Руханият

Шахтер. Майдангер. «Шаштараз»

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен, жараланып,

мүгедек болып оралған және жан алып, жан берген тыл еңбеккерлерінің рухына бағыштадым.

                                                                                                                                    Автор.

Өткен ғасырдың сонау 60-шы жылдарының басында, анығында 61-ші жылы 6 жаста мектепке баратын болдым. Әкей үкіметтің малын тапсырып, біздерді оқыту үшін Қарқаралының «Совет» колхозының орталығы – Аққораға көшіп келген. Хат танымайды. Содан болар мектепке күзетші, әрі пешін жағатын жұмысқа тұрыпты.

Содан 1 сентябрь жақындады. Әкем қаладан мектеп формасын сатып әкелді. Ол тұста балаға өскелең киім алады. Жоқшылық қой. Үстімде – гимнастерка, белде – белдік, баста – фуражка. Құйтақандай солдатпын. Шешем шалбардың балағын бірнеше қайырып тігіп берді. Бәрі мәз. Жалғыз ұлы әскерден келгендей қуанады. Менің қуанышым ұзаққа бармады. Шаштан шатақ шықты. Мектепке шашыңды ұстарамен қырғызбай кіргізбейді екен. Әкем қайыс белдікке ұстарасын жани бастаған сәтте құйрық-жалы күзелетін асау тайдай «осқырындым». Бұрын шешем шашымды қайшымен қиып реттеп жүретін. Содан не керек, шақшадай басым әкемнің тақымына түсті. Құдды ұстара бір қабат құйқамды сыдырып жатқандай болды. Ақырдым, шақырдым, бұлқындым. Талай шу асауды тақымына басып жуасытатын әкем тапжылтпады. Шешемнің жаны ашиды. Бірақ, амал нешік?!

Ертеңіне мектепке жер сызған боқшамды (портфелімді) сүйреп бардым. Ұлдардың бәрінің басы жұмыртқадай екен. Ішімнен бәрін аяп кеттім. Әліппе оқып, әріп танып, әжептәуір оқушы болып қалдық. Шаш жарықтық тағы өсті. Тағы әкемнің тақымына түстім. «Мектепке бармаймын, оқымаймын, шашымды алсаңдар»,– деп лаң салдым.

Ендігі жолы ана Қарағандыдан көшіп келген Қабдырахман шахтерге алып барып, шашын алдыршы. Өзіңнің інің ғой. Ұстарасы өткір, қолы жеңіл шығар, – деп шешем сөз қосты.

Әкем келісті. Кейін есейгенде барып білдім. Қабдырахман Шор атамыздан тарайтын Қызыларайдың Майлығы екен. Атақты Әсет Найманбаевқа жамағайын болып келеді. Інісі болатыны – біз де Шордан тараймыз.

Ауылдың баласымыз ғой, шахтер – шаш алатын маман шығар деп ойладым ол кезде. Үйлері ауылдың бір шетінде, тау етегінде. Әкеме еріп, томпаңдап бардым. «Жазған құлда шаршау бар ма?» Қабдырахман ағамыз да қайысқа ұстарасын жани бастады. Арқамнан суық тер бұрқ етті. Шахтер-шаштараз әкеміздің бізбен оқитын Бижамал деген қызы үлкендердің көзін ала беріп, тілін шығарып мазақтайды. Намыстандым. Шақшадай бас Қабдырахманның тақымына түсті. Ұстарасы өткір ме, әлде қолы жеңіл ме, ауырсынбадым. Күлшікен шешеміз кәмпитке қарық қылды. Ойыма түсті. Бұдан да жастау кезімде әкеме еріп Қарағандыға барғам. «Копай город» атанған тоқал тамдарының жартысы жерге сіңіп кеткен ескі қаладағы бірталай үйге барып сәлем бергенбіз. Кейін білдім, 32-ші жылғы ашаршылықта ауылымыздың тірі жеткендері Қарағандыға босып барған екен. Қабдырахманды енді таныдым. Олардың үйі Дальний паркте тұрады. Шатырлы, жақсы үй. Сонда телевизорды бірінші рет көргенім ойға оралды.

Ақыры кәмпитке дәндедім. Шаш алдыруға өзім тіленіп тұратын болдым. Кейін арифметикадан сабақ беретін Меңаяқ Бимағанов ағамыз шаш алатын қол машинка әкеліп, көзім ашылды. Біз 9-класқа шейін шаш қоймадық. Анығында қойғызған жоқ. Тәртіп солай болған мектепте.

