Руханият

Шертпе күйден – шарапат

      Қазақ шертпе күй өнері жайлы Тәттімбет бабамызсыз әңгіме бастай алмайтынымыз анық болса, оны бүгінгі ұрпақ зердесіне қондыруда Әбікен ХАСЕНҰЛЫНЫҢ рөлі сондай дер едік. Оқта-текте кейбір күйші-өнерпаздардан «Ұлы Абайды Әуезов қалай танытса, Тәттімбет мұраларын жеткізуде Әбікеннің орны соған жетеқабыл» деп жататынын да естіп қалып жатамыз. Эстрада жанрындағы арзан өнер атойлап тұрған мына заманда Әбікендердің өзіне насихат керек болып қалды бүгінде. Биыл бабамыздың туғанына 125 жыл толуына орай Қарағанды облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығының өкілдері өңірлерді аралап, біраз шаралар атқаруда. 6Соның бірі – жақында С.Сейфуллин атындағы кентте (Жарық) өткен «Әбікеннің қоңыры» атты ән-күй кеші.

«Күй керуеннің» ауыл-ауылдарды аралап концерт беруі тек Әбікен Хасенұлын ғана насихаттау емес, жалпы шертпе күйге деген жанашырлық деп ұққан жөн сияқты. Және бұған дейін аталған орталық Мойынты, Босаға, Киікті ауылдары мен Ақадыр кентінде концерттер ұйымдастырыпты. Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікен, тағы басқа күйшілерді тудырған аталған ауылдардағы ағайындар ол концерттерді жылы қабылдап, жақсы қарсы алған екен. С.Сейфуллин атындағы кенттегі бұл жолғы ән-күй кеші де тап-тамаша өтті. Жақсы жайдағы шараның жүргізушісі Бота Ноғаева кешті Қасым Аманжоловтың «Туған жер» әнімен ашты. Жаз шыққалы жер-жерлерді аралап, концерт беріп жүрген «Күй керуен» орталығының жетекшісі Қайролла Сәдуақасов мұнда Қыздарбектің «Мұң қосбасары» мен Әбдидің «Тәубе қосбасарына» «Сембектің қосбасарын» қосарлады. Сарыарқаның сазын шанағына сыйдырған даламен үндес домбыраның күмбірі буын-буынды мұңмен босатады. Оқта-текте өксітіп-өксітіп алса, өзекті сағыныш құшқандай әсерге бөлейді. Сөйтіп отырғанда, Біржанның «Айтпайын» салған Бота Ноғаеваның даусы көңілді бір серпілтіп тастады. Халық әні «Әриайдай» орындалғанда, залды шапалақ үні көміп кетті. Шет ауданы орталығынан келген Қайрат Мұстафиннің орындауындағы Қыздарбектің «Сылқым қызы» қандай. Әрі-сәрі күйге қалдырып, бір мұңайтып, бір қуантты. Дәстүрлі әнші Бекжан Әкей салған Шашубайдың «Қызыл қайыңы» көңілді шырқау биікке бір-ақ шарықтатты. Арасында Абылай Шүленбаев орындаған лирикалық әндер де үлкендердің қошеметін алды.

Қырық буын қосбасардан сорғалаған мұң мен зар өмір философиясына құрылған мәңгіліктің баяны іспетті кейде. Осындай есті дүниелер орындалатын күй концертіне жергілікті тұрғындарды тартып, шараның сәтті өтуіне мұрындық болған С.Сейфуллин атындағы кент әкімі Бауыржан Серіковтің еңбегін атап өткен жөн. Келген өнерпаздарға сый-сияпат үлестіріп, иықтарына шапан жапты. Сонысына қарай күйшілер мен әншілерге тұрғындар да ерекше ықылас танытты. Концерт соңында кештің атына берілген Әбікен Хасенұлының «Қоңыр» күйін Қалкен Қасымовтың орындауында тыңдадық. Әбікен бабамыз жайлы Ақселеу Сейдімбек айтқанындай: «Ол бір ғана «Қоңыр» атты күйімен қазақ күй өнерінің тарихында құрметті орынды еншілей алды. «Қоңыр» Арқаның күйшілік мектебінің үлгісінде дүниеге келген құрылымы күрделі, әуен-сазы мейлінше терең күй. Күйдің эпикалық қарымдағы тегеурінді тебіренісі жеке бастың күйініш-сүйінішінен гөрі заманалық ахуалды көбірек зерделетеді», – дегізген «Қоңыр» ғой – бұл.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button