анасына деген жанашырлық сезім болмайды, – дейді дəрігерлер.

Тіпті, елімізде синтетикалық есірткіге қарсы Айтөре Жолдасқалидың режиссерлігімен «Sheker» атты сериал түсірілді. Бұл сериал 2020 жылы көгілдір экранға жол тартты. Көптің көңілінен шығып, ойға қонымды пікірлер қалыптастырды. Бұл дегеніміз, елімізде есірткіге қарсы жастардың өсіп келе жатқандығын аңғартады.

Есірткіге тəуелді адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру ремиссияның мерзімі мен ұзақтығын бекітуге жəне толық емделуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін медициналық-əлеуметтік оңалтумен тікелей байланысты.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 3 кезеңдік бағдарлама тек 11 өңірдегі пациенттер үшін қолжетімді. Қалған 9 өңірде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық-əлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Ресми статистикалық деректерге сəйкес, Қазақстанда психоактивті заттарды қолданудың салдарынан динамикалық бақылауда – 108 851 адам, оның ішінде алкогольге тəуелді – 90 608 адам, есірткіге тəуелді 18 243 адам тұрады. Есірткіге тəуелді адамдардың арасында 1 498 əйел жəне кəмелетке толмаған 97 бала бар.

Аққайың СЕРҒАЖЫ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің II курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button