***

Түйенің қомында туып, аттың жалында өскен ер қазақтың басына қасірет төнген кез. Совет үкіметі нығайып, қып-қызыл қасап, қып-қызыл от Қарқаралыны жайпап өтіп, ауыл-ауылға қып-қызыл тілін жалаңдатып, оқығанын, тоқығанын атып, атылмағанын тескентау өткізіп, ит жеккендер елінде ит өлімге айдап жатқан. Қызыларайдың Босаға ауылына да жеткен бұл қасап. Қабдырахман алты ағайынды еді. Бұлар Тобықтыны шабатын Шордың Майлық бұтағынан тарайтын Айтқожа деген батыр шалыс атасынан тарайтын. (М.Әуезов, «Абай жолы», 1-том. 41-бет. Алматы. «Жазушы» баспасы. 1990 жыл). Хат танитын Тәжен ағасы ә дегеннен халық жауы болып сотталды. Лена қырғынынан келіп, қып-қызыл большевик атанған, кәрінен жылаған бала уанатын Қарқаралы милициясының нәшәндігі Угар Жәнібеков басқа түгілі өз туыстары – Майлықтарға араша түсе алмаған. Үлкендер айтушы еді: «Қайран Угар бармағын шайнап, құсадан өлді» деп. Болса болған шығар. Заман солай болған. Содан бұл отбасының ошағы өшетін, шаңырағы шайқалатын шақ жақындап қалғанын бүкіл ел сезді. Біреулер масаттанып, біреулер іштерінен жаны ашыды. Нағыз зар-заман. Бірге туғандарды бір-біріне жау атандырды. Бір-бірін сатты. Жалған доностың аты жүріп тұрған. Содан Нұрмағанбет ағасы жанұшырып Қабдырахманды алып, Қарағандыға қашты. Ай-хой жиырма бестегі Қабдырахман қазіргі Костенко шахтасына – шын мәнінде тірідей көрге түсті. Ағасы бауырының жанын бір Аллаға тапсырған.

Десятник қолына шам мен қайла ұстатты. Түйе айналма болған қойдай апандай құдықты айналып, боздап жүр. Дәу қауға құдыққа құлдилайды. Түйе кері жүрсе жер бетіне шығады. Үсті-бастарын қап-қара күйе басқан адамдар қауғадан қотарылып түсіп, орысша шүлдірлеп, қазақша қауқылдасып жатыр. Әйтеуір аппақ тістерінен адам екенін айырасың. Қабдырахман да шыңырауға шым батты. Өзіндей зіңгіттей жігіттермен бірге. Шамдарын жер үстінде жағып алған. От тисе метан атылады деп әбден таптап үйреткен үстіндегілер. Әуелі тік жүрді, еңкейді, ақыры еңбектеді. Көмір шабатын қуысқа да жетті-ау, әйтеуір. Көмірді жантайып жатып, болмаса жүрелеп шаппасаң, құлашыңды кере алмайсың. Ағаш тіреу салып отыру керек. Әйтпесе, көрде қалғаның. Қазақтың қара жұмысында алдына жан салмайтын Қабдырахман бір-ақ аптада қалжырап бітті. «Үш күнде көрге үйренесің» дейтін қазақ емес пе? Нормасын орындайтын нағыз забойщик атанды. Десятнигі мақтайды. Орысша тілі де ұстарып қалды. Табысы да жаман емес. Өз аузынан жырып, ауылдағы тумаларына сәлем-сауқат жіберуге жарайтын болды. «Шахтердан болсын байың, үндіден болсын шайың» дейтін дәрежеге жетті.

Военкоматтан шақырту алды. Ленинград әскери округінен бір-ақ шықты. «Адамның басы Алланың добы» деген осы. Учебкадан жақсы өтті. Финляндиямен соғыс басталды да кетті. «Жер дауы» екенін ұқты Қабдырахман. СССР-дің Сталин патшасы: «Мен Ленинградты бері көшіре алмаймын, одан да шекараны әрі қарай жылжытамын» десе керек. Айтты – бітті. Бір түнде Қабдырахмандар бес қаруын асынып, қан майданға кірді де кетті. Финдер шетінен мерген екен. Тұқым-тұқияны аңшылар. Атқан оқтары далаға кетпейді. Қар басқан орман-тоғайын көздерін жұмып тұрып, жазбай таниды. Омбы қар. Қабдырахманның бойындағы бабаларынан қалған батырлық, аңшылық қан ойнап шыға келді. Қанша финді атқаны белгісіз. Әйтеуір, өзі аман шықты. Жан – олжа.

