Шырайлы шара – ыстық ықылас

Кеншілер Мәдениет сарайында көңілдерді көркем еткен шуақты мереке – Әйелдердің Халықаралық күніне орай,  атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Тартымды шараны қалың қауыммен бірге облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ та тамашалады.

Концерт шымылдығы джаз оркестрінің әуезді әуенімен түрілді. Оның сүйемелдеуімен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері Арайлым Жүкенова, Айдан Тұңғышбаев, Ксения Николаева, Сапар Боранбаев, Айдар Қаппасов және тағы да басқа орындаушылар әуелете ән шырқап, көрермен көзайымына айналды. Сонымен қатар, әнсүйер қауым «Арай», «Әуен» және «Мерей» топтары мен өзге де ұжымдардың өнеріне тәнтілік танытты.

«Аққу», «Волшебная страна» би ансамбльдері мерекелік бағдарламаның шырайын енгізе түсті.

Кеш қонағы – Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Ыбекеев шырқаған «Ты, моя!», «Синяя вечность», «Анашым» әндері елдің ықыласын туындатып, бауырлас ұлттың рухани болмысының бізге тым жақындығын айқын аңғартты.

Кеш қорытындысында аймақ басшысы Ерлан Қошанов әйел-аналарға айрықша құрметінің айғағы ретінде ықылас гүлін тарту етті.

Өз тілшімізден