ШАНШАР АБЫЗ
Шаншар абыз жөнінде бастау қиын, бастаған соң тастау қиын…
Бұл бір ғана менің басымдағы жайт болмас. Тірек ештеңе жоқ. Дерек, дәйектеменің барлығы да жанама. Бары – әпсана, аңыздар. Кәсіби тарихшылар үнсіз. Өлкетанушы, шежірешілердің ізденістері барлаудан әрі аспай тұр. Сонша таусылатындай ештеңе бола қойған жоқ, әрине. Дегенмен, ойласар жайт – баршылық.
Шаншар бабамызды есті қазақтың бәрі білсе керек. Абыз деп.
Ертеректе бабамызды абыз деп айтуға екінің бірінің дәті жетпеген. Айтса сыбырлап айтқан. Бүгінде екінің бірі абыз дейді. Себебін айтса, кәне?
Бәрін қойғанда ол тарихи тұлға. Жазба тарихы жоқ халықтардың тарихи тұлғаларын тұлғаландыру оңай шаруа емес. Бұл бізде басқа жұрттың тарихы, тарихшылары арқылы жүзеге асып келеді. Күні бүгінге дейін солай. Қазақ жұртына қаратып айтқанда біздің ондай тарихи тұлғаларымыз сол елдердің ыңғайына қарай түзіледі.
Олай болса тарихи тұлғаларымызды қайта електеуге тура келеді. Бұған қарап аждаһа, аю көршілеріміздің жазбаларынан бас тартудың қажеттігі бола қоймас. Тек сол жазбаларға қазақтың көзімен қарау қажеттігі туындайды. Мұнан басқа тарихи жырлар мен ел аузында жүрген әпсана-аңыздарымыз жеткілікті.
Қағазға түскен шежірелеріміз де бар. Оның басында Мәшекең, Шәкерім, Әлихан, Мұхамеджан және басқалары тұр. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда да бұл жәдігерлеріміздің елтанудағы алатын орны өз алдына бөлек әңгіме. Шоқан қазақ шежіресін түзді дегенге сеніңіз. Кешегі Марқасқа, Жиембет, Көтеш, Ер Доспамбет, Мөңке, Бұқар, Дулат, Шортанбай түзген жыр жолдарының әрбір шумағы да жатқан тарих.
Одан қалды ата-бабаларымыздың ауызша түзген шежіресі бар. Біздің жағдайда бұл да дерек көзі болып табылады.
Олай болса ауызды құрғақ шөппен сүрте беру жарамайды.
Әңгімемізді тікелей Шаншарға тіреген соң оның қай уақытта өмір сүргенін анықтау керек болады. Сырт қарағанда оның дәлелі жеткілікті көрінеді. Айлап, жылдап қағазға үңілген жан әлгі деректерге әбден милыққанын білер еді.
Қыр қазағының қайсы болсын Есім хан қолы астында Арғын, Найман батырларының соғысқанын айтады. Бұл әңгімені Әлекең де, Мәшекең де, Шәкерім де бекітеді.
Қатаған айтылған жерде хан Тұрсын ойға оралады. Тұрсын айтылған жерде Есімхан есте тұрады. Есімхан айтылған жерде міндетті түрде Шаншар айтылады. Себеп жеткілікті. Ең алдымен, Есімхан Тұрсынның үш қызын осы Шаншарға береді. Осыдан барып ел шежірешілері Шаншарды үш сыбағалы деп аспандатады.
Мұның өзі айтарлықтай дерек болғанымен елді адастыруға жетелейтін пайымдау. Сондағы адастырмайтын соқпағымыз қайсы?!
«Барлық жол Ұрымға бастайды» деген тәмсіл бар. Осыны өзімізге қаратып айтсақ қайтеді?!
«Барлық соғыс Ташкенттен басталған». Қазақ қосындары осы Ташкент үшін кімдермен ғана қырқыспаған. Одан қалды өз-өзімен соғыспады ма? Талай талайлы ханның, талайсыз қарашаның басы кетпеді ме? Сұлтаны ханына, інісі ағасына қарсы жүрмеді ме?! Осы Ташкент үшін соғыста қазақтың аты шыққан хандары Тәуекел, Шығай, Хақназар шейіт кетті емес пе?!
Ташкент жай ғана қала емес, кент-мемлекет, қала-мемлекет болды. Бүгінгі Ватикан сынды.
Ташкентті билеген хан атанды.
Ташкент билеушісінің құзыры қазақ даласына да, өзбек құжырасына да, сарт садағасына да, маңғыт мырзаларына да жүрді.
Ташкентті билеген Түркістанды да биледі.
Алдымен Шаш, кейін Таш атымен белгілі болды. Оның алғашқы ханы Әбілқайырдың ұлы Сүйінші еді. Ташкент үшін соғысты Қазақ хандығында Қасым хан бастап, Есім хан аяқтады.
Осы мәліметтерден-ақ Ташкенттің дәргейі, Шаншардың қашан өмір сүргені анықталады. Шайбани әулетінің Ташкентке жүргізген билігі бір ғасырға созылды. Бір ғасыр бойы осы Ташкент үшін Шайбани әулеті мен Қазақ хандығы арасындағы соғыс бір сәт те толастамады.
Ташкент болса қазақ қолына Абдолла Тәуекелден жеңілген соң ғана қараған. Осы қырғында Тәуекел опат болып, оның орнына Есім хан сайланады (1598ж.). Қазақ хандығына қарағаннан кейін де мұндағы тақ таласы тоқтамайды. 1600-1601 жылдары маңғыт мырзасы Жан (Джани) Мұхаммед, 1603-1604 жылдары қарақалпақ Әбділ Ғаппар, 1612-1613 жылдары Имамқұлдың ұлы Ескендір хандық құрды.
Қазақ хандары арасында Ташкент тағында ең көп отырғаны да, соңғы ханы да Жалым сұлтанның ұлы Тұрсын еді. Ол 1613-1627 жылдары билік құрды. Жалым сұлтанымыз айтып отырған Қасым ханның баласы болады. Бұлбұл батыр осы Жалым сұлтанның бас сардары болған. Ал Бұлбұл Шаншардың әкесі болады.
Хайдар Дулати Жошы әулетінде Қасымнан өткен әлеуетті ханның болмағанын айтады. Қазақ иелігінен бір сәтте төрт жүз мың қосын шығара алатын Қасым Ташкентке барып тұрып шаппады. Неге? Тарихшыларымыз түрлі себеп-салдарын айтады. Соның біріне де табан тірей алмайсыз. Ташкент жұртын қазақ руларының құрағаны белгілі. Оның ішінде Орта жүздің негізгі екі руы – арғын-наймандар, боса-болмаса қаңлылар, қатағандар сыңсып отырды.
Қазақ баласы бұған дейін де бір- біріне қол көтермеген. Бұдан былай да көтермеуі керек. Барша қазақ баласы бір-біріне – бауыр. Сол сертіне Қасым жетті.
Қасым заманында Қазақ елі қуатты мемлекетке айналды.
Қасымның қасқа жолы осы!
Қазақ баласы ақарлы-шақарлы ел болам десе бір ноқтаның астында болуы керек. Бір ханға ғана бағынуы керек. Бұл Есім ханға Шыңғыс бабасынан қалған жол. Мұны Шыңғыс та айтты, Жамұқа да айтты. Жамұқа да Шыңғыстан кем емес еді. Алайда, тарих алдыңғысын таңдады. Өз мойұсынуымен Жамұқаның қанын шығармай көкке аттандырды.
Есім де соған барды. Бұған дейін Қасым ханның қасқа жолымен жүріп келген Есім хан бұдан былай олай жүре алмайтын еді. Өйткені, қазақ даласының ауызбіршілігі пышырап, құз алдында тұр еді. Ол Ташкент хандығын жоюға еріксіз барды. Сөйтіп, қазақ даласында бір-ақ хан қалды. Есім хан ғана қалды! Есім де өз сертіне жетті.
Есім заманында да Қазақ елі қуатты болды.
Есім ханның ескі жолы дегеніміз осы.
Қазақ көші осылайша қисайып барып қайтып түзелген.
