Бас тақырып

«Ұшты, ұшты, шатыр ұшты!»

Қарағандыда күшті жел тұрса, қалпағын жел айдаған пақырдай, үйлердің қаңылтыр шатырларының қағазша ұшуы тұңғыш емес. Кәдімгідей көз үйреніп, бірақ көңіл қоңылтақсып қалатын ғадетке айнала бастаған. Қарағандыда шатырдың «шайқалуымен» қазір біреуді таң қалдыру бос әуре.  Тамыры шіріген діңгегі жуан ағашты дауылдың жұлмалап «ойнауы» да алғаш дей алмайсыз. Көпшіліктің көлігін басып қалып, көлік иесінің қылышын қайда шабарын білмеген шыр-пыр тірлігі де бірінші емес. Мұндай жайттар бұған дейін де болған. Әйтсе де, ол табиғаттың ескертуі екен, бақсақ. Ал өткен сенбідегі дауыл бұған дейінгі «дәрісінен» сабақ алмағандарды әжептәуір әуреледі.

Салдар белгілі, себеп неде?

Салдармен күресу емес, оның себебін сұрау керегін көзге тағы бір шұқыды кешегі дауыл.  Расымен, бұл шатырлар неге «ұшқыш»? Кеше еккен көшеттердің өзі дауылда майысса да сынбаған кезде адам құшағы жетпейтін ағаш атаулы неге «әлсіздік» танытты? Балалардың ойын алаңындағы сырғанағы бар құрылғы қалай құлап қалды? Әрине, жел екпінінің күштілігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ Арқада мұндай дауыл ұзын ғұмырында бірінші және соңғы емес.  Әр дауыл соққан сайын құдайдың құйынын айыптап, шатыр түгендеп жүру – мәселенің шешімі де емес. Ал жоғарыда тізімделген сұрақтарға жауап табылса, шатыр да ұша қоймас. Ағаш та сұлап жатпасы анық.

Бұл сұрақтардың төркіні сапаға барып тіреледі.  Табиғаттың тосын мінезі шындықтың бетін ашып беріп-ақ жатыр. Ол «ұшқыш» шатырлардың сапасыз салынғандығының және орталықтың климатына төтеп бере алмайтын материал екендігін көрсетсе керек.  

Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті бұдан бұрын хабарлағандай, 18-19 қарашада дауылдан аймақта ғимарат шатырлары, тұрғын үй, ғимараттардың қабырғаларына жапсырылған жабыны ұшқан  114 жағдай тіркелген. Бұзылған шатырлардың жалпы ауданы 18 947 шаршы метр.  Қарағанды,  Теміртау, Балқаш, Абай, Бұқар жырау, Ақтоғай, Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Шет аудандарында жартылай жарық өшті. Ағаштың құлағаны туралы және құлау қаупі бар 85 өтініш түскен. Облыс орталығында ағаштың құлауы жөнінде 50, Теміртауда 20 шағым. Оның төртеуінде көліктерді басып қалған.  

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев төтенше жағдай жариялап, соның аясында шатырсыз қалғандардың бюджет есебінен бүтінделетінін мәлімдеген еді. Кешегі күнгі облыс әкімінің баспасөз қызметінің дерегінше, қазіргі уақытта 33 нысанның шатыры жөнделіп жатыр.   Ал ол күнгі желдің ұйытқуы төтенше жағдай департаменті одан бұрын мәлімдегендей, секундына 28 метр болды. Мұндай жағдайды Солтүстік-Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары да басынан өткерді.  Дегенмен, бұл – ойлануды қажет ететін мәселе.  Жаңбырдан су басады. Жел шатырды балшықша илейді. Мұның сыртында көп себептер бар. Ағаштың құлауында да.  Құрылыста да.

Шайқалған шатыр, құлаған қасбет

Жалпы, ашық дереккөздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, құрылыс  барысында климатқа сай желдің күші есептелуі тиіс көрінеді. Ең алдымен, жергілікті жердің метеорологиялық және климатологиялық зерттеулер нәтижелерін пайдалануға негізделген аймақтың жел режимін зерттеу, аэродинамика негіздеріне сүйене отырып, ғимараттар мен құрылыстарға желдің әсерінен болатын күштерді бағалау қажет деседі талдаулар.

Деректер жел екпіні биік құрылымдарға қатты әсер ететінін айтады. Биік құрылыстардың конструкцияларында желдің екпіні тербелістерді тудырады екен. Ғимараттардың тербеліс жиілігі биіктігіне қарай өзгеретіні тағы бар. Ғимарат неғұрлым биік болса, желдің әсері соғұрлым ондаған есе артады. Құрылысшылар мен дизайнерлер есептеулерінде олар құрылыс материалының ерекшелігін ескермейді. Оның нәтижесі – ұшқан шатыр, құлаған қасбет.

Сараптауларға сүйенсек, үйлердің қасбетінің құлауында да осындай негіз бар. Қасбеттердің бұзылуын болдырмау үшін қабырғаларға термикалық өңделген, кебуге бейім емес, яғни, күйдірілген материалдарды қолдану керек. Мұндай материалдарға – керамикалық блок және кірпіш жатады екен.

Қасбеті кірпіштен жасалған ғимараттар қандай желге де төтеп береді дейді мамандар. Ал қабырғаны газоблоктан қалап, бергі қасбетін сайдингпен сылап-сипап қою тыйылмайынша, жел соққан сайын олардың жалп ете түсуі де толастамайды, – дейді байырғы құрылысшы Қайырбек Махашев.

Қарағандыда ағаштың көбі – кәрі

Ағаштардың ахуалы да осыған жуық. Қарағанды қаласында тұратын қоғам белсендісі, агроном, кез келген ағаштың бұтағын ұстап, өлі-тірісін білетін Сәкен Келдібаевтың айтуынша, Қарағанды қаласындағы аңаштардың көбі «қартайған». Демек, әлсіз. Олай болса, тағы дауыл желде сынып, құлауы жалғаса бермек.

– Қарағанды қаласында 1.800.000 (бір миллион сегізжүз мың) ағаш бар. Қазақтың орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды қаласында жүргізген зерттеулері бойынша, барлық ағаштардың 4 569 ағашы апаттық жағдайда тұр. Ол дегеніміз, кез келген уақытта құлап, бетін аулақ, адамдарды мерт қылып, автокөліктерді басып, шығын келтіруі, электросымдарды үзіп кетуі мүмкін.

Орманда өсіп тұрған ағаштарға қарағанда, қалада өскен ағаштардың өмір сүру деңгейі әлдеқайда төмен, жылдам қартаяды. Оған қаладағы машинадан шығатын газ, шаң, ауаның ластануы, т.б. сыртқы факторлар әсер етеді.

Қарағанды қаласында ағаштардың көбі – кәрі. Ағаштарға уақытында күту, ауруларға, зиянкестерге қарсы шаралар жүргізілмейді. (Шырпу, профилактикалық бүрку). Орталық діңі, негізгі тамырлары зақымдалып, қатты жел тұрса, күзде және көктемде қар аралас жаңбыр жауғанда бұтақтарға салмақ түсіп, құлайды, – дейді.

Түйін

Арқаның желі мен жаңбыры, бораны көп жайттың астарына үңілуге меңзейді. Олай етпейінше, кеше ұшқан шатырды бүгін жөндегенімен, ертең оның тағы ермексазша иленіп жатпасына ешкім кепіл емес. Өйткені, салдармен күрес – бір күндік, ал себеппен күрес – мың күндік іс.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button