Жаңалықтар

Шаһардың шырайы кіреді

Биыл көктемгі су тасқынына дайындық кезеңі жылдағыдан екі аптаға ерте басталмақ. Қазірдің өзінде барлық қызмет күшейтілген режимде. Атап айтсақ, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан бойынша су басу қаупі бар бірнеше мекенжайға жаңа нөсер коллекторлары салынып, нөсерлік арық жүйесі орнатылған. Одан бөлек, түрлі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Аудан әкімі Ералы Оспанов баспасөз мәслихатында былтыр жыл бойы атқарылған осы және басқа да жұмыстар жайында айтып берді.

Қала көркі – сапалы инфрақұрылым

Былтыр ауданда 470 жарықтандыру тіректері орнатылып, ұзындығы 67 000 шаршы метр болатын аулалардың кіреберісіне жол төселген. Жалпы ұзындығы 1000 метр болатын аула аумағындағы жерасты суын реттейтін дренаждар қалпына келтірілді. 20 балалар ойын алаңы да абаттандырылған. Одан бөлек, Михайловкадағы зират қоршауға алынып, абаттандыру жұмыстары жасалыпты.

Сонымен қатар, ауданға қарасты үш маңызды нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда алғашқы жоба аяқталуға жақын. Бұл жоба – К.Станиславский атындағы орыс драма театрының алаңы. Бұған дейін театр алдындағы баспалдақтың кетеуі кетіп тұрған-тын. Жөндеу жұмыстары барысында ыңғайлы баспалдақ жасалып, аялдамаларды жол бойына қарай жақындатыпты. Нәтижесінде театр мен аялдама арасында үлкен ашық алаң пайда болған. Әрі орындықтар мен қоқыс жәшіктері, жарық тіректері қойылған. Енді биыл шағын архитектуралық мүсіндер орнатып, тал отырғызу жұмыстары кезек күтіп тұр.

– Бұл жерге табиғи граниттен жасалған плитка төселді. Бұған дейін мұндай плиткалар ешқайда қойылмаған. Бірінші осында төсеп, сапасын сынап көруді жөн көрдік. Сонымен қатар, «Шахтер» стадионы мен Ә.Ермеков көшесіне дейінгі аралыққа толығымен тротуар төселді. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі Сарыарқа көшесінде «Алаш» қозғалысының қайраткерлеріне арналған саябақ жасауды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі Ералы Оспанов.

Аудан әкімдігінің бастамасымен жаяу жүргіншілердің мобильдік картасы әзірленіпті. Ол қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде тұрғындар көп жүретін аймақты анықтайды. Нәтижесінде абаттандыру жұмыстары сонда жүргізіледі. Сонымен қатар, Шахтерлер даңғылындағы, «Норма» супермаркетінің жанындағы гүлбағы да абаттандырылады.

Үшінші жоба – «Алматы-Екатеринбург» бағытынан қаланың кіреберісі, яғни, аркадан шіркеуге дейінгі аралық абаттандырылып, жол бойына екі қатарға 2800 жуық ағаш отырғызылады. Қазіргі уақытта топырақтың жарамдылығын анықтау мақсатында сарапшылардың қорытындысы күтілуде.

– Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 61 жобаны іске асыру жоспарда бар. Яғни, қала тұрғындары өз ауласы бойынша абаттандыру идеясын бізге жоба ретінде ұсына алады. Кейін онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталады. Өтініштер 10 наурызға дейін жалғасады. Бағдарлама аясында тек аула мен гүлбақтарды жөндеу ғана емес, жарықтандыру, тұрақ пен субұрқақ орнатуға өтініш бере алады, – деді Ералы Серікұлы.

Су тасқынынан қауіп жоқ

Көктемнің де ауылы алыс емес. Ал, жауапты мамандар көктемгі су тасқынына дайындықты былтырдан бастады. Оңтүстік-Шығыс бөлікке қарғын келмес үшін арнайы айналма канал жасалған еді.

– Бүгінде ұзындығы 102 шақырым болатын айналма каналдың құрылысы аяқталды. Яғни, бұл канал даладан келген суды қалаға кіргізбей, әрі бұрып алып кетеді. Шамамен, 75 млн. шаршы метр аумақты су басудан сақтайды. Құбыр қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігін айналып өтеді. Бұған дейін дала суы «Гүлдер 1» мекенжайының тұсынан құйылатын. Енді су қала ішіне кірмейді. Қазылған каналмен қаланы айналып өтеді. Дәл осындай жұмыстар Федоров су қоймасында да жүргізілуде. Ал, Соқыр өзенінің арнасы қамыстан тазартылуда. Қазіргі таңда тасқын суға бөгет ретінде 15 мың құм толы қапшық дайын. Қаладағы ашық және жабық су құбырларының 31 шақырымы қоқыстан тазартылып, қалыпқа келтірілді, – деді аудан әкімінің орынбасары Дәулет Маханов.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, Кеншілер даңғылында диаметрі – 1000 мм, ұзындығы – 185 м болатын нөсер коллекторы салыныпты. Ал, Университет көшесіне ұзындығы 263 метр болатын қосымша нөсерлік жүйе орнатылған. Су басу қаупі жоғары жеке секторлардан қар шығару жұмыстары басталыпты. Су деңгейінен төмен орналасқан мекенжайлар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Егер аулаларыңызда арнайы техникалар жұмыс істеп жатса, ауладағы қарды жол бойына шығарып қоюға болады. Біз міндетті түрде алып кетеміз. Себебі, біздің көліктер аулаға кірмейді. Және аулада тұратын көліктер де бізге кедергі келтіреді. Бұл біз үшін де, сіз үшін де маңызды, – деді аудан әкімі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button