Руханият

Шақаман мен Көбетей (шындық пен шырғалаң)

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті, дәстүріне, ұлттық тарихына атсалысу – патриотизмнің маңызды көрінісі» деген болатын.

 

Тарихи негізде Көбетей – жер атауы. Этимологиялық анықтамасы «көбе» сөзімен «екі заттың біріккен, қосылған» жері деп түсіндіріледі. Сонымен қатар, түрік тілінде Kubbe – күмбез дегенді, ал кире – сырға дегенді білдіреді (Ю.Щека). Шағатай тілінде Kubbe – сауыт дегенді білдіреді (Банзаров). 1840 жылдары Сұлтан Қоңырқұлжа мен Тәукенің ұрпақтарынан және олардың қырғыз, тарақты, қыпшақ, уақ және төртауыл рулары, шұбартпалы руларынан шыққан төлеңгіттерден құралған топтың ауылдары бірге көшеді. Тек қыстауларына жақындағанда бөлінеді. Шабындықтары Нұра бойында. Егістіктері топтың ортақ жайлауы «Саумал көл», «Көрпеш», «Қызылқақ» деген жерде. Көбетей қыстақ иесі – Машы Орақ, руы – қырғыз.

Архивтерде Көбетей бидің болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Көбетейден Кертінді мекеніне дейін алты аталы Құлымбеттің жаз жайлаулары мен қыстаулары болған. Тінәлі Қарпық бұл жерде көшіп қонбаған. Тінәлі Қарпық Селеті, Шідерті, Өлеңті, Есіл, Мойылды өзендері, Қоңырадыр, Қызылжар, Қызылағаш, Бүйректалға дейін (мұрағатта), одан әрі Нұраның Қорғалжын көліне құятын тұсына дейін жайлап, кейін қыстауға қайтады. Аққұм Біртабан, Қарағанды емес, Қарғалды көлі және Көң өзені бойына. Ал, Нұра өңірінің елді мекені және жер-су, көші-қон тарихынан мақұрым Аманжол Сәдібекұлы тапсырыспен қиялдан әулие Көбетейді шежіреге енгізіп, тапсырушысын әулиенің ұрпағы екеніне сендіріп, біраз қаражат көзіне айналдыруы – пенделік қой. Көбетей – кісі есімі емес, екі заттың қосындысы деп жазылған ғылыми еңбектерде.

Яғни, бұл арандатудың ең сорақысы. Қарпық шежіресіне, Салақбай Тығынбаевың Тінәлі шежіресіне қосқан үлесі деп, қызды-қыздымен өтірікті шындай қылып, алыстан айламен Көбетей әулиені елдің қамын ойлаған көсем әрі батыр қылып, дұшпанмен елі, жері үшін шаһид болған Шақаманды қалмақ деп шимай-шатпағын шығарды. Шын тарихтан ешқандай хабары жоқ, оны өзі ойлап тапқан «сұңғыла ақыл иесі» Аманжол Сәдібекұлы 1991 жылы Нұра аудандық «Жаңа жол» газетінде «Көбетей мен Шақаман» атты мақала жазды. Қарсы көзқарас болмаған соң, «Орталық Қазақстан» газетіне «Жер аты – ел атына сын» атты мақала 1994 жылы жазылды. Тарихты білу, ата-бабаның өмір тіршілігін ұмытпау – тірілердің адамгершілік міндеті ғана емес, сонымен бірге ілгері дамудың кепілі де. Ата текті, ру шежіресін сөз етсе – рушылдық емес, қазақтың өзара ағайындығы. Әр қазақ өз туысың болады. Ағайын, нағашы, жиен, құда, тіпті болмаса құданың құдасы аман болсын! Өкінішке орай, қоғамның рулық құрылымы ыдырап, адамдардың шежірелік санасы солғын тартқан кезде, жікшілдік деген пәле өрістей бастады. Басқа бір ұлтқа рухани тәуелді, таным тұрғысынан басыбайлы болу арқылы толықтай ұлттық қасиеттен айрылып, өз ұлтының хас дұшпанына айналғанын білмей қалады. Ғылым мен білімге басқа мақсаттарымыз араласып, жат ағымға түсті. Мұның барлығы жинақтала келе ұлттың өткенін ұмыттырды. Демек, халықтың ежелгі тарихы жойылды, санадан өшті. Мұның өзі бүгінгіні өшіріп, келешек кесіледі деген сөз. Мысалы, Тоқа шежіресінде айтылмаған және жазылмаған Көбетей әулие көреген туралы Қарпық шежіресінде Тінәлі бөлімінде пайда болды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1868 жылы араб қарпімен жазылған «Қазақ шежіресінде» және қазақ тарихының ақтаңдақ беттері мен беймәлім сырларын ашу ісінде жекелеген руелдердің шежіресін ашуға еңбек сіңіріп жүрген «Арғын Төртуыл тарихының», «Қуандық шежірелері» ғалым Берік Әбдіғалидың еңбектерінде Қарпық шежіресіндегі Көбетей көріпкел туралы ешқандай дерек жоқ. Аманжол Сәдібекұлы «Көбетей мен Шақаман» жайында және «Жер аты ел атына сын» деген мақалаларында Көбетей жөнінде өзінше шежіре дақпыраттарды дәлел ретінде келтіруге тырысқан.

