Шахандықтарға көмек көрсетілуде

     Шахан кентіндегі қайғылы жағдай туралы ақпарат шартарапты шарлады. 1 қаңтардан бері ел назары Шахан кентіне ауған. Ел аман, жұрт тынышта бүтін үйдің қабырғасы сөгіліп, 9 адам көз жұмды. Апаттың салдары да анықталып, зардап шеккендерге көмек көрсетілуде.

    Десек те, Шахан кентінде бол­ған оқиғадан зардап шеккендерге көмек шараларын жауапты тұлғалар қаншалықты жүзеге асыра алуда? Осы тұрғыда шахандықтардың бо­­лашақ тағдырына алаңдаған БАҚ өкілдері бірнеше сұрақтарын жолдаған болатын. Сейсенбі күні аймақтық коммуни­кациялар қыз­метінде өткен баспасөз мәсли­хатында Шахан кен­тіндегі зардап шеккендерге көр­­сетілген кө­мек жөнінде қамқоршылық кеңе­сінің төрағасы Жамала Мамерханова және арнайы құрылған қайырымдылық қорының төрағасы Ерлан Керімқұлов, қамқоршылық кеңес мүшесі Свет­лана Ержұманова қойылған сұ­рақтарға жауап берді.

    Айта кетейік, 4 қаңтар күні Шахан кентіндегі төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсететін жеке қайырымдылық қоры құрылған болатын. Құрамына 5 адам алынды. Қамқоршылық кеңестің төрағасы болып Шахтинск қалалық мәслихатының хатшысы Ж.Мамерханова сайланды.

   – Құрылған қордың негізгі мақсаты – зардап шеккендерге кө­мек көрсету һәм мәселесін шешуге атсалысу, шығын көлемін анықтап, қолдау білдіру болып табылады. Осындай кезде қолғабыс ету – азаматтық парызымыз деп санаймыз. Бүгінгі күнге дейін 3 мәрте мәжіліс өткіздік. Біз мынаны ескерткіміз келеді. Қазақстан Республикасының «Азаматтық қор­ғау туралы» Заңына сәйкес, төтенше жағдайлар табиғи және техногенді болып бөлек қарас­тырылады. Жергілікті атқару орган­дарының бюджеттік резервіне бұл салаға міндетті түрде қаржы сақ­талынады. Қазір Шахтинск қа­ласының бюджеті 20 млн. теңгені құрап отыр. Осы жерде зардап шеккендерге өтемақы төлеу зардап шектірген тұлға есебінен өз еркімен немесе сот шешімі ар­қылы қарастырылатындығын айтқым ке­леді. Мұндағы жағдайды ескере отырып, өтемақыны бюджет есебінен бөлу мүмкін еместігін мәлімдеді. Біз қиын жағдайдан шығу жолын қарастырып, қайырымдылық қорын құрып отырмыз. Бүгінгі күнде қайырымды­лық қорына 79421085 теңге келіп түсті. Оның 13671433 теңгесі жұмсалып, 65749652 теңгесі қордың есеп шотында тұр. Материалдық көмек қайтыс болғандардың отбасыларына және зардап шеккендердің шығындарын өтеуге пайдаланылды. Атап айт­қан­да, жерлеу және ас беру, қор­ған­дарын соғып, ескерткіштерін дай­ын­­дауға, қоғамдық тамақтан­дыру ор­­ындарындағы шығындарын өтеуге, агенттіктер мен банктің қызметтеріне қор қаржысы жұм­салды,– деді қам­қоршылық кеңестің төрағасы Ж.Ма­мерханова.

    Бастапқыда 11 пәтер сатып алу жоспарланған. Кейін тұрғындармен өткен кездесуде 14 пәтер сатып алуға шешім шығарылды. Оның ішінде, 1 пәтерді қалпына кел­тіруді Балқаш мыс комбинаты қолға алып отыр. Бұл көмек Полина Андропованың отбасына көр­сетіледі. Қалған 13 пәтердің мәселесі қарастырылуда.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.