Шаршы тақта шеберлері анықталмақ
Қарағандыда Армения, Ресей, Үндістан, Швеция, Украина, Польша, Моңғолия, Испания және Қазақстанның мықты шеберлерінің қатысуымен шахматтан халықаралық турнир өтуде.
Гроссмейстерлердің классикалық шахматтағы жарысы 4 қыркүйекке дейін жалғасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры – алты миллион теңге.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық шахмат біріншіліктері санаттарға бөлінеді. «С» тобындағы санатқа континенттер чемпиондары кіреді. Халықаралық жарыстар аясында әртүрлі жастағы әуесқойлар көрнекті гроссмейстерлермен ойнайтын турнирлер де өтеді.
Турнирдің ашылу салтанатында қонақтар мен қатысушыларды Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев құттықтап, спорттың осы түрімен айналысатын жастарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко турнир құрамаларды Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында өнер көрсетуге дайындаудың соңғы кезеңі екенін атады.
– Турнирде ерлер мен әйелдер бөлек жарысады. Федерация үнемі Азия және Әлем чемпионаттарын өткізеді. Бұл біздің спортшыларға, әсіресе балаларға өсуге мүмкіндік береді. Шахмат зияткерлікті дамытады, – деді Александр Бабенко.
Айта кеткен жөн, әйелдер арасындағы Masters Women турниріне бес тәжірибелі шетелдік қатысады. Олардың бірі – Армениядан келген халықаралық гроссмейстер Элина Даниелян.
– Бұл менің Қазақстанға алғаш сапарым емес. Шақыруға қуана келістім. Қазақстан шахматта, әсіресе әйелдер шахматында өте қарқынды дамып келеді. Жетістіктерді қадағалап отырамын, – деп атап өтті Элина Даниелян.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым