Шахтинскіде шектеу енгізілді

Кешегі күннен бастап Шахтинск қаласы мен Шахан, Новодолинский және Долинка кенттері аумағында бірқатар шектеу енгізілді. Апта соңында өткен брифингте Шахтинск қаласының әкімі Әскербек ХАЛТОНОВ жыл басынан бері 1212 жағдай анықталғанын айтты. Брифингте айтылғандай, бір тәулікте ғана 72 жағдай тіркеліпті. Бұл – облыс бойынша анықталған жағдайлардың 47%-ы.

Анықталған жағдайлардың 60%-да ауру белгілері байқалған. Жұқтырғандардың жартысы – жұмыс істейтін тұрғындар. 32%-ы қарттар, – деді қала басшысы. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен аталған аймақта бірқатар қызметтерге тыйым салынды. Атап айтқанда, балаларды сауықтыру лагерлері, ойын-сауық мекемелері (караоке, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, бильярд, боулинг орталықтары), букмекерлік кеңселер, жабық үй-жайлардағы ойын алаңдары мен аттракциондарды қоса алғанда, балалар ойын-сауық орталықтары, банкет залдары, театрлар, концерт залдары, мәдениет объектілері, оның ішінде, үйлер мен мәдениет сарайлары, сондай-ақ олардағы дайындық; көрме, конференция, форум мен жәрмеңке сияқты іс-шаралар, жалпы білім беретін мектептер жанында орналасқан секциялар, үйірмелер, шағын орталықтар, оқушыларды жеке оқыту, дәстүрлі форматтағы білімді бағалаудың барлық түрлері, COVID-19 бойынша қолайсыз аймақтар мен елдерге оқушылардың халықаралық спорттық, мәдени іс-шараларға, олимпиадаларға шығуына тыйым салынды.

Бұдан басқа облысішілік және қалалық тұрақты емес туристік тасымалдардың қозғалысына тыйым салынды. Облыс ішіндегі қалааралық Қарағанды – Шахтинск – Қарағанды және Қарағанды – Шахан – Қарағанды бағыттарында жолаушылар қатынасы тоқтатылды.

Жұмыс күндері жаттығу залдары мен фитнес-орталықтар қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Бір келушіге кемінде 5 шаршы метрден, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 30%-дан артық емес толтырылуы қажет. Ал, жеке және топтық жаттығулар топта 5 адамға дейін өткізіледі. Бассейндер қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша, жеке форматта, бір келушіге су айнасының 5 шаршы метр есебінен жұмыс істейді. Сұлулық салондары да қатаң түрде алдын-ала жазылу арқылы жұмыс істейді. Қаулы бойынша Шахтинск қаласының барлық аумағында сенбі және жексенбі күндері бірқатар нысандардың қызметі тоқтатылады. Оған азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік павильондары, дәріханалар, сұлулық салондары, химиялық тазартқыштарды және оларда орналасқан уақытша егу пункттерін қоспағанда, сауда үйлерінің, сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда желілерінің, көтерме-тарату орталықтарының, сондайақ, ауданы 2000 шаршы метрден астам азық-түлік емес тауарлар дүкендері, спорт кешендер, спорттық – сауықтыру орталықтары және фитнес-орталықтар, соның ішінде йога орталықтар, бассейндер, жаттығу залдары, сауна, СПА-орталықтары, массаж салондары мен жабық базарлар (азық-түлік және азық-түлік емес) жатады.

Мектепке дейінгі мекемелерде 15 адамға дейін кезекші топтар жұмыс істей береді. Алдын ала жазылу бойынша балалар кабинеттері/түзету орталықтары, балалар және ересектерге арналған білім беру орталықтары жұмыс істейді.

Қоғамдық тамақтану объектілері (білім беру объектілеріндегі тамақтануды қоспағанда) толтырылуы 50%, 30 орынға шақталып, 1 келушіге 4 шаршы метрден сақтау шартымен сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ретте тамақты жеткізу және шығару уақыт бойынша шектеусіз. Сондай-ақ, азық-түлік корттары тамақты алып кету және жеткізу түрімен ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Супермаркеттер, гипермаркеттер әлеуметтік қашықтық, бетперде режимі мен термометрияны сақтай отырып, сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін шектелген жағдайда жұмыс істейді.

Мемлекеттік органдар, ұйымдар, кәсіпорындар, квазимемлекеттік сектор органдары, ұлттық компаниялар, өзге де ұйымдар, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілері өндірістік қажеттілікке қарай қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруы қажет.