Тұлға

Шындықтың ШЫРАҚШЫСЫ

Өмірде сан қилы адамдар бар. Солардың ішінде өзінің алған бетінен қайтпайтын, адалдықты алдына шырақ етіп берік ұстанған жандардың кейбір істері ешқашан есіңнен шықпайды. Солардың арасынан жалған дүниеден бақиға аттанғанша қолынан қаламы түспеген қоғам қайраткері, журналист, жазушы Мақсым Омарбеков ағамыздың орны мен үшін бір бөлек еді.

Мақаңды бұл өңірде білмейтін адам жоқ. Сонау Семейдің Абыралы өңірінде ғаламдық соғыс басталардан бір жыл бұрын дүниеге келіп, саналы ғұмырын қара орманды Қарқаралыда өткізген қаламгер ағамыз еңбек жолын Қарағанды мемлекеттік педагогоикалық институтының тарих-филология факультетін бітірген. 1965 жылы бұрынғы Егіндібұлақ аудандық «Ильич туы» газетінде жауапты қызметкер болып бастаған екен. Сол кездің өзінде-ақ аудан өміріндегі проблемалық тақырыптарға үзбей қалам тербеп отырған. Адалдықты ар туы ретінде жоғары ұстаған, шындық үшін шырылдаған азамат сол әдетінен өмірі айнып көрген емес.

Балалық шағы соғыстың қиын жылдарына дөп келген Мақаң ес білгеннен бастап еңбекке араласады. Бірақ, жасынан аурушаң болғандықтан жеңіл-желпі жұмыстар болмаса, ауыр еңбекке бел шешіп кірісе алмайды. Сондықтан да, ол оқуға ынталы болып өседі. Тек сабағын ғана емес, газет-журналдарды да, көркем әдебиетті де көп оқиды. Ауылдық кітапханадағы әдебиеттерді оқып тауысқан ол қатысқан адамдар арқылы ауданнан және облыс орталығынан алғызып оқитынды шығарады. Газеттен жаңа шыққан кітап туралы хабар көрсе, соны тауып оқығанша тыным таппайды.

Сондай ізденімпаздығының, ықтияттылығының арқасында орта мектепті үздік бітіріп, Қарағанды педагогикалық институтына түседі. Мұнда өзімен бірге оқыған Кәрім Сауғабаевпен және басқалармен бірігіп жас әдебиетшілер үйірмесін құрып, оған белсене қатысады. Сол үйірменің ақыры олардың саяси «Жас қазақ» үйірмесін құруға итермелейді. Оған қатысқандар Қазақстандағы барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы жастарға өкіметтің орыстандыру саясатына төзбеуге, халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында қазақ бөлімдерін ашуға, қазақша мектептерді жаптырмауға шақырып, облысты және аудандарды қазақ басшылары басқаруы қажеттігін талап еткен үндеу хаттар тарата бастайды. Бір сөзбен айтқанда, олардың аңсағаны халқымыздың бүгінгі күнгі егемендігі мен тәуелсіздігі еді. Мұндай көзқарас сол кездегі «КСРО-да бір ғана ұлт болады» деген солақай саясатқа томпақ келіп жатқандықтан, бұлардың соңына түскен салпаңқұлақтар ақыры оларды «әшкерелеп», оқу орнының жалпы жиналысына салып, оқудан шығартады, басшыларын түрмеге отырғызады. Ал, Кәрім Сауғабаев пен Мақсым Омарбеков бір жылдан соң оқуына қайтадан қабылданып, ақыры институтты бітіріп шығады. Бірақ, сонда да олар ұзақ жыл астыртын бақылауда болыпты.

Мақаң кейіннен «Қарқаралы» атанған Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» газетінде көп жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Ол Коммунистік партияның қылышынан қаны тамып тұрған кезі болатын. Сол уақытта оқ бойы озық тұрғанына қарамастан, Мақаң ешқандай лауазымға таласпай, жай ғана қатардағы тілші қызметін атқарды.

Бірде оның себебін сұрағанымда:

– Жоқ, маған осы қызметім де жетеді. Газеттің бөлім меңгерушісі – аудандық партия комитетінің номенклатурасына жатады. Менің ондай лауазымға кіргім келмейді. Талай рет ұсынғанда бас тарттым. Өйткені, мен онда әділ материал жаза алмай қаламын. Қазірдің өзінде аупарткомге күнде шақырады. Сын мақала жазба дейді. Көрініп тұрған кемшіліктерге мен қалай көзімді жұма қараймын. Олай болмайды ғой, – деп ағынан жарылған еді.

Рас, сондай «солақай», аудан басшыларының қолайына жақпайтын мақалалары мен республикалық «Ара» журналына шыққан фельетондары үшін сан рет сотқа да тартылды, қызметінен шығарылып, біраз уақыт жұмыссыз жүрген уақыттары да болды. Бірақ, соның барлығынан дұрыс жол тауып шыға білді, қызметіне қайта орналасты. Өйткені, қашан да әділдікті жақтайтын адамдар табылып отырды. Қарқаралы ауданының халқы Мақаңды әділдігі үшін құрмет тұтты, кейбір жергілікті шенеуніктерден жапа көрген адамдардың Мақаңа келіп шағым айтқанын өз көзіммен көрдім.