Қазақ тарихының қаратаңбалы бір беті осы Қатаған соғысы болды. Қатаған қырғыны Алаш санын ойысырата түсті. Бір кездері дүркіреп тұрған қатаған жұртының аман қалғандары ұйғырға сіңіп долан, қоңыратқа сіңіп жетімек атанды. «Олардың найзаға отырғызылып жазаланған бір бөлігі кейіннен қатаған атауынан бас тартып, шанышқылы аталып кетті» (Т. Омарбеков. «Ана тілі, 22.04. 2015).
Қазақ елінің Үш жүзге бет алуы осы Қатаған қырғынынан кейін басталады.
Осы жерде Тұрсын ханның Қазақ хандығы тарихында әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай жүргенін ашық айтуымыз керек. Қазақ жұртының тәуелсіздігі жолында басқа хандар қалай тер төксе, ол да сонша тер төкті. Есім хан тағына отырғанға дейін Тұрсын онымен бірге қапталдаса шапты.
Тұрсын Ташкент билеушісі дәргейіне жетті. Сол билікке жетем деген қазақ сұлтандары аз болмады. Тұрсын жай жетпей күшті билік құрды. Кеше ғана қатар тұрып, жау түсірген Есімнен іргесін сырт салды. Өзін хан жариялап, өз ақшасын шығарды. Сөйтіп, Қазақ елінің түстігін осылайша екі хан билеп тұрды. Ол аздайын бұларға бағынбайтын сұлтандар пайда болды. Ташкенттегі Келді Мұхаммед, Әндижандағы Абылай, Тұрфандағы Әбдір Рахим, Жаркенттегі Абақ және басқалары жау болмаса да дос емес еді.
Ташкент, Әндижан, Сайрамнан бұқарлар да үмітті еді. Сонымен қазақ-бұқар соғысы басталып кетеді. Бұл соғыс жиырма жылға созылады. 1603 жылы Айғыржардағы соғыста бұқарлықтар тізе бүгеді. 1611 жылы Есім хан Ташкент түбінде Имамқұл ханның әскерін жеңеді. 1612 жылы да басым түседі. Келесі жылы тағы да Имамқұл қолын талқандап, Самарқандты өзіне қаратады. 1620-1621 жылдары қазақ-бұқар қолдары тағы да үш рет түйіседі. Үшеуінде де қазақ қолын Тұрсын басқарады. «Тарихи әлем араи Абассиде» Ескендір Мұншы осы соғыстағы Тұрсын Мұхамедтің ерлігін жоғары бағалайды. Бұқарлықтардың келіссөзді нақ осы Тұрсынмен жүргізгенін баяндайды.
1627 жылы Есім хан Имамқұлды біржолата талқандайды. Елдің түстік шекарасын бекемдейді.
Есім мен Тұрсынның арасы моғолдықтармен болған ұрыстардан кейін ашыла түседі. Есім Қасым жолын жалғастырып, Әбді Рахимді қолдаса, Тұрсын Қашқар ханы Әбділатып Абақты қолдады. Есімнің інісі Көшектің Шығыс Түркістандағы жорығын Тұрсын қолдамады. Оның үстіне қатағандықтар Есімнің билігінен бас тартты.
Хан тағына отырған Есім Бұқармен бейбіт келісім жасап, әскер қуатын күшейтуге ұмтылды. Соған орай, өзінің ордасын Түркістанға көшірді. Осыдан бастап, Есім мен Тұрсын арасы суыса бастайды.
«Аңыз адам» өзінің №31 санын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Керей мен Жәнібекке – Қазақ хандығына арнағаны белгілі. Өкінішке қарай, журналдың осы санынан Тұрсын хан туралы материал кездестірмедік. Әрі-беріден кейін тегі белгісіз деп жазыпты. Шын мәнінде ол текті тұқым. Кешегі Қасымның немересі. «Егеменде» шыққан Жылқыбай Жағыпарұлының «Қазақ хандығы» деген зерттеу мақаласында да Тұрсын есімі аталмайды.