Екі ел мәмілеге келді. Финдер жер беріп құтылыпты. Қып-қызыл отқа шара бар ма?!

Қабдырахман әскери борышын өтеп, Қарқаралысына қайтуға қамданып жүрген. Тағы соғыс басталып, немістер СССР-ге басып кіріпті. Ленинград блокадасын көрген Қабдырахман Фин соғысымен жылап көрісе жаздады. Аспаннан бомба сорғалайды. Снаряд пен оқ бұршақтай жауады. Мина ысқырып келіп, жаныңа түскенде иманыңды айта бересің. Қабдырахман сол блокаданы бұзып, Кенигсбергті алып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алыпты. Біздің ауылдан, ішінде өз әкем бар, тірі қайтқандардың жараланбағаны жоқ. Қабдырахманға оқ дарымапты. Періштесі қаққан шығар. Құрдастары қалжыңдайтын. «Әй, біз шабуылға шыққанда сен окопта тығылып жатқансың»,– деп. Қабдырахман әкеміз окопқа тығылмаған. Ел төрт жыл соғысса, Қабекең тура тоғыз жыл әскерде болыпты. Елге қайтады.

Сол Костенко шахтасы Қабдырахманды қуана жұмысқа алады. Үйренген тірі көр, үйренген забой, үйренген квершлак, үйренген клет. Қайла ғана қатардан қалып, Макаров деген Донбастан келген конструктор көмір шабатын комбайн жасап, шахтада сақылдап жұмыс істеп тұр екен ол техника. Күрек қалмапты. Проходчик болуға шахта директоры Костенко бұйрық шығарып қойыпты.

Смена сайын Қабдырахман мақталады. Орыс-қазақ шахтерлер құрметтейді. Директоры жанына тартты. Еңбекқорлығы, адалдығы үшін шығар.

Ну, товарищ Оспанов, тебя представили к ордену Ленина, ты заслужил, – деп шахта директоры аяқ астынан қуантты.

Қабдырахман – мәз. Алдын ала атап өтіп тастады шахтер достарымен. Содан әне күтті, міне күтті. Орден жоқ. Басқа шахтерлер алды. Сол күннің ертеңіне шахта директоры шақырды. Көңілі пәсейіп барды.

В этом вопросе моя совесть чиста. У тебя у родственников в прошлом оказывается был враг народа. Не унывай. За то тебе я телевизор подарю, – деп алып денелі орыс директор құшағына алғанда Қабдырахманның ойына Тәжен ағасы оралып, бойы суып сала берді. Бұл – мен бала күнімде көрген телевизор екен. Ол тұста шахтердің пенсиясы керемет. Қабдырахман Қарағандыдан Қарқаралыға сонау Аққораға көшті. Үкімет үй салып алуға, мал ұстауға қаржылай көмек береді екен. Қайтарусыз. Тегін. Менің ұстарамен шаш алдырып жүрген кезім – 1960 жылдардың басы.

***

Бұрын да, қазір де көне Еуропада шаш алу ең мықты мамандықтардың бірі. Немістер «парикмахер», ағылшын ба, француздар ма «цирюльник» дейді. Ескі түркілерден қалған сөз – «шаштараз». Сол Еуропаңыздың төрткүл дүниенің төрттен бірін билеген Ұлыбритания корольдерінен тараған бір тәмсіл бар. «Король қай уақытта, қай жағдайда, кімнің алдында басындағы тәжін (корона) шешеді» деген сұрақ қойылады. Уәзірлері, жандайшаптары ананы айтады, мынаны айтады. Сонда король: «Мен тәжімді шаштараздың алдында ғана шешем» деген екен. Әр жағы белгілі. Шаштараздың қолында – қылпып тұрған ұстара. Алдында – корольдің басы. Бата тимей, қата тисе не болады? Бұл енді басқа тараптағы әңгіме.

… Шаш әлі өседі. Есік алдындағы шаштаразыма ай сайын барамын. Айнаға қарап, отырған бетте ойыма әкемнің қатты ұстарасы, Қабдырахман ақсақалдың майда ұстарасы ойға оралады. Екеуі де майдангер. Бірі – қойшы, бірі – кенші еді. Екеуінің ұстараларын сағынып жүрмін…

Мағауия Сембай.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button