Білім

Сиқырлы кітап әлеміне саяхат

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы дәстүрлі «Қарағандының алғашқы кітапханасы» атты ашық есік күнін өткізді. Шара кітапхананың талғампаз оқырмандарын көбейту, оларды бөлімдер ұсынатын қызметтер мен жаңа ақпараттық мүмкіндіктермен таныстыру, кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатын көздеді.

Суреттер кітапхананың мұрағатынан

Студенттер таңертеңнен бастап, қызықты және танымдық бірнеше алаңда бір уақытта өтіп жатқан «Таныс және бейтаныс кітапхана» ақпараттық минутына, тақырыптық кітап көрмелерге, шолулар мен блиц-сауалнамаларға, зияткерлік-танымдық ойындарға һәм фотосессияға қатыс­ты.

Фойедегі ұйымдастырушылық қамтамасыз ету бөлімі дайындаған стендте «Бізге – 90 жыл!» тілек бұрышы ұсынылды. Келушілер оған кітапханаға деген құттықтауын, тілегін, алғысын және ескертулерін жазып қалдырды.

Бұдан бөлек, кітапханаға жазылғысы келетіндерге оқырман билетін тегін рәсімдеу мүмкіндігі берілді. «Менің кітапханам» атты қызықты блиц-сауалнаманы, «Таныс және бейтаныс кітапхана» ақпараттық сағатын және «Буккроссинг – еркін кітап аймағы» қызықты буккроссингін құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімі дайындаған.

Олар келушілерге көрсетілетін қызметтер мен кітапхана қорлары, каталогтар, оның ішінде, электронды каталог, кітапхана сайты мен блогы, кітапхананың әлеуметтік желілердегі белсенділігі туралы кеңінен ақпарат берді.

Ал, кітап сақтау бөлімінің қыз­меткерлері ұсынған Әл-Джами Абдурахманның «Араб тілінің грамматикасы» (1491 жыл), орыс және шетел әдебиеті классиктерінің XIX-XX ғасырдағы Фолианттар (алыптар): «Азия Ресейінің атласы» (1914 жыл), Джон Милтонның «Жоғалған және қайтарылған жұмақ» (1895 жыл) кітаптары және «Титаник», «Египтология», «Айдаһартану», «Мумиялардың жұмбақтары», «Жауынгерлер» атты еңбектер жұрттың қызығушылығын туғыз­ды.

Көрменің көрігін факсимильді және миниатюралық басылымдар қыздырды. Өлкетану әдебиеті бөлімінің қызметкерлері студенттерге Қарағанды қаласының құрылуы мен даму тарихы жайлы экскурсия өткізді. Балалардың назарына кеншілер шаһары туралы сирек кездесетін және бірегей кітаптар, жазушылар мен ақындардың қолтаңбалары қойылған туындылар ұсынылды.

Студенттер үшін «Ойла, ойна, жең» викторина ойыны өткізіліп, онда қала тарихы туралы көптеген сұрақ қойылып, балалар аймақтың тарихын ерекше білетіндігін байқатты. Экскурсиядан соң студенттер өлкетану әдебиеті бөлімінің ішінде құрылған жастарға арналған «Ой орда» пікірталас клубының жұмысына қатысты.

Шараның халықаралық кітап бөлімінде «Халықаралық кітап бөлімінің тілдік панорамасы» атты сұхбат өткізілді. Ашық есік күніне келген Орталық Қазақстан Академиясының шетел филология­сы және аударма ісі факультетінің студенттері белсенділік танытты.

Студенттер мен оқушылар үшін халықаралық кітаптар топтамасының бай қорымен танысуға, сондай-ақ, әлемнің түрлі тілдері мен мәдениеттері туралы білуге тамаша мүмкіндік болды. Әңгімелесу барысында ұсынылған әлемдік әдебиет, мәдениет және тілдер саласындағы әдеби викторина қызықты ойын түрінде өрбіді.

Одан бөлек, Америка бұрышының үйлестірушісі бұрышта өткізілетін қызықты іс-шаралар туралы ақпаратпен бөлісті. Speaking Club, Sign language және басқалары сияқты ымдау тілі сабақтарынан жұрт назарына үзінді ұсынылды.

Өнер туралы әдебиеттер бөлімі «Шеберлер клубы» қатысушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесін өткізіп, осы клубтың қызметі мен іс-шаралары туралы баяндады. «Шығармашылықтың сиқырлы әлемі» атты қолдан жасалған бұйымдардың көрмесі қонақтардың көңілінен шықты. Балалар өнер бағытындағы кітап және альбомдармен, бірегей «Ретро пластинкалар коллекциясымен» танысты. Өткен ғасырдағы В.Цойдың, «Дос Мұқасан» ансамблінің орындауындағы әндер, классикалық музыка студенттерге ерекше әсер сыйлады.

Абонемент бөлімі жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін өз жұмыстарымен таныс­тырып, «Ұлы даланың тарихи тұлғалары», «Көркем шығарма шебері», «Ақынның тағдыры мен шығармашылығы» атты көрмелер бойынша шолу өткізді. Кітап­хана қорына келіп түскен «Ой маржаны – кітап» атты жаңа әдебиеттер топтамасын таныстырды. Қарағанды машина жасау колледжінің I курс және Қарағанды медициналық колледжінің емдеу ісі факультетінің 1-Ф3-9 тобының студенттеріне «Көп оқитын адам көп біледі!», «Әдебиет және кино» викториналары ұсынылды. Студенттер сұрақтарға жауап беріп, көптеген қызықты ақпарат алды.

Экскурсияға келген балалар оқу залы бөлімінің жұмысымен «Танысайық» атты алаңмен және Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әділ Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған көрмемен мұқият танысты.

Ашық есік күні аясында «Кешірілген кітап апталығы» акциясы жарияланып, оқырмандар үйге оқуға алып, уақытылы тапсырмаған кітаптарын айыппұл төлемей кітапханаға қайтару мүмкіндігіне ие болды.

Осылайша, ауқымды ашық есік күні аясында өткен қызықты әрі танымдық шаралар кітапхана оқырмандарына, қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

– Шара ауқымды түрде ұйымдастырылған екен. Кітапхананың барлық бөлімін аралап шықтық. Кітапханашылардың еңбегі шынымен де орасан екен. Көптеген тың дерекпен таныстық. «Кітапханашылар кітап оқып отырады» деген сөздің бекер екеніне көз жеткіздік. Студенттер және мұғалімдер кітапханаға жазылды. Енді тұрақты түрде келіп тұрамыз. – дейді «Болашақ» жоғарғы колледжінің оқытушысы Қайрат Иманбек.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button