Шоқан қазақтың хандары мен сұлтандары туралы айтқанда біреуіне де тіл тигізбеген. Ал біздің тарихшыларымыз Тұрсынды қойып, Әбілмәмбетті де, Болатты да, Сәмекені де апарып тастайды. Орыс тарихшылары аздай енді өз ханымызды өзіміз күстаналауға көштік пе, қалай?!
Тұрсынның әкесі Жалым сұлтан да хан аталмағаны болмаса ешкімнен сорлы емес еді. Осы ақтаңдақтың орнын тарихшы Талас Омарбеков толтырғандай еді. «Ана тілі» газетінде жарияланған «Тұрсын хан» (Тұрсын-Мұхаммед) (22 сәуір, 2015) мақаласында «Жәлім сұлтан тарихта Ақназар ханға адал берілген тарихи тұлға ретінде белгілі. Ол кезінде Ақназар ханның ноғайлармен арадағы жанжалдарына да қатысты. 1569 жылы Жәлім сұлтан Ақназармен және Шығай сұлтанмен бірге өздерінің туыстары болып саналатын 20 сұлтанның жасақтарын бастап, Ноғай ордасына басып кіріп, оны ойрандады. Бұдан соң да Жәлім сұлтан Ақназар ханның қасынан бір елі қалған жоқ.
Ол 1580 жылы тағы да Ақназар ханның кезекті тапсырмасын орындау барысында өзінің туған күйеубаласы болып табылатын шайбандық Ташкент билеушісі Баба сұлтанның қолынан қайғылы қазаға ұшырады. Жәлім сұлтанмен бірге оның екі ұлы және Ақназар ханның сұлтанға ілескен екі ұлы бәрі бірге Баба сұлтанның тапсырмасын орындаған адамдарының қолынан өлді» деп жазды. Бұған қарап Қаракесек Бұлбұл батырдың да осы қырғында опат болғанына шәк келтірмейсің.
Тұрсын сол Жалым сұлтанның баласы еді.
Шаншар сол Бұлбұл батырдың баласы еді.
Бұлбұлдың екі баласының бірі – Шаншар. Ақылман Шаншар қалыптасқан жағдайды бағамдай білді. Ол Тұрсынды қолдамады да, қарсы да келмеді. Алайда, Түркістан жұртын Есім маңына топтастыруда, ұйыстыруда өлшеусіз еңбек сіңірді. Есім мен Тұрсынды татуластыруға бар күш-жігерін жұмсады.
Тұрсын қалың қолмен Түркістанды алғанда Есімнің Жетісуды тастап шығып, Тұрпанға өтіп кеткені белгілі. Бұл жолы да Шаншар бастаған хан айналасындағылар хандар соғысын болдырмай тастайды. Екі ханды да Қасымның қасқа жолына әкеліп салады.
Ташкент бөлініп кеткен жағдайда Қазақ елі қайтып көтеріле алмастай әлсірер еді. Мұны Есім де бағып отырған. Осыдан барып Тұрсынның асылық әрекеттеріне көзін жұмып қарауға мәжбүр болды. Қалай дегенде етбауырына қару көтере алмас еді. Алайда, көтеруге тура келді.
Ат құйрығын кесіскенше екі рет шауып, екеуінде де жеңіледі. Бұл тұста Тұрсын Ташкентті ғана емес, Шығыс Түркістанды да билеп тұрады.
Тұрсынға қайтып қайырылуға Есімнің уақыты да бола бермейді. Ұранотын жағып, бір жиғанда төрт жүз мыңға дейін әскер шығара алатын Есім ел ішінің егесінен шығып, қара қалмақтарға қарсы тұрады. Бұл 1627 жыл болатын. Бұл ұрыста басымдылық танытқан қазақ ханы жоңғарларды Жоңғар Алатауына қуып тастайды.
Осы соғыста қырғыз Түгел бай ерлік көрсетеді. Ол өз елінен мың, хан Тұрсынның иелігінен тағы сонша қол алып, қалмаққа қарсы тұрады. Оның бұл көмегін Есім де ескереді. Тұрсыннан олжа боп түскен бір қызды осы Түгелдің баласы Маңғытқа береді. Бұл қыздан үш ұл туады. Олардың ұрпағы қырғыз ішінде Қатаған аталады.
