Жаңалықтар

Шараның шарапаты

Жақында Қарағандыдан досым Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің профессоры Жақсылық Толпаков телефон шалды. Мен өмірімнің денін өткізген Алматыға қайта қоныстанғаннан бері бұрынғыдан гөрі жиірек хабарласатын болған. Біреу келіп, біреу кетіп жататын керуенсарай-өмірдің ағымдағы өзгерістерін есептемегенде ел-жұрт аман, төңірек тыныш көрінеді. «Не жаңалық бар?» – дейміз ғой әйтсе де. Шаратай дөңгелек жасқа толғалы жатыр, – дейді ол жан жарының есімін назды дауысқа бөлеп.

Шара Сапарғалиева – кезінде исі Ақтоғай әлпештеген ерке қыз, бүгінде ақарлы-шақарлы отбасының ұйытқысы, берекелі бәйбіше. Шара Жанәділқызының ата-анасы елге сыйлы ұстаз, қауымға қадірлі кісілер болған. Отының алды, суының тұнығы жалғыз баласы Шараны еркін, ерке өсірді. Қатарынан қалдырмай, жоғары білім әперді. Содан бұл да Ақтоғайдың тумасы, бірақ Балқашты жайлаған болашақ бухгалтер-экономист Жақсылықпен таныс-біліс болып қалған ғой. Алланың бұйыртуымен сәтті сағатында екеуі шаңырақ көтерді. Өмірі мен қызметтері кезінде есімі одаққа белгілі Қарағанды кооператив институтында өтіп жатқан. Екеуінде де алға қойған мақсат, жетсем деген арман биік еді. Біреу қызыға, біреу қызғана қараған жас отаудың тірлігі тәтті арнаға түсе бастаған.

Әттең… Бұлтарысы көп өмір шіркін әттеңсіз болған ба?! Кандидаттық диссертациясын енді ғана қорғап, ғылымның кең арнасына енді ғана бет бұрған Жақаң тағдырдың қатал сынына ұшырады. Тең құрбымен тай құлындай тебісе ойнап, қатар қадам басып жүрген Жақсылық біліксіз дәргерлердің жалғыз ғана қателігінен арба-орындыққа таңылды да қалды. Пенде баласы үшін бұдан ауыр сын бар ма. Жақаң күйінді, түңілді, қайғырды, қапаланды. Бірақ тіке тиген тағыр дегенінен қайтпады. Бұл жәйт ауырған адамға ғана емес, айналасына, ет-жақындарға да оңай тимеген еді.

Әйткенмен, тас түскен жеріне ауыр. Осындай ауыр кезде алдымен ес жиған Шара мен көпті көрген ақылман анасы болатын. Жақаңның бала кезден жан досы, институт ректоры Ерқара да қанаты сынған қыранның өмір кеңістігіне оралуына бар күшін салды. Бұл кезде ерлі-зайыптылардың ортасынан өскен қос тал гүл – Гауһар мен Меруерт әлі мектеп жасына толмаған. Ал, Жақаңның өзіне тән кенжесі Маржан іште жатқан.

Енді ойлап көріңіз – күннен-күнге қаратайып келе жатқан ана, арбаға таңылған жар, шиеттей бала-шаға. Бір әйелдің мойнына аз жүк емес-ау. Бірақ табиғатында адамгершіліктің ақ уызымен ауызданған Шара мойымады. Мойыса да оны сыртқа сездірмеді. Кәрі шешені де күтті, Жақаңның да жағдайын жасады, балалардың да бабын тапты. Бірақ мұның бәрі айтарға ғана оңай еді…

Ректор досының көмегінің, жан жақыны Шараның жебеп, демеуінің арқасында Жақаң да өмір көшіне еркін ілесті. Ғылыми ізденісін жалғастырып, бүкіл кеңес өкіметі кеңістігіндегі жоғары оқу орындары студенттерінің қолынан түспейтін «Бухгалтерлік есеп» атты қос томдық оқулығын жазды. Институттағы оқытушылық қызметін үзбей, профессор атағына ие болды. Мемлекеттік деңгейдегі мақтау-марапаты қаншама?! Әрине осының бәрінде мұңайған көңілді көтерген, аяғы жоққа аяқ болған, қауқары жоққа сүйеу болған, жаураған үйге жылу, қоңырқай үйге өмір шамын жаққан Шараның да қосқан үлесі зор еді.

Бүгінде жас кезде көрген бейнет, көнген қиындықтың бәрі артта қалған. Жақаң мен Шәкеңнің үш асыл тасы – Гауһар, Меруерт, Маржан өздері бір орман жұрт, ордалы әулет болып кеткен. Солардан өрбіген ұрпақтың қызық-қуанышына тоймай, дүбірлі дәурен кешуде. Осының бәрі әуелі бір Алла, сонан соң Шара қыздың мейірімді, жылулы жүрегінің арқасында мүмкін болды десек, артық айтқандық емес.

Сол Шара, Жақаңның Шаратайының толымды жасы келген екен. Құтты болсын дейміз. Барша қазақ қауымына үй болудың, ұрпақ өсірудің, бай мен балаға қарап, отбасының бейнеті мен зейнетіне көну және соның жемісіне жетудің ең бір жарқын үлгісін көрсеткен байыпты бәйбіше, байсалды ана – Шара тағылымын төңірекке тәжірибе ғып таратса да артық емес. Ол сіреспе жиналыстармен емес, күнделікті тұрмыс көріністерімен тарап та жатыр. Туған күн иелеріне тағы да құтты болсын айта отырып, әулет қызығын тамашалай беретін ұзақ ғұмыр тілеймін. Төмендегі жыр шумақтарын тойға шашу ретінде толғадық.

Абзал БӨКЕН, ақын,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Басқа материалдар

Back to top button