Тұлға

Шідеріде ширығулы ҚАРАГЕР

«Қазақсан Республикасы білім беру ісінің Құрметті

қызметкері», профессор Жақсылық

Серікбайұлы Толпаков туралы толғау

ҚАПА

Пенде баласының табиғаты қызық. Қашанда басқаның ботасын нардай, бұтасын талдай көруге бейім. Пайғамбарды басқа жұрттан іздеп, батырды басқа ауылдан бақылауға дағдыланған. Оның үстіне батыр мен бағланды кітаптан оқуға үйренген жұрттың қасында жүрген қайраттыларын көзге іле бермейтіні де бар. Бірақ, ерлік, тек, майданда ғана жасалмас-ты. Кейде бір сәтте жасалар батыр қимылдан гөрі, өмір бойы өзіңді өрге сүйреудің бәсі артығырақ.

Мұны басқа білмесе де, ширек ғасырдан астам ғұмырын мүгедектік арбасының үстінде өткізіп келе жатқан Жақсылық жақсы біледі. Құландай жүйткіп, құйындай ұйтқып жүрген кездері еске түсіп, талай рет шыдамның шынысы шытынай жаздаған. Шұлғи басқан шүу асаудай мойнына бұғалық түсіп, бұлтарарға жер таппаған. Бүкіл дүние бір жақта, өзі бір жақта қалып қойғандай құлазыған. Бұған ердің ері, егеудің сынығы ғана шыдар. Жақаң шыдады. Шыдамас еді, бордай босаған көңілін асыл жары Шараның адал жүрегі мен әулеттің алтын қазығы – Қамария ананың ақ тілегі болаттай бекітті. Көздері жәудіреген қос перзенті қуат берді.

Әсіресе, 1970 жылдан бері кооператив институтын бірге бітіріп, одан беріде осы оқу орнында қызметтес болып келе жатқан ректор досы Ерқараның қиын күндерде көрсеткен қамқор пейілі ілуде бір кездесер іріліктің үлгісіндей еді. Кімнің кім екенін басыңа іс түскенде білерсің, – деген ғой Ақтанберлі жырау. Ерқара ерледі. Мәрт мінезінен айнымай: «Жақсылық, жүнжуді қойып, жігеріңді жаны. Шараны да шаршата бермей, қызметіңе кіріс. Мәшинесімен жүйткіп жүрген кейбір мәнсіз өмір иелерінен гөрі, арбада отырған сенің қызметің маңызды болмақ. Өзің үйде отырғанмен, әрекеттің түзде екенін көрсет. Сау кезіңдегі ұжымың – бұдан былай да тірегің», – деген. Қайрауы жетпей қапада отырған Жақсылық Серікбайұлы сонда ғана есін жиып, еңсесін көтерген. Бар болғаны қырық-ақ жаста еді ғой…

…Иә, тағдырды адам таңдап алмайды екен. Біреулер «өз тағдырың қолыңда» деп жатады. Бекер сөз. Адамның ойлағаны емес, Алланың ұйғарғаны болатынын ескермеген лепес. Жақсылық та жас болды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқуға зерек, ойға алғырлығын танытты. Ұзақ жылдар бойы Балқаш кен-байыту комбинатында қатарласа еңбек еткен әкесі Серікбай мен анасы Дәметкеннің төрт баласының ортасындағы үміті – Жақсылық болатын. Қаладағы Абай атындағы қазақ орта мектебі ол кезде білім беруден Бүкіл Одақ бойынша алдына қара салмай тұрған. Жеңімпаздың көшпелі туын «отырықшы» еткен жылдары да көп болды. Қай пәнге де қағылездік көрсететін қара бала, әсіресе, математика сабағын қадір тұтатын. Түрлі формулалар мен цифрлар әлемі оны күннен-күнге тылсым сырымен тереңіне тарта түскен.

1966 жылы бұл мектепті Н.Хрущевтің соңғы «он бір жылдығы» мен «онжылдықтар» қатар бітірді. Соның алғашқысынан осы жолдарды жазып отырған мен, кейінгісінен Жақаң орта білім жөнінде кәмелеттік аттестат алыппыз. Бірақ, әрқайсысында отыз шақты баладан келіп, әртүрлі уақыт кестесімен оқитын қатарлас бес-алты сыныптың жүз елуге тарта баласы бір-бірін тани бермейтін. Жақсылық екеуміз де сондай едік. Біздің бір-бірімізді жақын білуіміз үшін әлі де қырық бес жыл уақыт керек болатын…

КЕЛЕШЕК

Ата-ананың үмітіне орай, Жақсылық сол жылы-ақ Кеңес Одағы кеңістігінде Москва, Львов, Новосибирск, Самарқанд тізбегінің бесінші кооператив жоғары оқу орны саналатын Қарағанды институтына оқуға түсті. Мұны 1970 жылы жиырма жасында қызыл дипломмен тәмамдаған ол, сол жылы институт ғылыми кеңесінің шешімімен Львов сауда-экономикалық институтының мақсатты аспирантурасына аттандырылды. Ғылымның құрыш гранитін кемірем деген жас үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?! Жақсылық та бақытты еді.

