Спорт

«Шахтердің» «аңыздары» – Жаңаарқада

Жаңаарқа ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында жыл сайын футболдан аудандық турнир өткізеді. Сол турнирдің ашылу салтанатында аудандық клубтың ардагерлері өнер көрсетіп, маусымды бастап беретін. Ал, биылғы маусым басы ерекше оқиғамен астасып, тарихи сәтке ұласты. Биыл жетпістің желкенін керген мемлекеттік қызмет ардагері, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Дәулет Сәрсенбаевтың бастамасымен әйгілі «Шахтер» футбол клубының ардагерлері Жаңаарқа еліне табан тіреді. Олар аудандық футбол командасының ардагерлерімен жасыл алаңда доп теуіп, жолдастық кездесу өткізді.

Суреттерді түсірген автор

Мерейтой иесі әуелі аудандық мешіттің ауласына өз қаражаты есебінен 150 түп қарағай отырғыз­ды. Бұл игі шараны «Таза Қазақстан» республикалық акциясы және «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында іске асырған. Әрі іс-шараға аудан әкімі Қанат Қожықаев пен аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин де үлес қосты. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның кеден саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып, Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының әкімі болып, ел игілігіне еңселі еңбек сіңірген Бауыржан Әбдішев, одан бөлек, мерейтой иесінің туған-туысы да осы жерден табылды. Кейін аталған акция мерекелік концертке ұласып, соңы футбол жұлдыздарының ойынына жалғасты.

– Бірлік күні – халқымыздың ынтымағы мен татулығын, ел ішіндегі бірлік пен бейбітшілікті айшықтайтын ең бас­ты мейрамның бірі. Біз ынтымақ пен бірліктің арқасында ел дамуына үлес қосып келеміз. Осы мерекемен тұспа-тұс келген шараның да мәні зор. Бұл тек спорттық шара емес, ұрпақ сабақтас­тығының, достықты қадір-қасиетін ұлықтау күні. Ал, футбол тек бәсекелестік емес, бір мақсатқа жұмылған еңбектің, өзара сенімнің үлгісі. Ал, ардагерлердің алаңда бас қосып, жолдастық кездесу өткізуі – осының жарқын көрінісі, – деді Қанат Шубайұлы.

Салтанатты жиында Дәулет Маматайұлы да сөз алып, ауылдағы ағайынға алғысын білдірді. Әрі футбол алауын жағып, командаларға сәттілік тіледі.

– Жаңаарқа – спорты дамыған аудан. Күрес, футболдың дамуы сонау 50, 60 жылдардан басталған. Жаңаарқадан шыққан әйгілі балуандар, боксшылар мен футболшылар көп. Бірақ, жаңаарқалық жігіттер футболды жақсы көретін. Ауданның құрамасы талай турнирлерде топ жарды. Өзім де сол құрамда тер төктім. Қазір де ауданның құрамасының ардагерлері үнемі жиналып, футбол ойнайды екен. Осы бір айтулы күнде аудан тұрғындары, жастары үшін осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз. Бізді қолдаған аудан әкімдігіне алғысымды айтамын. Сөзімізді жерге тастамай, елге келген «Шахтер» клубының ардагерлеріне де мың алғыс, – деді Дәулет Маматайұлы.

Осы ойынға «Шахтер» клубының ардагері Серік Ысқақов та келген. Ол аталған клубқа 1965 жылы қабылданыпты. Сол кезде небәрі 16 жастағы бозбала екен. Содан 1976 жылға дейін доп теуіп, кейін алматылық «Қайрат» клубының сапына ауысады. «Шахтер» жейдесінде жүрген шағында 204 ойын өткізіп, 37 гол салған. Қазір жасыл алаңда «Жасы үлкен ойыншы» ретінде өнер көрсетіп жүр.

– Осындай керемет күні бәрі­міздің басымызды қосып, себепкер болған – досымыз Дәулет. Өзі жас кезінде футболды керемет ойнаған. Оны бәрі біледі. Кейінірек, қызметке ауысты. Сонда да футболдан қол үзбеді. Жалпы, талантты ойыншылардың бәрі – ауылдан шығады. Сондай жандарды іріктеп, «Шахтер» клубының жастар қомандасына немесе футбол академиясына алып келсе, нұр үстіне нұр, – деді Серік Ысқақов.

Қос жұлдызды команда 35 минуттан екі тайм өткізді. Әуелі алаң иелері гол салып, есепте алға шықты. Гол авторы – команда капитаны Асылхан Әбдібеков. Айып алаңынан ортаға әуелете көтерген допты қақпаға бағыттап, мүмкіндікті мүлт жібермеді. Бірақ, араға көп уақыт салмай, кеншілер қомандасы таразы басын теңестірді. Шабуылшы Николай Пенгрин сол қапталдан шабуыл ұйымдастырып, қарсылас команда қорғаушысын алдап өтті. Сол сәтті пайдаланып қақпаға соққы жасап, таразы басын теңестірді. Осылайша алғашқы айналымда қос команда тең тарқасты. Есеп – 1:1.

Екінші айналым қыза түсті. Қос тарап шабуылды жиі ұйымдастырды. Бірақ, соққылары қақпаға дарымай жатты. Сондай бір шабуыл барысында алаң иелері сапынан Елшат Аяпбергенов шабуыл кезінде допты қарсыластардан тартып алып, қақпаға соққы жасады. Ал, бұл соққы голға айналып, 2:1 есебімен алға шығады. Бірақ, тәжірибелі кеншілер ойынның аяқталуына соңғы минуттар қалғанда таразы басын теңестіріп, тең тарқасты. Осылайша жұлдызды құрамның жұлдыз ойыншылары көпшілікке керемет әсер қалдырды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button