Басты тақырып

Шығыс пен батыс Симбиозы

«Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жылы туған еді. Бірақ, мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені, Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді.

1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал, әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығында орналасқан».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Әлемдік, халықаралық мәселелер талқыланатын, мәслихат құрып, келісімге келетін жаһандық орталыққа айналған – Астананы қазір дүние жүзі тілге тиек етеді. Содан да болар, Астана бейбітшілік қаласы аталды. Одан бері де Брюссельде Астана әкімдігінің басқару жүйесі жоғары бағаланып, Еуропалық сала менеджменті қорының сертификаты табысталды. Деректерге сүйенсек, мұндай атақты бұған дейін ТМД елдерінің бірі де иеленбеген. Сондай-ақ, британиялық «Экономикс» журналының  рейтинг агенттігі 140 қала арасында «Өмір сүрудің қолайлы деңгейі» мәртебесін беруі де Елорда еңсесінің биіктігін көрсетсе керек-ті.

Аузы дуалы сарапшылар мен зерттеушілер Астананы ғаламдық ауқымдағы диалог алаңы ретінде  атап отыр. Тіпті, Ресей сарапшылары Қазақстанның ас­тананы көшіру тәжірибесін өз­дерінде жүзеге асыруды да ұсынғаны туралы мәлімет бар. Олар астананы Мәскеуден елдің келешегі зор бөлігіне, мысалы, Қиыр Шығысқа көшіруді талқылауда. Бұл идеяны ұстанушылардың айтуынша, Азия­-Тынық мұхит аймағы бүгінде – аса күшті геоэкономикалық орталық, демек оған жақын орналасу қажет. Жоба авторлары Астананы көшіру Елбасының табысты шешімі дейді.

Мәскеуді көшіру жобасының авторы Юрий Храпунов Астанаға көшу арқылы мемлекет дамудың жаңа деңгейіне көтерілгенін, астананың ауысуы – маңызды саяси һәм экономикалық құрал болғанын атайды. «Барлық негізгі қаржылық операциялардың 90 пайызына дейін Мәскеуде жүргізілуде. Яғни, осы арқылы гиперорталықтанудың, барлық ресурстардың гипершоғырлануын көреміз. Астана, Ару Астананың жарқын мысалы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тамаша шешімі. Дәл осындайды бізде де жасау қажет. Сарапшылардың пікірінше,  дамудың жаңа дейгейіне шығару үшін ірі реформаларды жасаған мемлекеттер астананы ауыстыруды өте маңызды саяси және экономикалық құрал  және жаңа заманауи талаптарға жауап ретінде  қолданған», – дейді ол. Осылайша, Астана қаласының феномені төрткүл дүние назарында. «Жаңа Астана – бұл 21 ғасырда ең жас астана ғана емес, шығыс даналығы  мен батыстық прагматизмнің симбиозы» дейді саясаткерлер.

Астананың бас сәулетшісі Кисе Курокава «Өмір қағидаты» аталған  шаһар тұжырымдамасын жасаған. Онда метоболизм, жаңару, симбиоз, экология және жаһандық қоршаған орта көрініс тапқан деген пікір айтушылар сөзінің жаны бар. Өйткені, бүгінде осы аталған жаһандық жаңалықтар мен ізденістердің барлығы тоғысқанына, үйлесім тапқанына жер шары куә. Мұның сыртында Астананың футуристік кескіні – жас астананың батылдығын паш ететіні де әлем аузында. «Астананың – Орталық Азия феномені» аталуы осыдан болса керек. Бұдан соң «Астана – әлемдік бренд» емей немене?!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button