Мен ол кезде «Ара» журналының штаттан тыс тілшісі болатынмын. Бір күні Алматыдан журналдың бөлім меңгерушісі Толымбек Әлімбеков келді де, обкомнан машина алып, екеуміз Мақсым Омарбековтің журналға жазған материалы бойынша тексеруге Қарқаралыға бардық. Қалалық кеңес атқару комитетінің лауазымды адамы сонда қызмет атқаратын бір әйелге бірнеше рет дөрекілік көрсетіп, тіл тигізген екен. Ол әйел болған жайды Мақаңа айтып, қол ұшын беруді өтінеді. Фельетонда жазылған барлық деректердің шындығын тексеру кезінде анықтадық. Неге екенін білмедім, сол материал жарық көрген жоқ. Бірақ, «Ара» журналының пәрменімен лауазымды адам партиялық жазаға тартылды.

Мақаң тек сын мақала жазады десек біржақты болып кетері сөзсіз. Ол кісі әдеби жанрдың барлық түріне қалам сілтеген әмбебап адам деуге әбден лайықты. Оны көзіқарақты оқырман кезінде Мақаңның өзі меншікті тілші болып қызмет атқарған «Орталық Қазақстан» газетінің беттерінен оқыған да болар. Сол жылдары облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп талай-талай проблемалық мақалаларды облыстық газетпен қоса республикалық «Егемен Қазақстанда» да жариялап үлгерді. Соның ішінде Семей полигонының зардабы, оны жабатын уақыттың келгендігі туралы сериялы мақаласын ерекше атауға тұрарлық. Онда полигонның қазақ халқына тигізіп жатқан зардабын жеріне жеткізе айтып берген еді. Бұған қоса Қарқаралы ауданы делегациясының құрамында «Семей – Невада» қозғалысының мүшесі ретінде сол кездегі астанамыз Алматыға барып, ауданды полигон зардабы тарайтын аумаққа жатқызуға үлкен үлес қосқан болатын. Сонымен бірге ауданның тарихына, мәдениеті мен өнеріне қатысты талай көлемді мақала жария етті. Еңбек адамдары мен Қарқаралының танымал тұлғалары жөнінде қаншама очерктер жазды, олармен тамаша сұхбаттар жасады, көптеген публицистикалық эсселері мен деректі шығармалары дүниеге келді.

Қарап отырсам Мақаң талай-талай көркем дүние жазып тастаған екен. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылы облысымыздағы қаламгерлердің шығармалары «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен 100 том болып жарық көрген. Сондағы бір том Жанболат Башаров, Мақсым Омарбеков және маған беріліп, біздің жазған повестер мен әңгімелеріміз енгізілді. Онда Мақаңның «Мылтықсыз айқас» повесі мен «Ол күндер қайтып келмейді» хикаятына, «Бақыт құсы», «Бір топ жусан» әңгімелеріне орын беріліпті.

Журналистігімен қоса жазушы ретінде де танылған Мақаң оқырманға ой тастайтын талай-талай тұшымды дүниелер беріп үлгерді. Солардың арасынан «Ақ жаңбыр», «Адам ізі», «Махаббат пен қиянат», «Сағыныш ғұмыр, сағым жылдар», «Арпалыс», «Өмір өткелдері», «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» кітаптарын ерекше атап өтуге тұрарлық.

Қарымды қаламгерлігімен қоса «Семей – Невада» қозғалысының белсенді мүшесі болғандығын, облыстық мәслихаттың депутаты болғандығын айтып өттім. Ол осындай қоғамдық қызметінде де ерекше танылып, өзінің алға қойған мақсатын жүзеге асыра білді. Депутат кезінде Қарқаралы өңірінің көптеген мәселелерін шешуге білек сыбана араласты. Сол үшін де ол Қазыбек би және Қарқаралы аудандарының Құрметті азаматы атанды.

Бүкіл өмірін баспасөз саласына арнаған Мақсым Омарбеков ағамыздың қаламынан туған қарымды еңбегінің нәтижесі де айтарлықтай болды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері атанды. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығына ие болды. Басқа да марапаттары толып жатыр. Бұл қаламгердің еңбегіне берілген лайықты баға болатын.

Білінбей сырғып өтіп жатқан уақытқа ешкім тоқтау жасай алмайды. Кеше ғана Мақаң арамызда жүрген сияқты еді. Ол кісінің өмірден өткеніне де жыл толып қалыпты. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, ертеден келе жатқан, ұзаққа созылған ескі ауруы ағамызды ақыры алып кетті. Талай жас журналиске қаламды қалай ұстауды үйреткен тәлімгер ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Артындағы Хафиза жеңгеміз бен ұрпақтарына ұзақ ғұмыр тілейміз.

 

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button