Есімге көмекке келуге тиісті Тұрсын опасыздық жасап, өз жасағын Түркістанға бұрып, хан ордасын шабады. Бұған дейін бәрін кешіп келген Есім бауырының осы сатқындығын кешпейді. Түп бабасы Шыңғыс ханның аманатына адалдығын дәлелдейтін сәттің келгенін жан дүниесімен түйсінеді. Оның қырғыз Түгелдің басқаруына берген мыңдығына қарамайды. Алдағы уақытта бауырлар бір-біріне қару көтеріп жүрер деген қауіппен Шыңғыс бабасының жолын жалғастырады. Тұрсынның елі Қатаған хандығы тұрғынын шабақша шабады.
Сатқындықтың, опасыздықтың алдын алудағы осы жарғы кейінде Есімханның ескі жолы атанады.
Қатаған қырғынына негізінен Арғын батырлары қатысады. Тұрсын ханның екі қызы мен нөкерлері қолға түсіп, олжаға үлестіріледі. Екі қыздың бірін Есімнің өзі алып қалып, баласы Жәңгірге қосады. Қыздың екіншісін Шақшақ алады. Ол да олжа қызды баласы Қошқарға қосады. Одан атақты Шақшақ Жәнібек батыр туады. Бұл жөнінде Мәшекең былай дейді: «…Сондағы олжаға, үлеске түскен қыздардың екеуі хан Тұрсынның өз қызы болып шықты». Құрбанғали Халид: «Жәңгір ханның екінші әйелінен Аула, Бақи туған. Ауланың бір әйелінен Абылай мен Жолбарыс, бір әйелінен Сұлтанбет туған» деп жазады. Мәшекең мұны нақытылай түседі: Жәңгірдің екінші әйелі қатаған хан Тұрсынның қызы Ғайша ханым. Мұнан туған Уәлі Бақы әз Тәукемен таққа таласып қалып, жеңілген соң Үргеніштегі нағашысы Қайып ханға барып қатын алып, жалғыз бала туып, атын Абылай қойған» дейді. ДАТ-та Уәли мен Бақы бір адам – Уәлибақы ретінде қарастырылады. Шоқан екеуін бөліп жазады. Уәлі, Бақы деп.
Арғын батырлары арасында Шаншар абызға ерекше артықшылық беріледі.
Шаншардың абыз аталуын әркім әр саққа жүгіртеді. Негізінен Шаншар батыр болған. Абыз аталуы кейінде.
Есім қолында Тұрсынды үш рет шабуға қатысқан ол үш сыбағалы болады. Айбике (Әйбике), Нұрбике, Қызданбике деген қыздарды алады. Бұл аталар шешелерінің атымен Айбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар, Қызданбике-Шаншар атанады. Алдыңғы екеуі өскен аталар. Екі болыс ел болған. Қызданбике өспей қалған. Оразбике деген қызды Арғын Байбөрінің Олжашы деген баласы алады. Жолбике деген қызды Наймандар алады. Қарпық балаларына Дәулетбике, Тобықты балаларына Қоңырбике бұйырады.
Тұрсын қыздары нөкерлерінің бірін қырғыз алған. Одан тараған ұрпақ Маңғыт Қатаған аталады.
Қатаған халқы ұйғырға қашады. Қатағандар бүгінде ойдым-ойдым ауыл болып Өзбек жұртында кездеседі. Олар өздерін қатағанбыз дейді. бірақ, «өзбекпіз» дегенді қосып айтады. Қырғыз ішінде де қатағандар бар. Бірақ, олар жоғарыда айтқандай қатаған емес, қатағандардың жиендері. Есім хан жағында соғысқан қатағандар кейін шанышқылы есімімен белгілі болады.
Осы жерде әңгімемізді тағы бір түйіндеп алайық. Қатаған соғысы неге Қатаған қырғыны атанды? Қадырғали Жалайри Алаш жөнінде жазғанда үш сан Алаш деп жазады, Қатағанды екі сан деп көрсетеді. Осыдан-ақ қатағандардың қанша халық болғандығын ажыратуға болар. Сол қатағандарды жер бетінен жоңғарлар сынды құрып кетуінен сақтаған арашаға жүрген Шаншар батырлар еді. Мұхамеджан Тынышбаев 1917 жылғы санақ мәліметтеріне сүйеніп, «қаңлы мен шанышқылы саны 190 мың» деп жазады (Тынышпаев М. Материалы к истории киргизо-казахского народа. Ташкент, 1925).
