Шынайы сөздің шырақшысы
Өмір Кәріпұлы – қазақ прозасына өзіндік өрнек, ауылдың исі мен даланың дүбірін әкелген қабырғалы қаламгер. Оның әрбір туындысы – ұлттың жадын жаңғыртқан өміршең әлем, ал, қаламгердің өзі – руханият төріндегі қадірлі есім.

Өмір Кәріп дегенде ес-тұтымға өмірдің өзі келетіндей. Иә, өңірден ұзамай саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне сарп ете жүріп халқымызға классикалық канондағы шаһқар туындылар сыйлаған біртуар жан бұл. Өмір ақсақал дегенде, көз алдымызға күні кеше оқырманының жүрегін жаулап алған «Бұрқақ» романының қым-қиғаш желілері көлденең келеді.
Өмір Кәріпұлының әрбір сөзінен жүрегінің кеңдігін, шынайылығын сезуге болады. Ауылға ат байлаған арда ақсақал Алаш жұртына әлі де небір тың туынды ұсынарлық қайраты бардай. Әсіресе, тұмса табиғат пен адам баласының қыр-сырын өзгеше берген анималистік туындылары қазақ дейтін қаракөз жұрттың байырғысын есіне түсіріп, түбіне еріксіз үңілдіргісі келеді. Өмір Кәріпұлының шығармалары – өміршең. Күнделікті ақпарат айдынында лекіп жүрген «өлі туындылардан» бөгенайы бөлек.
***
Жетпісінші жылдар… Қазақтың заңғар жазушысы Қалихан Ысқақ жас жазушы Өмір Кәріпұлының «Ақжамал» атты хикаятын оқып шығып, авторға «Дайын жазушы екенсің» деген лебіз білдіргені көзі қарақты оқырманның есінде. Онан соң «Сарыбел сазы» келді дүниеге. Қазақстан Жазушылар одағындағы салалық секция жетекшісі, көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов повесть һақында «Баспаға тапсыру керек» деген тілектестік пікірін білдіреді. Ақыры автордың қаламалды кітабы «Сарыбел сазы» деген атпен «Жалын» баспасынан 1977 жылы жарық көрді.
– Әдеби ортадан жырақта, ауылда түртінетін қаламгерлерді қанатының астына алып, қамқорлық көрсететін аға жазушылар – Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов, Тәкен Әлімқұлов, Әкім Тарази, Софы Сматаев, Рамазан Тоқтаров, Қажығали Мұхамбетқалиев, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеевпен пікірлес болғанымды өзіме мәртебе көремін. СССР Жазушылар одағының мүшелігіне өтерде (1986), кепілдемені Тәкен Әлімқұлов, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақовтан алдым, – дейді Өмкең Толымбек Әбдірайыммен жалғасқан сұхбатында.
Қалихан Ысқақтың «Дайын жазушы екенсің» деген бағасы – бір жазушының емес, тұтас бір дәуірдің үміті еді. «Сарыбел сазы» арқылы Өмір әкеміз сол үмітті ақтап, әдебиет айдынына өз өрнегін қосты. Қаламгердің артында тұрған үлкен әдебиет майталмандарының сенімі, аға буынның ақ батасы оның шығармашылығына ғана емес, адами болмысына да айқын дәлел. Өмір Кәріпұлы – әдебиеттегі достық пен тілеулестік, ағалық қамқорлықтың куәсі болған адам. Ол тәлімін көрген қаламдастарымен ғана емес, шығармаларымен де ұлт руханиятына үлес қосты. Өткеннің көзі тірі куәгері, бүгінгінің қадірлі ақсақалы ретінде оның өнегесі – жазушы ұрпаққа аманат.
Оның қаламынан туған кейіпкерлер – қарапайым ауыл тірлігінің көркем галереясы. Бірі – табиғатпен тілдескен аңшы, бірі – даланың дүбірін сезінген қойшы, бірі – өмірдің қиындығынан қажымаған қарапайым әйел. Бұл образдар арқылы қаламгер тек бір ауылдың ғана емес, бүтін қазақ жұртының тағдырын, мінезін, сенімін, сағынышын бейнеледі. Әдеби тілдің бояуын қалыңдатпай, табиғи сөйлету, кейіпкер монологтары мен диалогтарында қазақы қалпын сақтау – Өмір Кәріпұлының басты ерекшелігі. Әсіресе, табиғатты суреттегенде жалаң сипаттауға ұрынбай, адам көңілімен астастыра беруі оның прозасына өміршеңдік сыйлайды. Бүгінгі күні ауыл руханиятының әлсіреп, қаламгерлер назары қаладан алыстаған тұста, Өмір Кәріпұлының туындылары ауылдың кешегісін ғана емес, бүгінгісін де ойландыруы тиіс. Оның әр шығармасы – өткенге салауат, келешекке аманат.
***
Өмір Кәріпұлы әдебиет әлеміндегі ұстазы деп Асан Жұмаділдинді атайды. Одан соңғы ақылгері Ақселеу Сейдімбек еді. Әлем әдебиетінен Лев Толстой, Антон Чехов, Джек Лондон, Андре Моруаның есімдерін ескереді. Бір қызықтысы арда жазушы қазақ прозасындағы алыптар шоғырын саусағын бүгіп тұрып, күреңбай сыншылдығына салып, ой елегінен өткізеді. Өзі жолыққанында атамекендегі қазақ әдебиетін былай қойғанда, кірген шаңырақтан бір «есті» кітап таппай дағдаратынын айтып қоңырайып қалады. Мұны жиі айтады. «Адамды қиянаттан, ғаламды қияметтен мейірім құтқарады» деген аяулы сөзі және бар.
Өмір Кәріп – есімі ел жадында, сөзі санада, шығармалары жүректе сақталған сирек талант. Оның әрбір жазғаны – жай ғана көркем сөз емес, әр қазақтың жан әлеміне жақын, табиғаттың тамырын тап басқан, адамның жан дүниесін іңкәрлікпен ашқан өміршең дүние. Заман өзгерсе де, уақыт алға озса да, Өмір ақсақалдың қаламынан туған кейіпкерлері мен кескіндеген құбылыстары мәнін жоғалтпайды. Ауыл топырағының исі сіңген, даланың дүбірі мен тау етегінің сыбдыры естілетін шығармалары талай ұрпақтың ойынан, жүрегінен орын алып, алдағы күнге аманат болып қала бермек. Өмір Кәріпұлы – қазақ әдебиетінің өз соқпағы бар, өз өрнегі бар, ешкімге ұқсамайтын өзгеше дарын иесі. Оның өмірі де, өнегесі де, сөзі де – елдікке, адалдыққа, өнерге қызмет етудің айқын үлгісі. Бәлкім, уақыт өткен сайын біз Өмір ағкеміздің шынайы биігін, сөз өнеріндегі салмағын тереңірек сезініп, оның әрбір жазғанына қайта үңілерміз. Қайта оқып, қайта ойланармыз. Себебі, шын таланттың сөзі – мәңгі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»