Шет ауданында тегін дүкен ашылды
Шет ауданы орталығында аудан әкімдігінің бастамасымен «Ақтілеу» қайырымдылық қоры арқылы әлеуметтік тегін дүкен ашылды.
Дүкенге арналған орынды жеке кәсіпкер Рахметқали Мұсаханов «БАҚ» сауда орталығынан тегін ұсынып отыр. Шеттіктер игілікті шараға белсене атсалысуда. Ауыл тұрғындары киім-кешек тапсырса, «Шерубай – су» ЖШС өздері өсірген картопты дүкен сөресіне қойды. «Ақтілеу» қайырымдылық қоры, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерден түскен қаржыға азық-түлік сатып алынды.
Сондай-ақ, дүкен аудандық жұмыспен қамту бөлімі бекіткен тізім бойынша көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды ай сайын азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттармен қамтамасыз ететін болады. Келешекте мұндай дүкендерді Ақадыр, Ақжал, Мойынты және С.Сейфуллин атындағы кенттерде де ашу жоспарлануда.
Думан ҚАБЫЛ,
“Ortalyq Qazaqstan”