Жаңалықтар

Шуақ шашқан шаңырақ

    Адам арттағыларды көріп қартаяды  делінсе,  алдыңғыларды көріп марқаю да бар. Алпыс алыс, жетпіс жер түбіндей көрініп жүруде соған жетіп, сондай мәртебеге көтерілген   азаматтар көзге ыстық бола түседі.  Әңгімемізге арқау кісі де ортасына  осылайша құрмет тұтылуын білеміз. Есейіп, ержеткеннен бастап етене еткен еңбектің зейнетіне бөлену бұйырғанға дейінгі табанды істің жемісі мен жеңісі ,соның арқасында қонған абырой – бедел, шаңырақ шаттығын үлкен әулетке ұйытқан бақ қалың қауымға өнеге, мақтаныш болып келеді.

Әлбетте, өмір әркімге айы оңынан туа қоятын құбылыс емес.  Қиындығы мен қиғашы көптігі кейіпкеріміз Тельман Түсіпбеков          ақсақалға да қаршадайынан таңсық болмаған. Кешегі дәуірдің отызыншы жылдары  соңындағы қилы кезеңде дүниеге келген бала сынға бірден салынады. Нұраның Ақтөбе аулында шағын мектеп директоры болған інісі Ақмағамбетті паналаған әке-шешесі колхоздың күндіз-түнгі жұмысына жегіледі. Шиеттей бес бала әжелері күтімінде өседі. Бауырлары Қалел, Ахмедия, Қабыкенмен қатарлас соғысқа аттанған Ақмағамбет ағасы елге аман- есен оралысымен бәрін қайта қамқорлық құшағына алады. Бірінен соң бірі өмір өріне көтеріліп, дүркірей түлеуі осы сүйеніш арқасында екеніне ақ алғыс алдымен айтар сыры.

Тельман ағаға  тағдырдың тағы бір тартуы -еңбекқорлықпен қабысқан біліктілік, ұйымдастырушылық, адалдық, сабыр сақтап, кеуде кермей-ақ үйдей жұмыс тындыратын тиянақтылық деуге болады. Сонымен бірге сүйегіне сүтпен сіңген бірсөзділік, орнықтылық, ұқыптылық Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң бөлімше агрономы, басқарушысы, ауылдық кеңестің төрағасы, кеңшар саяси іс жетекшісі, директоры болуға қырық жылға ұласқан әртүрлі қызмет сатысында қоса жарасып,белді басшы тұрғысында танытты. Бұл істердегі іздері кезінде Куйбышев аталған кеңшар тарихында сайрап жатыр. Солардың бел ортасынан табылып,ел сеніміне кір келтірмеуі көңіліне көрік болса, ал елі  парызы мен қарызына айнымаған азаматтығына риза. Бір кісі басына жетерлік марапат-құрмет жарқын еңбек жолына және айғақ.

– Бақ пен абырой  азаматқа қашан да үлкен еңбек арқылы дариды. Мен оны осы тұрғыдан білемін. Тельман тұрғыласыммен бірге ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қоса алдық. Ол уақытта азғантай тұрғылықты қадрдың бірі болып, еңбекке араластық. Тікелей жұмыс бабында аралас- құралас болмасам да салалас буын мамандары ретінде жұмысына қанықпын. Темкең шаруашылығы ауыр кеңшардың қиындығын түзеуге, алға жетелеуге күш сала білді. Біздің “Балықтыкөлдің” егін егумен де шұғылдануына көп көмек көрсетті. Ал, Тельман мен Сағат биіктеткен шаңырақ шуағы тіптен қызығарлық, – дейді үзеңгілес әріптесі, Нұра ауданының құрметті  азаматы Қорабай Досжанов.

Енді, міне,қараңыз, жарына қарағанда ашықтау Сағат апамыз әңгімеге араласпағанда әулет ғана емес,өлке тарихына қызғылықты бөлек хикаяны білмей қалар ма едік. Сөйтсек, ақсақалдың алтыншы бабасы Көбек батыр Абылай хан сардарларының бірі болыпты. Жасанды аңыз емес, мағлұмат анық. Жергілікті тарихшы-зерттеуші Б.Сыздықов  дерегі соны дәлелдейді. Халық ақыны Жолдыкей Нұрмағамбетұлының  жырына өзек етілген  тұлға болуы да жайдан-жай болмаса керек. Кезекті жорықта мерт болудан соң   туған топырағы Ақмола өңірінде жерленген орнын тауып, ұрпақтарын бастап ертіп барып, басына белгітас орнатқан аталары аманатын орындаушы немерелері Тілек Рақымбеков пен Тельман Тоғжан батыр баба туралы зерттеуді жалғастыра түсуде.  Әулетке қастерлі жәдігер-жаугершілікте жанынан тастамайтын табағы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қолдарында сақталып отыр. Иә, тектілік тегін бітпейді деген осы.

Осы ретте қалауына қарай Құдай қосқан жары Сағат  Нашарбекова жайлы айтпай кетпеске болмайды. Ер азаматтың қадыр- қасиеті өсуі, абыройлы болуы, шаңырақ шаттығы ең бастысы – әйел екені аян. Елу бес жыл отасып келе жатқан екеуі алты бала тәрбиелеп өсірген бәйтеректей мәуелі ұя  тірегі. Шетінен алтын асықтай перзенттері- Ержан мен Әлия құт-берекені дөңгелетуші кәсіпкерлер, Айгүл білікті экономист, Айнұр подполковник- оқытушы, Елжас ғалым- полковник, Нұргүл бизнес алғыры. Әрқайсысы үлгілі отбасы иелері.Одан өрбіген 14 немере ата-әжесінің үрдісі бойынша қазақы тәлім қалыпта жетіліп келеді. Мұндай  тәрбиеге бас-көз болушы, жарты ғасырға жуық еңбек жолын ұстаздыққа сарп еткен,  Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, күміс алқалы асыл ана Сағат Елубайқызының өзі десек, Захаровка орта мектебінде жазушы Сәйділ Талжановқа арналған мұражай ашуға және атын беруге  мұрындық болуындағы сияқты қоғамдық істерімен белгілі де.  Қашан көрсең, қашан сөйлессең ең алдымен  шәкірттерін мақтан ету дағдысынан бір жазбайтын адам. Масаттанса масаттанғандай көбі жақсы жақтарымен танымал жандар. Соған қуанып жүреді.

Жоғарыда айтуымыздай біртоға, байсалды қалпынан айнымаушы Темкең әңгіме барысында «Өмір көрген  түс» демекші, сексеннің сеңгіріне аяқ басуымды мен де аңдамай  қалыппын. Сәні мен мәні жаман болмауына тәубе етемін.» деп тоқталған еді. Сөз де мінез белгісі, сірә. Тағдыр тартуына шүкіршілік, қарапайымдылық жақсылар қасиеті-ау.

Міне, шаттық шалқыған, нұры тасыған осындайлық шаңырақтың көп болуы алдымен ел мерейі ғой. Соның үлгісін көрсетуші Тельман аға мен Сағат апайдың уыздай ұйыған тұрмыс-тіршілігі жарастығының шапағаты бұл. Алдымен Алла тағаланың қолдауы   жазса, еңбекпен, ынтымақпен бекіген бақыт.

Айқын Несіпбай.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button