Шет ауданында пәтер кілттері табысталды

«Шын жүректен» қайырымдылық акциясы аясында Шет ауданы, Ақжал кентінің атымтай жомарт азаматтары жалғызбасты әке Аманқұл Бөлтіковке үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Төрт баласын бір өзі тәрбиелеп отырған ақжалдық азамат аяқ астынан мұндай қуанышқа кенелгеніне дән риза.

Қайырымды істің жүзеге асуына Т.Тәжібаева, Ж.Жүзбаева және Ә.Әбдіқасов есімді азаматтар себепші болды. Сонымен қатар, «Шын жүректен» қайырымдылық акциясына Ақжал кенті, Ақшатау, Жарылғап батыр ауылдарының тұрғындары да өз үлестерін қосты. Пәтер кілтін тапсыру салтанатында Аманқұл Бөлтіковке қайырымдылық қоры арқылы тұрмыстық заттар да сыйға тартылды.

Шеттіктер көпбалалы отбасыларға деген көмек шараларын мұнымен тоқтатпады. Күні кеше Ортау ауылының тұрғындары көпбалалы Болат Төлеубековке де 3 бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Енді, ортаулықтар ауылдастарының алдына мал да салып бермекші.

Думан ҚАБЫЛ