Қатаған хандығының жойылуымен қазақ жүздерінің бөлінісі шапшаңдай түседі. Хандар енді батырлардың ғана емес, ел ақсақалдарының, абыздарының, жүзбасыларының көмегіне жүгінеді. Ұланғайыр кеңістікті алып жатқан қазақ иелігін онсыз басқару мүмкін емес еді. Әр жүздің билігі өзінде болды. Оны билер (жүзбасы) басқарды. Орта жүздің билігі Шаншарда болды. Ал жүз билерінің билігі ханда болды.
Орта жүз негізінен арғын, найман, қыпшақ, керей, уақ болып бөлінді. Ішінара қоңырат та қарады. Олардың негізгі бөлігі кешегі Жиделі Байсынды мекендеді. Осы алты арыс Орта жүздің көбісі арғындар еді. Сол арғындар өз ішінде он ұлысқа бөлінді. Соның тізгінін қаракесек руы ұстады. Соған орай, осы жүздің биі Қаракесек руынан сайланып келді.
Шаншардың абыз атануы осы тұс. Ол өзінің ордасын қашанда Кіші жүзге жақын тігіп отырды. Кіші жүз бен Орта жүз билері қоныстарын қатар жаңартып отырды. Оған себеп жеткілікті болатын.
Орман аюы қазақ даласына қарап тұр еді. Орал тауынан қаққан-соққан шоқындыларды алға салып, жербауырлап поптар келе жатқан. Орта жүз бен Кіші жүз батырлары башқұрт қосындарын алып, соларға қарсы тұрды. Шаншар абыздың көрегендігі сол оларды қазақ жеріне кіргізбеді, ұрыстар башқұрт жерінде жүріп жатты.
Осы жерде тағы бір нәрсені айтпасқа болмайды. Ол жүздерге қатысты жағырапиялық атаулар. Ұлы жүз Ташкентке иелік етті, Орта жүз Түркістанға иелік етті, Кіші жүз Баскентке (Қиуа) иелік етті. Осыдан Ұлы жүз түстікке, Кіші жүз батысқа, Орта жүз теріскей шығысқа қарай ойысып, қазақ елінің арнасын кеңейтті. Қазақтар Сарыарқаға «ақтабан шұбырындыдан» кейін келді деген сөз білместікпен айтылған сөз болады. Кіші және Орта жүз қазақтары оған дейін де бұл сайын далада көшіп жүрген.
Бүгінде шамасына қарамайтын жазғыштар шықты. Бұлар шежіреде қауіпті. Елді адастыратын Сусаниндер осылар. Не кеңістікке қарамайды, не уақытқа қарамайды, не өзінің алдында жазғандарға үңілмейді. Осы мақаланы жазу барысында Марқасқа жыраудың Тұрсынға қатысты атақты өлеңінің он нұсқасын кезіктірдім. Мұхтар Мағауин нұсқасы тұр ғой деп айқайлағың келеді. Соны жазып отырған академик. Сол академигіміз қазақ батырлары Тұрсын ханның қырық қызын олжалады дейді. Олай болған жағдайда Айбике, Нұрбике, Қызданбике, Жолбике, Дәулетбике, Қоңырбике ұрпақтары Айбике Қатаған, болмаса, Дәулетбике Қатаған атанар еді. Академигіміз солай деп отырғанда қалғанымызға не жорық?!
Бүгінде Бұлбұлға да, Шаншарға да қатысты ел аузында жүрген әңгімелер жеткілікті. Соның көбісі түкке тұрмайды. Өйткені, әлгі Сусаниндер ол әңгімелерді өз жандарынан шығарған. Бұл әңгіме осы ата ұрпағы Келдібекке де, Бертіске де, Қазыбекке де қатысты. Әпсана деп күлтелейді, оқысаң су татиды.
