Руханият

Шағын отбасындағы шетін проблема

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанынан «Шам» театры құрылған еді. Өнер ұжымының негізін елге кеңінен таныс режиссер Фархат Молдағали мен актерлер Асан Мәжит және Еркебұлан Дайыров қалаған. Жаңа театр «№37» деп аталатын алғашқы қойылымымен Қарағандыға келді. Спектакль Арқадағы өнер қарашаңырағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында сахналанды. Сюжеттің негізі – әзірбайжандық драматург Исмаил Иманның «Астара бақтары» пьесасы. Қазақша сөйлеткен – Әлішер Рахат, композитор – Олжас Жақыпбек.

Лаңкестікке тап болған отбасының екінші ұлы Расул жарылыстан аман қалып, кездесе кеткен таксиге отырып, беті ауған жаққа жүріп кетеді. Біраз уақыттан соң есін жиып, Балқаш қаласында екенін біледі. Осыдан 15 жылға дейін Расул туған үйіне бармайды. Туыстары Расулды қаза тапты деп ойлайды. Ал, үйінде қалған келіншегінің аяғы ауыр еді. Ол амалсыздан қайнысы Әнуарға тұрмысқа шыққан еді. Балқашқа баруы да кездейсоқ емес. Өзін денесімен жауып, қорғап қалған досының үйіне барып, соның орнына досының ата-анасына бала болған еді Расул.

Драма осындай тосын шешімдерге құрылған. Әнуар келіншегін бауырынан қызғанады. Расулды өлді дегелі анасы арбаға таңылған. 15 жылдан кейін аман келген кейіпкерді отбасы қалай қабылдайды? Міне, осы сұрақ көрерменді соңына дейін мазалағаны анық. Туыстарының әбігерге түскенін көріп, өмірдің қатал әрі ешкімді аямайтынын, уақыттың бос кеңістікті толтырып жіберетінін түйсінгендей болдық.

– Басында кино түсірсек деп ойладық. Алайда, театр қашанда биік қой. Атауын да ырымдап «Шам» деп қойдық. Мақсатымыз – қараңғылық басқан көңілге, өмірге шам болып, жарық беру. Бұл біздің шағын ғана еңбегіміз. Бірнеше адамға болса да, жақсы ой салсақ, сол – үлкен мәртебе, – дейді танымал актер Асан Мәжит.

Ал, қойылымның «№37» деп аталуы да жай емес. Өйткені, 15 жыл өлдіге саналған жас жігіттің есімі жарылыстан қаза тапқандардың ішінде №37 болып тіркелген екен. Расул 15 жыл қайда болды? Неге отбасына оралмады? Неліктен ата-анасын ойламады? Досының ата-анасына бала болып, оларды жұбатуы қаншалықты дұрыс? Осындай сұрақтардың маңайында туындаған көптеген мәселе туындыға арқау болған. Шындығында Расулды отбасында ешкім естімейді. Мүмкін, тыңдағысы келмеген болар.

Қарап отырсақ, аядай отбасы. Ауқымды проблема. «Отан – отбасынан басталады» десек, «№37» қойылымы бүкіл қоғамның дерті екенін, ол дерттің жазылуы қиын екенін және оны жазуға отбасы мүшелерінің құлықсыз екенін ашық көрдік. Ананы ауру қылған бала, баланы тыңдауға құлықсыз әке, соқыр қызғаныштан інісін бауырына баса алмаған аға, сүйіктісіне қосыла алмай, баласын иіскей алмаған Расул. Спектакль бірін-бірі естімейтін, естуге ниеті де жоқ адамдар арқылы кереңге айналған қоғамды суреттейтіндей.

Осылайша, Якубовтар отбасының әдеттегі өмір салты күрт бұзылады. Кім кінәлі? Кім құрбан? Расул ма? Әнуар ма? Екі оттың арасында қалған Зейнеп пе? Отбасы құндылықтары, адамды адам түсінбеу, ақиқат пен жалған, өтірік пен шындық араласқан ішкі психологиялық тартыстар түрлі ойға жетелейді. Спектакль Расулдың өзін тыңдамайтын отбасынан түбегейлі кетуімен аяқталады.

Осылай, шағын отбасынан қоғамның ауқымды проблемасын көрдік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button