Аспирантура жылдары тез өте шықты. Бұл кезде бауырынан жараған қарагер арғымақтай бабында тұрған болашақ ғалымның кандидаттық диссертациясы да дайын боп қалған. Мәскеу кооперативтік институтының небір ығай мен сығай ғұламаларының алдында сол бір сындарлы дәрежені табысты қорғап шыққан сәт естен кетер ме?! Осылайша білімін шыңдап, білігін жетілдірген жас ғалым 1974 жылы өзі түлеп ұшқан қара шаңырақ – Қарағанды институтына (Қазір экономикалық университет) қайтып оралды. Осы кезден бастап Жақаңның бүкіл өмір-тағдыры осы баурымал білім ұясымен байланысты болды. Азғантай жылдар аясына ассистенттіктен профессор-ұстаз дәрежесіне дейін көтеріліп, сырттай оқыту факультетінің деканы қызметін ұршықтай үйірген ол университет басшылығының қандай да сенімін ақтауға әзір еді. Тек, тағдыр тауқыметіне айналғалы келе жатқан әлгі бір оқыс оқиғаға орайлас келіп қалмағанда…

Отауының нұрлы шамына айналған Шара екеуі түзде қызметі, үйде бала-шағасы қызық дәуренді кешіп жатқан. Әлі мектепке бара қоймаған Меруерт пен Гауһардың сөздері де, өздері де балдай тәтті болатын. Бақыттың бақшасына енді кіріп, бұлбұлының әнін енді тыңдай бастаған тоқсаныншы жылдың ақпаны. Үш ұйқтаса ойында ештеңе жоқ, аз күнге ауруханаға жатып шығу керек болды. Жақындап қалған дос тойына дейін ақ халаттылардың алқауында болып, аз-кем тыңайып алуды ойлаған. Қашанда еркіндікті сүйетін қыр қазағының әдетімен аурухананың алты күнін алты айдай сезініп, зерігулі еді. Бүгін де палатадағы асығуды білмейтін күнтізбеге көз салып, ұйқы құшағына берілген.

ӨКІНІШ

Таң ата қара терге малшынып оянды. Жай ояныс емес, тұла бойы зілмауыр тартып, жүректен әл, денеден дәрмен кетудің оянысы. Тосыннан келген дерттің дегеніне көнгісі келмей, әрең деп сүйретіліп қол жуатын жерге барып келді. Аз тыныстан соң айығып кетермін деп үміттенген. Болмады. Тілмен айтып жеткісіз бір ауырлық тынысын тарылтып, жанын мұрнының ұшына әкелген. Кезекші дәрігер болса құяң ауруы (шойырылма) деген диагноз қойып, іле медбикеге екпесін жасаттырған. Көзің жамандық көрмесін, манағы манағы ма, тозақ енді басталды.

Кеше ғана бүтін денесі бел ортасынан бөлінгендей болып, берекесі кеткен науқас есі кіресілі-шығасылы күйде жан сақтау бөліміне жеткізілді. Дұрыс қолданылмаған дәріден шамданған дерт бұл кезде Жақаңды тырп еткізбей буып тастаған. Алапат аурудың қысымынан бар денесі быртия ісініп кеткен сырқаттың жағдайы қыл үстінде еді. Шараға қандай жағдайға да әзір тұру ескертілген. Бұл – сол кезде Одақ бойынша алдыңғы орынды еншілеген Қарағанды медицинасы мен қызметкерлерінің Жақаңның дертіне дауа таба алмай аңтарылған сәті болатын.

Аңтарылмай қайтсін, кейін белгілі болып, саланың белгілі маманы кешігіп кешірім сұрағанындай, сырқаттың сипаты (диагнозы) дұрыс анықталмапты. Дәрігерлер ауру ағзасындағы күретамырдың қарысқа жуық бойында ұйып қалған қанды сұйылтып жол ашудың орнына, қате шешім қабылдап, керексіз дәрі қолданған. Ал, бұл сайрап тұрған адамды аяқтан айырып, мүгедек арбасына таңылуға әкеліп соқтырған. Бұдан асар өкініш болар ма?!

