«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында әр аулаға балалар ойын алаңы салынып, асфальт төселген. Жарық шамдары мен футбол алаңы орнатылыпты. Жалпы, қаладағы әр аула жыл сайын көркейіп, жаңа кейіпке енуде.
Бұл жобаның артықшылығы – кез келген тұрғынның өзі тұратын ауласына қатысты абаттандыру мәселесін көтеріп, жергілікті билікке сала мамандарына ұсынысын ашық айтуында. Осылайша тұрғындардың қатысуымен былтыр Қазыбек би ауданында 20 аула абаттандырылыпты. Ал, биыл 60 алаң салу жоспарланған. Әр алаңның құны 30 млн теңгеге жуық десек, биылдыққа облыстық бюджеттен 2 млрд теңге бөлініпті.

Әр ұсыныс назарда
Аталған жобаға кез келген қала тұрғыны өтінім бере алады. Кейін қалалық мәслихат депутаттары мен облыс әкімдігінің мамандарынан құралған арнайы комиссия өтініштерді іріктейді. Өтінімдер тек Қазыбек би ауданы бойынша ғана қаралады. Кейін комиссия мүшелері дауысқа салады. Егер жоба тиісті көрсеткішке сай дауыс жинаса, сметалық құжат әзірленіп, кейін бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал, құрылыс жұмыстары келер жылдан басталады.
– Бұл жоба 2022 жылдан қолға алынған. 2023 жылдан бастап нәтижесін көрдік. Басында халық дұрыс түсінбеді. Алғашқы жылы үш үйдің ауласын жасаған едік. Келесі жылында 20 ауланы абаттандырдық. Ал, осы жылы 60 аулаға алаң орнатып жатырмыз. Тұрғындардың басым бөлігі ересек және кішкентайларға арналған екі алаң салуды сұрайды. Әрине, тұрғындарға балалар қауіпсіздігі маңызды. Одан бөлек, футбол алаңын да көп сұрайды. Қай құрылғыны қай жерге қоятынын тұрғындар өздері шешеді. Себебі, бөлініп жатқан қаржы – халықтікі. Салған алаңға мердігер тарапынан үш жылдық кепілдік бар. Жөндеу жұмыстарына толық жыл керек. Жұмыстар толық аяқталған соң көше тұрғындарын және басқа да тиісті сала мамандарын шақыртып, тексеру жүргіземіз, – деді Қазбек би ауданы әкімдігінің абаттандыру және жоспарлау бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.
Биыл 20 алаңның құрылысы басталған. Жерге бетон төселіп, алаңқайлар ретке келтірілген. Енді жаттығу құрал-жабдықтарын орнату ғана қалыпты. Одан бөлек, аталған жоба аясында тек аула емес, алаңдар да жасалады. Оған бір мысал – Қ.Аманжолов көшесі №21 мекенжайындағы шағын алаң. Осы жоба аясында абаттандырылған. Қажетті құрылғылар қойылып, асфальт төселген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы алты алаң ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Кепіл мерзімі аяқталған соң алаңның тазалығына және абаттандыру, күту, жөндеу жұмыстарына – тұрғындар жауапты.
Көптің қалауы ескеріледі
Зейнеткер Гаухар Қасымжанованың Крылов көшесі 4 «А» мекенжайында тұрғанына 20 жылдан асыпты. Өзі алғаш көшіп келген жылдары аулада алаң түгілі отыратын орындық та болмағанын айтады. Кейінірек «Халық қатысатын бюджет» жобасы жайында естіп, жан-жақты ақпарат алған. Сөйтіп, ауласына балалар алаңын салуды өз қолына алып, тұрғындардан дауыс жинаған.
– Аула тұрғындарының ауызбіршілігі мол. Бәріміз бірауыздан қолдап, жобаға қатыстық. Қазір ауламыз көркейіп, адам танымастай өзгерді. Аулада балалар көп. Бұрын балалар ойнайтын жер іздеп, аула кезіп жүруші еді. Қазір бәрі осында жиналады. Кешкісін балалармен қатар ата-аналар да аулаға шығып, сейіл құратын болды. Биыл мамандар жыл соңына дейін ауламызға асфальт төсеп беретіндіктерін айтты, – деді Гаухар Балтабайқызы.
Аула тұрғыны Олеся Тимофееваның Крылов 6 мекенжайына көшіп келгеніне бес жылдың мұғдары болыпты. Өзі – екі баланың анасы. Күнде кешкісін балаларын алып, серуендеуді әдетке айналдырған.
– Біз көшіп келгенде аулада бір ғана темір сырғанақ болатын. Оның өзі ескірген. Аула тұрғындары оны өздері орнатыпты. Кейіннен ол сырғанаққа да ешкім сырғанамайтын болды. Тұрғындардың уәжін естіп, бізге осындай алаң салып берген әкімдік мамандарына алғыс білдіремін, – деді Олеся Александровна.
Аталған мекенжай бойынша жарық тіректері орнатылып, алаң салынған. Енді алдағы жылы асфальт төселеді деп күтілуде.
Ермеков көшесі 35/2 мекенжайына да алаңның салынғанына бір жыл енді болыпты. Аула тұрғыны Юлия Войтюк аталған жобаға осыдан екі жыл бұрын өтініш беріпті. Бірақ, алғашқыда өтінімі қабылданбаған.
