Жаңалықтар

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ: «БАҚ тілі мәдениетін көтеру маңызды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»,  – деген еді «Егемен Қазақстан» газетіне берген мақаласында.

Президент Қ.ТОҚАЕВТЫҢ қолдауымен тіл жанашырлары қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында тағы бір үлкен жұмыс жасады.

Бүгінде БАҚ арқылы көпшілікке хабар таратуда журналистер тілінде кетіп жатқан қате қолданыстарды бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл мәселе жөнінде тіл мамандарының дабыл қағып, айтып жүргендеріне біраз болды. Тіл тазалығын сақтауда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. БАҚ тілінде айтылып жүрген қате қолданыстарды түзеу мақсатында күні кеше «Сөзтүзер» атты сөздік жарыққа шықты. Бұл – қалам ұстаған қауымға жол көрсетіп, жөн сілтейтін темірқазықтай туынды болғалы тұр. Осы істің басы-қасында жетекшілік етіп жүрген тіл жанашыры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫМЕН осы сөздік төңірегінде сұхбаттасудың сәті түсті.

Шерубай Құрманбайұлы, қазақта “сын түзелмей, мін түзелмейді” деген сөз бар, бүгінде сіздің жетекшілігіңізбен жарыққа шыққан «Сөзтүзер» атты сөздігіңізге қалам иелерінің назары ауа бастағандай көрінді. Расында да түзетуді қажет ететін сөздер БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, түрлі сайттарда, телеарналарда жетіп артылады. Бұл мәселелерді әредік тіл мамандары айтып та, жазып та жүр. Бірақ қанша шырылдағанмен, жүйелі жұмыс жүргізілмеген соң, айтылған сыннан нәтиже болмағанын байқап келдік. Осы ретте аталмыш сөздіктің шығуын зор еңбек деп бағалар едік. Осы істі бастау идеясы қалай пайда болды, кімдер қолдау көрсетті?

– Сөздік туралы жылы лебізіңізге рақмет! Өзіңіз айтқандай сөз мәдениеті жайында мамандар айтудай-ақ айтып, үздіксіз жазып жүргенімен  айтарлықтай нәтиже шыға қоймады. Біздің өзіміз осы БАҚ тілі туралы сонау 2000 жылдан бастап соңғы 20 жыл ішінде көлемді-көлемді 15-20 мақала жарияладық, бірнеше сұхбат бердік. Дәл осы БАҚ тіліне арналған  республикалық конференциялар, семинар, тренингтер өткіздік. Соңына шағын сөздігін қосып «БАҚ және сөз мәдениеті» деген кітап та шығардық. Бізден өзге қалам иелері де бұл мәселе туралы аз жазған жоқ. Бірақ содан іс оңға басып, БАҚ тілінің сапасы артты деп айту қиын. Филологтар, тіл мамандары БАҚ саласы мамандарына арналған арнаулы  құралдар (әдістемелік, оқу құралы, сөздік) шығару қажет деген ұсыныстар да айтқанбыз. Осы мәселені жүйелі сөз етіп жүргендіктен болса керек, өткен жыл соңына қарай бізге ҚР Президенті Әкімшілігі тарапынан БАҚ тіліне арналаған жобаға жетекшілік жасап, арнаулы сөздік жасау туралы ұсыныс айтылды. Өзіміз зерттеп, үнемі сөз етіп жүрген мәселе болғандықтан келісім беріп, істі қолға алдық. Елге белгілі тіл мамандарынан, аудармашы, редакторлардан тұратын жұмыс тобын құрып, жыл басында жұмысты бастап кеттік. Бұл жұмыстың барысын ҚР Президент Әкімшілігі тікелей қадағалап отырды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен БАҚ басшыларының басын қосып бірнеше жиын өткізді. Бізді қатыстырып, журналистер үшін арнайы тренингтер де ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, сөздікті құрастырушылардың кедергісіз жұмыс істеуіне барынша мүмкіндік туғызылды.

Жалпы тіл тазалығы, БАҚ тілінің мәдениеті – біздің де, өзге де көптеген мамандардың да тарапынан осы уақытқа дейін сан мәрте айтып, дабыл қағып келген мәселе. БАҚ тілі туралы талай сөз айтылып, көптеген ұсыныстар берілді ғой. Бірақ соған құзырлы органдар тарапынан жете мән беріліп, ұсыныстарды ешкім құлағына іле қоймап еді. Бұл жолы мәселеге биліктің ең жоғарғы сатысы тарапынан назар аударылды. Жобаның басталуына, жұмыстың ұйымдастырылуына, осы сөздік шығарылып, елге таныстырылуына ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Д.Абаевтың мұрындық болып,  бүкіл іс барысын өзі қадағалап отыруы соның айғағы. Жоба жұмысының дұрыс ұйымдастырылып, мамандарға қолдау көрсетілуінің арқасында  4 ай ішінде 7 адам осы сөздікті құрастырып шықтық. Бұл – өте қысқа мерзім. Одан соң редакциялап, баспаға тапсырдық.

Ал сіз айтып отырғандай бұл еңбекке қалам ұстаған қауымның бірден назар аударуы БАҚ тілі мәселесінің өте өзектілігін, оған қоғамның көз тігіп отырғанын көрсетеді.

–  Ендігі мәселе бұл сөздікті қолдану жағы, оны насихаттау жұмыстары қалай болмақ?