Дегенмен, Мұқағали ақынның «өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп жазғанындай, Жақаңның көрер жарығы бар екен, бала-шағасының бақытына қарай аман қалды. Әрине, өмірдің өріне, құрметтің төріне енді ғана көтеріліп келе жатқан кемел шақта шектеулі тірліктің шідерісін кию кімге оңай тисін?! Жақаң да опырылды. Басына қара аспан төніп, күні түнекке батқандай болды. Үлпілдеген үмітті қылпылдаған күдіктің күрек тісі кеміріп бара жатты… Бірақ «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген Абайдың сөзі бар еді. Тілеуін тілеп, тірлігін түгендеп отырған дос-жаран бар еді. Жарының құрсағында Гауһар мен Меруерті асыға күтіп жүрген бауырлары – шақалақ шарана бар еді. Қанша ауыр десең де, осы бір қиын кезеңнің соңында Жақаңды бала-шаға ортасындағы бақытты да бақуатты, жарқын өмір күтіп тұрған. Бірақ, әр нәрсе уақытымен. Оған дейін біраз шыдай тұру керек болатын.

Жаны жабырқау Жақсылықты мұңаюдың дерті мен күйінудің өртінен әлгі айтылған үш тірек аман алып қалды. Ақтоғай ауданының тумалары, ұлағатты ұстаз болған Жанәділ Сапарғалиев пен ақсүйек тұқым, ақ ана Әбішева Қамарияның жалғыз баласы Шараны жаратқан Ием Жақаңа сәтімен кездестіргендей еді. Жаны жібек жар жарқын күндердің ғана емес, жабырқау жылдардың да сынынан сүрінбей өтті. Шынында да, жылдар бойы үй мен түздің тірлігін қатар тартып, жан серігінің шығармашылық жұмысына жағдай жасап, барлығын мейірім-махаббатқа бөлеп келе жатқан дәл осындай тағы бір әйел бар ма екен жер бетінде?! Бар болса да бірен-саран-ау. Бұл үйдің үлкені де, кішісі де, тек, соған сүйеніп, тек, соған сеніп алған. Тіпті, Жақаңның өзі де оның төртінші баласына айналып кеткендей. Мен «Шың» атты бір томдығымдағы Шараға арналған өлеңімде бұл жәйтті: «Ерінің есіне алып серке күнін, Мейірім шуағымен өртеді мың. Үш қыздың ортасында жалғыз ұлдай, Көтеріп келе жатыр еркелігін», – деп өрнектегем. Ал, дәл осы кітапта Жақсылыққа арналған жырымда әлгі сыйластықты: «Сүйсінткен талантың мен танымыңыз, Сіздегі кісіліктің мәні нығыз. Сақтардың патшасындай сызданасың, Бәйек боп қасыңдағы ханымыңыз», – деп сипаттағам.

ӨРЛЕУ

Жақаңның жалғыздықтың жайлауында қалып кетпей, жаңа сапаға көтерілуіне көп қамқорлық көрсеткен, әлі де көрсетіп келе жатқан тағы бір адам – студенттік күндерден досы, қоғам қайраткері, профессор, доктор, ректор Ерқара Балқараұлы Аймағанбетов. Тағдыры тәлкекке түскен үзеңгі достың қаяулы көңілін осынша терең түсініп, осынша қолдап отыратын азаматтық қасиет бүгінгідей адамдық сапа ада болып бара жатқан заманда, әй, мыңның ішінен табылмас. Қазақтың «мыңнан – тұлпары» бұл жердің бодауына жүрмес. Мұндай кең де кенен қасиет миллионның ішінен біреу ғана болып мөрленер. Ерекеңнің ірілігі – бір ғана Жақсылыққа жылулық танытуында емес, бүкіл ұжымның, қажет болса, қаймана қазақтың да қасынан табылып, қамқор қолын созғысы кеп тұратынында.

Сөйтіп, Ерекең мен Шара үйде отырған адамды түздің жауынгер тірлігіне қосты. Оның жауынгерлігі жас ұрпақты білімде шыңдап, біліктілікке баулуда танылды. Жылына жүздеген студентке консультация беріп, ондаған ізденімпаздың курстық, дипломдық жұмыстарына жетекшілік етеді. Қажет кезінде ұжымдағы шараларға да атсалысып, ақыл-кеңесін беруден аянбайды.