Шаншардың бір баласы Нұрбикеден туатын – Бертіс. Жай Бертіс емес, хан Бертіс. Жалпақ қазақ Қарқаралы хан Бертіс деп біледі. Шаншардың баласы, Қазыбектің әкесі Келдібекпен қатар тұрған тұлға. Сол бабамызды тұқыртып хан болған жоқ деп жазамыз. Соны басқалар емес, өзіміз айтамыз.
«Орталық Қазақстанда» «Шаншар абыз Бұлбұлұлы» деген көлемді мақала жарияланды. Сиясы әлі кебе қойған жоқ. Авторы өзіміздің ағамыз Серік Сексенов. Сол ағамыз былай деп жазады: «Ел ішінде хан Бертіс деген сөз бар. Бұл Бертіс хан болды деген емес, қарадан хан қоймайды. Бертіс Ташкентті шабуға қатысып, сонда билік құрғанға ұқсайды». Сонда қалай, Мәшекеңдер өтірік жазып отыр ма? Сол Мәшекеңе үңілейікші. Не дейді екен?! Мәшекең былай деп жазады: «Бертіс он жеті ұлды Бертіс атанған. Он жеті ұлы ат арқасына мініп, соңынан ерген соң жалғанның жарты пәлесі болған, басына құстың қауырсынын қадап алып «Қарқаралы хан Бертіс» атанған. Ташкентті барып шапқан, талаған. Мұны Бұқар ханы естіп, соғысуға келген. Сонда Бертістің Бұқар ханына айтқан сөзі:
– Он жеті ұлым бар, сен түгілі Құдайдың да өкпесі қабынып, алса да зорға алар, – депті.
Бұқар ханы:
– Мынау Құдайдан да қорықпаған екен. Құдайдан қорықпағаннан қорық деп еді, – деп қайтып кетіпті».
Уау, Мәшекең бәрін жазып кетіпті ғой. Осыдан артық қандай дәлел, дерек керек. Бәрі қалса да, көрсоқырлығымыз қалмай келеді. Сүт ішінде май жатқанын көрмейміз. Бір абызымызды мадақтаймыз деп, екінші абызымызды төмендеткеніміз қалай?!
Енді Мәшекеңнің әңгімесін таратайық.
Бертіс хан болған. Өйткені, ол Ташкенттің билеушісі болған. Ташкентті билеуші қашанда хан болған. Ендеше, Бертіс хан болған.
Екіншіден, «басына құстың қауырсынын қадап алып…» жүрген. Өйткені, оның сүйегі қара еді. Соған орай басына мұрақ, болмаса тәж кие алмайтын еді.
Үшіншіден, «Қарқаралы хан Бертіс» атанған. Себебі Бертіс кешегі қатағаны тұқымына сенбеген. Соған орай жан-жағын, хан күзетін Қарқаралы жақсымдарынан жасақтаған.
Төртіншіден, кешегі жан-жағын дірілдеткен Бұқар ханының өзі Бертіспен соғысудан бас тартып тұр. Қарт тарих шындықты айтса, Тұрсын, Есімхандар қатар жүріп, Бұқар хандығын әупірімдеп жүріп тізерлеткен.
Жә, ұзап барамыз. Ұлт жанашыры Мағауия Сембай бауырымыз тапсырыс бермесе бұл мақала да жазылмай қалар ма еді? Бұл мақаланы жазудағы мақсат біреуді мұқату емес, аруақтарды алқау еді. Кереқарыс кітап жазсақ па деген де ойымыз болған. Әзірге ондай тапсырыс түспей тұр. Осы жерде ащы да болса бір шындықты айта кетейік. Бертіс бабамыздың басындағы жайт Қазыбек бабамыздың басында да тұр. Орта жүздің есті баласы Қазыбек би дегенді білмейді, Қаздауысты Қазыбекті біледі. Орта жүз баласы Қазыбекті білгенде хан деп білген. Соғысты хан ғана жариялайды. Қытайдың боғдыханын дірілдеткен жоңғардың тайшысы қайдағы бір қазақтың Қазыбегінің екі ауыз айтқан сөзіне бола мал-жанын босатар ма? Хан мен хан сөйлесер болар…
Төрехан МАЙБАС