Жаңалықтар

Шетелдіктер де билет сатып алуда

     Елордада өтетін «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі технологиялық жаңашылдыққа бастайды. Зияткер оқушылардың қатары көбейіп, ғылымға жол ашылады. Бұл жөнінде Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына сабақ беретін Ұлыбритания мен кениялық оқытушылар айтты.

Олар жаратылыстану-математика бағытындағы эксперименталды білім бағдарламасын жүзеге асыратын мектепте білім алу әлдеқайда тиімді дейді. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар физика, математика, химия және биология пәндерін тереңдетіп, үштілді ортада оқиды. Ал, халықаралық көрме жас қазақстандықтардың шетел тілін жетік меңгергенін көрсетіп қоймай, әлеуетін арттырады. Мектепте математика пәнінен сабақ беретін, Кембридж емтихандарында пайдаланылатын математикалық бағдарламалармен жұмыс істеуді үйрететін мұғалім Давид Вайгва:

«ЭКСПО» көрмесіне ұсынатын жобаларын оқушылар көбінесе ағылшын тілінде қорғайды. Сол арқылы жаңа достар табады. Кейін ғаламтормен байланысып отырады. Бұл көрме сондығымен оқушылар үшін де маңызды. Олар қазір қызу дайындық үстінде.

Қазақстанның әлем елдері алдында өсу әлеуеті жоғары екені белгілі. Көрме барысында елдердің күн энергиясын пайдалану көздеріне байланысты ұсынған жобаларын оқушылармен бірге тамашалағым келеді. Сондықтан, көрменің екінші аптасында отбасыммен баруды жоспарлап отырмын.

Оқушыларды Назарбаев университетіне немесе халықаралық ЖОО-ларға түсуге SAT халықаралық емтиханына дайындайтын физика пәнінің мұғалімі Иан Маккензи:

«ЭКСПО» жөнінде айтылғалы бері зияткерлік мектептің білікті педагогтары оқушыларға оның мәнін, мақсатын түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мектептегі заманауи ғылыми-зертханалық және интерактивті мультимедиялық жабдықтар арқылы оқушылар көрме тақырыбын тез түсінді.

Маған қазіргі таңда көрме үшін салынып жатқан ғимарат ұнайды. Сондықтан, көрмені тамашалауға Астана, Алматы, Қарағанды қалаларындағы достарыммен барамын. Оның үстіне, Қазақстан көптеген елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан ел. Осы ретте мені бүкіләлемдік көрмені тамашалауға қай елдердің келетіні қызықтырады. Оған қоса шетелдіктерді көріп, ғалымдармен танысқым келеді.

Қарағандыда тұратын Германия азаматы, «Isoplus Орталық Азия» ЖШС бас директоры Леонард Штайн:

Өнімдерімізді «ЭКСПО-2017» нысандарының құрылысына жеткіздік. Барлық қызметкерлерге, 150 адамға билет алдық. Еуропа елдерінде өткен «ЭКСПО» көрмелерін тамашалаған болатынмын, Қазақстанда да қызық болады деп ойлаймын. Көрмеге халықаралық компаниялардың еуропалық кеңселерінің басшылары да келеді. Өзім де міндетті түрде барамын.

Назарбаев зияткерлік мектебінде жас қазақстандықтарға тәлім беретін шетелдік мұғалімдер оқушылардың талантты екенін айтады. Олардың айтуынша, жаһандық көрме болғандықтан, қазақстандықтар «ЭКСПО-ны» ұтымды пайдалана білуі қажет. Бұл – елдің болашағына, әсіресе, оқушыларға серпін береді, инновациялық жобаларға бастайды.

Бұған дейін Қазақстан ЕҚЫҰ саммитін лайықты дәрежеде ұйымдастыру арқылы халықаралық бастамаларға жол ашты. Сондықтан, еліміздің алдағы көрмені жоғары деңгейде өткізетініне шетелдіктер де сенімді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button