Бас тақырыпРуханият

Симфония оркестріне Еркеғали Рахмадиевтің есімі берілді

МАМЫРДЫҢ СОҢЫ, ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫМЕН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ СИМФОНИЯ ОРКЕСТРІ ХХХVІ КОНЦЕРТТІК МАУСЫМЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫНА ОРАЙ КЕШ ӨТКІЗІП, АТАЛҒАН ОРКЕСТРГЕ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, КСРО ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ ЕРКЕҒАЛИ РАХМАДИЕВТІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ. МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКСОЙ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ ДҮЙСЕН ҚАСЕЙІНОВ, ОРКЕСТРГЕ ЕСІМІ БЕРІЛІП ЖАТҚАН КОМПОЗИТОР ҰСТАЗДЫҢ ЖАРЫ КЛАРА РАХМАДИЕВА ҚАТЫСҚАН ШАРА ОБЛЫСТАҒЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ ОҚИҒАҒА АЙНАЛДЫ ДЕСЕ БОЛАДЫ.

«Шалқыма» концерт залының іші-сырты рухқа толды бұл күні. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфония оркестрі бұдан былай ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, мемлекеттік консерваторияны 8 жыл бойына басқарып қана қоймай, 27 жыл Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы болған КСРО Композиторлар одағының хатшысы, Мәдениет министрі қызметін атқарған Еркеғали Рахмадиев атында. Мәдениет пен өнерге еңбегі әбден сіңген тұлға есімі облысымыздағы оркестрге берілгені Арқа ғана емес, Алаш жұртының абыройы мен мерейі десе жарасады. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікте Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі бар еді, енді міне, күй атасы есімімен қатар симфониялық оркестрге Еркеғали Рахмадиев аты берілді. Отыз жылдан астам тарихы бар оркестр біздің облыс былай тұрсын, республикада беткеұстар ұжымдардың бірі емес, бірегейі екенін ел білетін шығар. Ал, есімін алып отырған Еркеғали Рахмадиев шығармалары оркестр репертуарынан мықтап орын алғанын айтып жатудың өзі артық. Музыка өнеріне қосқан өлшеусіз еңбегі үшін 2005 жылы «Жыл адамы» танылған Еркеғали ағамыздың ол шығармаларын оркестр Қазақстан төңірегінде ғана емес, гастрольдік сапарларында шетелдің атақты сахналарында да қоятынын айтады. Мәдениет пен руханият көкжиегін кеңітті деген сол емес пе? Еркеғали Рахмадиұлының «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай хан» сынды алты операның, оркестрлік, вокалды-хор, театралды-сахналық, камералық-аспапты көптеген туындылар мен әндер және романстар авторы екендігін айтса да жеткілікті. Осындай зор еңбекке ие тұлға есімін облыстағы маңдайалды симфониялық оркестрге салтанатты түрде беріп, ұжымға соны куәландыратын сертификатты облыс әкімі Ерлан Қошановтың өзі табыстады.

«Облыс мәдениеті мен өнерінде бұл симфониялық оркестрдің орны ерекше. Бізге әлемдік құндылықтарды алып келген де осы оркестр. Елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде танымал өнер ұжымы. Бүгін мұнда симфониялық оркестрдің өнерін тамашалауға ғана емес, осы ұжымға байланысты жақсы себеппен жиналып отырмыз. Бүгін Еркеғали ағаны еске алу кеші. Біз үшін ол кім?

Ол – ұлт өнерін ең биік деңгейге көтерген алып тұлға, симфониялық жанрдың негізін қалаушы. Ұлттың үнін, рухын, жігері мен қайратын шын мәнінде шедеврге айналдырған адам. Туындыларының бәрі бүгінде «Алтын қорымызда» сақтаулы.

Ол – феномен. Ұлттық музыканы жаңғыртып, 6 опера жазған бұрын-соңды қазақ болған жоқ. Ондаған дауысты симфония мен кантата жазып, ЮНЕСКО бойынша мойындалған тұлға бізде бұрын-соңды болған жоқ.

Ол – қайраткер. Еліміздің алғашқы Мәдениет министрі бола тұрып, ең қиын жылдары талантты әртістерді, ұлттық ұжымдарды, ондаған театр мен музыкалық оқу орындарын сақтап қалды. Оның ішінде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік және дәл осы симфониялық оркестрді де сақтап қалды.

Ендеше, Еркеғали Рахмадиевтің ардақты есімін Қарағанды симфония оркестрінің иемденуі заңдылық деп білемін» деген Ерлан Жақанұлы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырзаға сөз кезегін ұсынып, композитордың жары Клара Рахмадиеваға жұбайының портретін сыйлап, иығына шапан жапты. Аталған лауазымды тұлғалар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, халыққа құтты болсын айтты. Әрі қарай Еркеғали Рахмадиев атындағы симфония оркестрі автордың скрипканың оркестрмен ойнауына арналған «Дайрабай», «Қыз қуу» сынды симфониялық күйлерін, «Таң самалы», «Бала ғашық», «Жаса, Қазақстан» вокалды шығармаларын, «Қамар сұлу» операсындағы Қамар мен Ахметтің дуэті, «Алпамыс» операсындағы Гүлбаршын ариясын, тағы басқа туындыларын орындап кете барды.

Симфония оркестрі ХХХVІ концерттік маусымының жабылуы осындай ұлы кешке ұласты.

Оркестрдің дирижер-көркемдік жетекшісі әрі Бас дирижері – бүкілресейлік конкурстар лауреаты Петр Грибанов.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button