Жақсылық Толпаков – бухгалтерлік- есеп саласының маманы.Оның республика Оқу және ғылым министрлігінің мақұлдауымен қазақ-орыс тілдерінде жарық көрген қос томдық оқулықтары еліміздің ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Украина секілді жақын шет ел университеттерінің де сұранысына ие. Бұл – Жақаң жазған дүниелердің дәлелді де дәйекті, әрі басқа «жазғыштардан» гөрі оқулықтарының сапасы оқ бойы озық екенін аңғартады. Мыңның бірінің тісі бата бермейтін «Бухгалтерлік есеп», «Қаржылық есеп» секілді күрмеуі қиын қос томдықтарды жазу үшін қаншама білім, қажыр-қайрат қажет. Және осыншама ұланғайыр дүниені жылжымалы арбасының үстінде белі майысып, қабырғасы қайысып отырып жазғанын елестетсеңіз, әлгі өзіміз айта беретін, Маресьевіңіз бен Корчагиніңіз Жақаңның қасында ұйықтай тұрса да болғандай.

Оқулық жазудың қиындығы – оның қатаң сараптамадан өтетіндігінде. Мәселен, математиканың майын ішіп, экономиканың жілігін шаққан академик С.Сатыбалдин, экономика ғылымының докторлары К.Ш.Дүйсембаев, К.О.Окаев секілді сұңғыла ғалымдар мен Т.Рысқұлов атындағы Экономикалық университеті жанындағы Білім министрлігі ғылыми-методологиялық кеңесінің сараптамасынан өту – тозақтың қыл көпірінен өтумен бірдей екенін көзіқарақты жұрт түсінсе керек. Жақаң жазған кітаптар осындай сүзгіден сүрінбей өткен сүбелі дүниелер. Бұл ретте отағасының үйде жазған еңбектерін түзге жеткізіп, алыс-жақын қалалардағы тиісті кеңселердің есігін ашып, мақұлдауын алып, тасқа басылып шыққанға дейінгі тауқыметін арқалайтын Шараның еңбегі бір төбе десек артық емес.

Жақсылық Толпаков – аталған оқулықтар сыртында төрт монография, жүзге тарта ғылыми мақала жазып, республикалық «Бухгалтер бюллетені», «Бухгалтер анықтамалығы» және «Библиотека бухгалтера и предпринимателя» басылымдарында жариялаған автор. Оның жас буынға білім беріп, байыпты ғылыми еңбек жазудағы жарқын да жанкешті еңбегі елеусіз қалған жоқ. Көптеген мақтау-марапаттары қатарында кеудесінде «Қазақстан республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерінің жарқырауы осының айғағы. Жуырда Қарағанды экономикалық университеті құрылғанына жарты ғасыр толу мерекесін кең көлемде атап өтті. Айтулы шара барысында Жақсылықтың күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ұстаздық қызметі жоғары бағаланып, «Елдің жоғары білім беру жүйесінің дамуына, жаңа буын маман дайындаудағы инновациялық істері үшін» А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен аталып өтті. Ерінбей еткен еңбектің өтеуі дедік мұны.

Жақаңдар отбасы – ақарлы-шақарлы әулет. Осыдан ширек ғасыр бұрын небәрі бес жаста болған Гауһары мен үш жасқа іліккен Меруерті, іле-шала үйдің ішін іңгәсімен әлдилеген Маржаны – бүгінде байыпты білім мен байсалды өмір иелері. Бәрі де аяғынан тұрып, өмір ағынына ілескен қоғамның белсенді азаматтары. Ата мен ана үшін бұдан асқан қандай бақыт болмақ?! Солардан тараған ұрпақтың у-шуы – осы шаңырақтың сарқылмас симфониясы, таусылмас тәтті әуені секілді. Гауһар, Меруерт, Маржан – бірлігі жарасқан жұбайлардың үш асыл тасы. Үш үлпіл үкісі. Үш тал гүлі. Содан да Жақаңның жаны жадыраңқы, Шәкеңнің жүзі шырайлы. «Қаңтарулы қазанат» деп жазып еді Шерхан Мұртаза ұлы Ғабеңнің жазу үстелі иесі кетіп, иен қалғанда. Жоқ, қаңтарулы емес… Шідеріде ширығулы қарагер – бұл. Боймен емес, оймен шабатын заманның қарагері. Әулетіңмен әуелей бер, Жақа.

Абзал БӨКЕН.

Суретте: А.Байтұрсынов атындағы алтын медальдің иегері, профессор – Жақсылық Толпаков.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button