Жаңалықтар

Шымшыма шумақтар

ҚЫЛТИ

Қылти қылтиып жүреді.
Онсыз да
Қу сүйегі көрінетін денесіне,
Киім біткенді тыртыстырып
Жабыстырып киіп ап,
Тылтиып жүреді.
Кейде ыржиып жүреді,
Кейде тыржиып жүреді.
Кейде бұртиып жүреді,
Кейде аузы дүрдиіп жүреді.
Кейде дүңкиіп жүреді,
Сонда да, тау қопарып,
Тас қашап,
Бірдемені төңкеріп
Бітіріп тастағандай
Күмпиіп жүреді.
Тылти қалай жүрсе олай жүрсін,
Өзіне жарасатын қылығы болып
Басқаға да қарай жүрсін.
Әй, тылти, тылти
Қылығың жынды, и.

АТАНЫКІ ҚЫЗЫҚ БОЛДЫ

Той қызып жатқан,
Ортаға билеуге
Сақалы белуарына түскен
Ата шықты.
Онымен қоймай,
Бір кемпірді сүйреп,
Билеуге икемдеп
Өзіменен бірге ала шықты.
Дей алмаймыз дара шықты
Немесе ортадан
Бір әбестеу ала шықты.
Заманына қарай дей көрер
Жарасыпты.
Артынша атаның
Кемпірі де билеуге шықты,
Әжеміз де «биші» екен мықты.
Онымен билеген
Көрші отырған шал да
Биді жандырды,
Отырғандардың
Айызын қандырды.
Сол сәтте бұрыла беріп
Кемпірімен билеп жүрген шалды
Көріп қалған ата,
Шалды бір періп қалды.
Оны көрген жұрт
Шалда да қызғаныш
Болады екен деп,
Іштерін басып
Күлкіден өліп қалды.
Атаның қылығын
Дей алмаймыз «бұзық» болды.
Десек те сырт қарағанға
Біртүрлі оғаш қызық болды.

КӨКИ

Көки, Көки десе көки
Көкке қарап жүреді,
Бетінде бесбатпанғып жағып алған
Жақпа-далап жүреді.
Бірдемені қарық қылмаса да,
Қараңғыны
Жарық қылмаса да,
Бір іске беріліп
Жанып тұрмаса да,
Көки көкиген қалпы,
Жүргені жалпы.
Қайырлы болсын арты.

Бекәділ СЕМҚҰЛ
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button