– 2023 жылы әкімдіктің сайтына кіріп, асфальт керектігін айтып, өтініш тастаған едім. Бірақ, қабылдамады. Дегенмен, бір жылдан соң қайта өтініш бердім. Өтінішіміз ескеріліп, керемет алаң салып берді. Жарық тіректерін де орнатты. Әрине, біз бұл алаңды көптен күттік. Балалар да көбейді. Өзімнің екі балам бар. Күнде кешкісін далаға шығып, осында ойнатамын, – дейді тұрғын.
Бәрі халық игілігіне
Қазыбек би ауданының қоғамдық-саяси өміріне жауапты 16 халық қалаулысы бар. Әр депутат бір округке жауапты. Яғни, әрқайсы өзіне тиесілі округі бойынша жұмыс істеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Осындай ел игілігіне бағытталған немесе қандай да бір жобалардың халыққа жетуі осы депутаттарға байланысты. Қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Жұмабековке №5 округ тиесілі. Қарағанды теміржол вокзалынан бастап, Қарағанды экономикалық университетіне дейінгі аралық – осы округке тиесілі. Былтыр «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 20 аулаға балалар ойын алаңы орнатылса, оның 8-і – №5 округте екен. Ал, бұл Бейбіт Қайыржанұлының халықпен тікелей қарым-қатынас орнатып, тығыз байланыста екенін аңғартады.
– Бұған дейін әкімдік өкілдері қай жерге қандай балалар алаңы керектігін өздері шешіп, ешкімнен сұрамай орнатып кететін. Қазір жүйе өзгерді. Не керек және қайда орнату қажеттігін халық өзі шешеді. Сол кездері тұрғындар «Біз ешкімнен алаң сұраған жоқпыз. Өздеріңіз қойдыңыздар. Енді өздеріңіз қарайсыздар» деп наразылығын білдіретін. Енді бәрі керісінше. Өздері алаң сұрады ма, кепілдігі біткен соң алаңның тазалығына, абаттандыру және жөндеу жұмыстарын тұрғындар өз мойнына алады. Әрине, көп адам осындай жобалардың барын біле бермейді. Сондықтан, халық құлағдар болуы үшін біз халықпен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Нәтижесінде, жыл өткен сайын бұл жобаға қызығушылық танытқандардың қатары артып келеді. Бәрі халықтың игілігіне, – деді Бейбіт Жұмабеков.
Депутат өз сөзінде 1 маусым – Балалар күніне орай тағы бірнеше алаң берілетінін де баса айтты.
Жаңа аула, жаңғырған алаң
Қаланың Оңтістік-Шығыс бөлігінде орналасқан Степной ықшамауданы, 2/9 мекенжайына да өткен жылы балалар алаңы орнатылған. Асфальт та төселіп, қалыпқа келтірілген. Бұл мекенжайдың ауласын «аула» деп те айта алмайсыз. Үйдің анау басынан мына басына дейінгі аралығы құдды бір алаң іспетті. Тұрғындар тарапынан өтініш түскен соң арнайы комиссия мүшелері де осы бір ерекшелікті байқап, шағын алаңның сызбасын әзірлеген. Ауланың кіреберісінен асфальт төсеп, ұзындығы шамамен 200 метрдей дәліз жасаған.
– Жаңбырлы күні немесе көктемде көшенің басы суға толып қалатын. Осыдан бір жыл бұрын ауламызды көрсеңіз, жағаңызды ұстар едіңіз. Одан бөлек, газ және жылу құбыры да жермен тартылған еді. Аулада мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады, кішкентайын жетектеп, арбасымен аналар да серуенге шығады. Сол уақытта құбырлар жолдың екінші бетіне өтуге кедергі еді. Осы жоба жайында естіп, тұрғындарға үндеу жасадық. Бәрі келісіп, аз уақыт ішінде дауыс жинап берді. Қазір ауламыз адам танымастай өзгерген. Ауламыздың осылай көркеюіне үлкенімізден кішімізге дейін әр тұрғынның үлесі бар. Жерде жатқан құбырлар жоғары көтерілді. Ал, әлгі су жиналатын орын тегістеліп, асфальт төселді. Жарықшамдар да орнатылды. Белсенді тұрғын – елдің негізі. Осындай ауызбіршілікпен жасалған жұмысты игілігімізге пайдаланған қандай жақсы?! – деді Игорь Литвинов.
Аула тұрғыны Татьяна Ильязова абаттандыру мәселесімен облыс әкімдігіне 12 жыл қатарынан өтініш беріп келгендігін айтады.
– Осы жыл ішінде түрлі сала мамандары келіп, ауламызды көріп кетті. Бірақ, білмеймін, қандай да бір жағдайда өтінішімізге кері жауап келді. Тіпті, аудан әкімі де келіп, мәселенің мән-жайымен танысты. Әр келген жылы мамандар «Келесі жылы асфальт төселеді» деп кетеді. Бірақ, ешқандай жұмыс жасалмады. Осыдан екі жыл бұрын «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өтініш беріп едік, өтінішіміз қабылданды. Былтыр асфальт та төселді, балалар алаңы да орнатылды. Осы жобаға жетекшілік жасап жүрген сала мамандарына алғысымды білдіремін. Солардың арқасында біздің аула шағын алаңға айналды, – дейді тұрғын Татьяна Абдрахманова.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»