– Қазір сөздіктің 500 данасы ғана жарық көрді. Бұл өте аз таралым. Сөздіктің таныстырылымы кезінде Д.Абаев мырза бұл құралды жыл аяғына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті үлкен тарылыммен мемлекеттік тапсырыс есебінен шығаратыны және оның электронды нұсқасының да арнаулы сайттарға қойылатынын айтты. Яғни, сөздік қолжетімді құралға айналады деуге негіз бар.

Ал насихатталу жағына келсек, қазірдің өзінде көпшілікке мұндай еңбектің жарыққа шыққаны туралы  ақпарат тарап жатыр. Негізгі таралым жарық көрген соң, ол жөнінде тиісті деңгейде ақпарат, мәлімет берілсе, қажетті мекемелерге жеткілікті мөлшерде таратылса оны журналистер, өзге сала мамандары кеңінен қолдануына мүмкіндік туғызылады деп ойлаймыз.

Аға, бұл сөздіктегі мысалға алынған қате қолданыстарды тіл мамандарынан бөлек, көзі қарақты оқырман да байқай алатын секілді. Тіліміздегі тұрақты тіркестердің өзін бұзып, басқа сөздермен алмастырып айтатын өрескел қателікті кездестіріп жатамыз. Мұндай қателіктердің көбейіп кетуі нені білдіреді?

– Өз тілін жетік білетін, оны қадірлейтін, сөзге мән беретін адамдар ел ішінде, түрлі сала мамандарының арасында да бар. Сондықтан сөз қолданыстағы қателерді тек филологтар, ақын-жазушылар мен журналистер ғана емес, өзге салаларда еңбек етіп жүрген түрлі мамандық иелері де көруі, білуі – табиғи нәрсе. Тіл – халықтікі ғой. Егер ондай адамдар көп болса, тілге жаны ашитын, сөз тазалығына, сөйлеу, жазу мәдениетіне мән беретіндер қатары артса, ол тіпті жақсы.

Ал қателердің көбейіп кетуінің себептері туралы айтсақ, олар бірнешеу болуы мүмкін. Бұл ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде елдің бүкіл аумағында, барлық салада, соның ішінде БАҚ-та да айрықша мәртебесі бар тіл ретінде әлі де кеңінен қолданылмай отыруымен, тілге деген сұраныс және оның мәдениетін көтеруге деген талаптың әлсіз болуымен тығыз байланысты.

Екіншіден, тіл мәдениетінің төмендеуі – елдегі білім сапасының, маман даярлаудың жоғары деңгейде болмауының көрінісі. БАҚ басшылары білікті, өз ісінің шебері, журналистер қауымы жаппай сауатты, тілді жетік меңгерген болса, біз ел аман, жұрт тынышта қате теріп, осындай сөздік жасауға мәжбүр болмас едік қой. Үшінші, кадр іріктеуге, түрі келісті болғанмен, тілі кеміс мамандарды экранға шығарып, микрофон ұстатуға, жазуға бейімі жоқтардың қолына қалам беріп, газет-журналға мақала жаздыруға абай болған жөн. Аға, орта, жас буын журналистер арасындағы сабақтастықты сақтап, бір-бірінен үйренуге, тәжірибе алмасуға да мән берген орынды. Әсіресе, жастар қаламы төселген білікті, белгілі қалам иелерінің тәжірибесін пайдаланып, олардан үйренуге мүмкіндік беру жағын да ұмытпау керек. Осы сияқты мәселелерге мән берілсе, БАҚ тілінің мәдениеті көтеріледі деп білеміз.

Тіл тазалығының сақталмауы, орынсыз тіркестердің қолданылуы қай уақыттан бастап белең алды?

– Бұл құбылыс бұрын да болған. Сонау кеңестік кезеңде Ғ.Мүсірепов, М.Балақаев, Р.Сыздық сияқты көптеген ел зиялыларының тіл тазалығына мән беру мәселесін көтергені, арнаулы ғылыми жиындар өткізгені мәлім. Ал тәуелсіздік тұсында қазақша хабар тарататын газет-журнал, теле-радио арналардың, порталдар мен сайттардың саны еселеп артуына байланысты қазақша мәтіндер де көбейді. Қазақша жазатын, қазақша сөйлейтін мамандар қатары өсті. Бұл жақсы, әрине. Бірақ, сонымен бірге сапа да өспей отыр ғой. Ал бұл енді қуанарлық жай емес. Енді санды сапаға айналдыруға, сөз мәдениетін көтеруге көңіл бөлетін, кемшіліктерді түзететін уақыт жетті.

Қалам ұстаған қауым сөздікке қалай қол жеткізе алады?

– Бұл мәселе жөнінде жоғарыда айттым. Осы сөздіктің шығуына мұрындық болған құзырлы органдар мен тіл саясатына жауапты құрылымдар оны қамтамасыз етуі керек. Біз мамандар хал-қадерімізше жылдар бойы айтып, жазып келе жатқан кемшіліктерді көрсетіп, қателерді жинап, сөздік түрінде жүйеліп, дұрыс нұсқасын көрсетіп бердік. Алдағы уақытта да оны жетілдіріп, толықтырып отырамыз. Бұл – маман ретінде біздің атқаратын міндетіміз. Ал қалған мәселені соған жауапты құрылымдар мен мамандар шешуге тиіс.

– Аға, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button