Егемендік алған алғашқы жылдары, әр өлкеде бұрын естіп-білмеген әулиелердің қорымдары пайда болып, әр рудың өз әулиесі, көрегені туралы жазушы шимайбектер пайда бола бастады. «Жаңа жол» газетінде жарияланған «Көбетей мен Шақаман» жайындағы аңыз шежіреде Аманжол Сәдібек былай баяндайды. «Қыдыр Ғалайық (ғ.с.) Көбетей, көтер басыңды. Не тілейсің?» дегенде адалдық пен бірлік тілеймін депті. Сонда Қыдыр Ғ.С. «Бірлігің жеті атаға дейін адалдығымен кетпесін, дұшпан саған жетпесін. Артын Алла тағы бере жатар» деген екен және інісі Қорғанбайға қонған әулиелікті айтып берген Ошақбай Тығынбаев. Ал кітап жазып, газетке мақала жариялаған Аманжол Сәдібек мырза «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қақтығыстарынан кейін Нұра өзенінің ық жағын Тінәлі руы, Көбетейдің (Көбетай) елі жел жағын қалмақ хандығының елі қатар жайлаған екен, Көреген Көбетей қалмақ ханына барып сәлем беріпті…» дейді. Қалай артында тұрған әскер күші мықты болғаны ма? Қиялдан туған дақпырт аңызды шимайкештің шимайы демеске лажың жоқ. Қалмақ ханы қайсымыздың балуанымыз жеңсе, жеңілген бұл жерді тастап кетеді деп шарт жасасқан. Тоқалдан туған Көбетейдің ұлы Жарылғап қалмақ балуанын, яғни, Шақаманды алып соғып, мойын омыртқасын үзіп жібереді. Сол жерде қалмақ тіл тартпай мерт болған. Мерт болған балуанның денесін алып кете алмай, қалмақтар Көбетей әулиеге келіп, мәйітін «Қызылтөбеге» жерлеуге рұқсат сұрайды. Көбетей осы жерге о дүниелік орным деп өсиет қылған екен. Шақаманды қоюға рұқсат беріп, Көбетейдің өсиетін орындапты ұрпағы. «Қызылтөбені» Көбетей төбесі демей, осы күнге дейін қалмақтың балуаны атымен «Шақаман» деп аталады. Жарылғаптай батыры бар елден қаймығып Нұра бойынан үдере көшіп, басқа жақтан қоныс іздеп, ауып кетіпті. Шақаманды қалмақ деп, Көбетейді (болмаған адам) ел қамын ойлаған, қалмақты қуған дейді. Сонда сұңғыла ақыл иесі Аманжол Сәдібекұлы, мұсылман, көреген әулие аталарын қалмақпен қалай бірге жерлеген? Шариғаттан, мұсылмандықтан сауаты жоқ шимайбек осылай кәпір мен мұсылманды қатар жерлей береді. Шақаманды танып-білуге миы жетпейтіндер оны кейінгі ұрпаққа қалмақ деп таныстырды. Тарихымызда болмаған Көбетей әулиені төбемізге көтеріп, батырымызды қор қылдық.

Халықтың сауатын ашып, ата тегін, жер-суы тарихын дұрыс насихаттаудың орнына осындай қиялшыл, қиянатшыл ілімшілер, өтірікшілер ақ қағаз бетін шималауға кірісті. Бұған дәлел – Қарпық шежіресіндегі Көбетей әулие туралы Аманжол Сәдібекұлының шайтан азығы, әзәзіл тағына әбден мініп, басқаның санасын улап, дегеніне жетуі. Уланған санадан арылу аса ауыр іс екен. Күні бүгінге дейін өтірік пен шындықты ажырата алмай қағаз бетіне шимайлап жатқандар жеткілікті. Сол шимақайдың бірі және бірегейі Нұра кентінің тумасы Айтбай Зейнекенұлы Жүніс. 1994 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде, 2020 жылы толық осы мақала өзгеріссіз Қарпық шежіресінде, Көбетей әулиеге көрегендік қалай қонғанын баяндайды. Жалған шежіреші Аманжол Сәдібекұлының шашбауын көтеріп жүріп, жазғанын толық көшіріп алған. Аманжолдың жазған әр жолын өзгертпей, «Нұра» газетіне «Тарихты бұрмалау – болашаққа қиянат» дегеніңді қалай түсінуге болады? Қиялдан туған Көбетей әбден санаңды улаған екен.

Шежіре – ұрпақтың тарихи-мәдени өрісі. Елдің құтын қашырмау – әр ұрпақтың борышы. Кезінде Көбетей әулие туралы қалыптасқан түсінікке оны сыншылдық көзқараспен аққарасын теріп алатын біздің Нұра өңірінде зиялы қауымның болмауында. Соның нәтижесінде кейінгі шимақайлар «тарихты бұрмалау – болашаққа қиянат» деп Айтбай Зейнекенұлы 2020 жылдың ақпан айында «Нұра» газетінің бір санында Қарпық шежіресінің 580-585 беттеріндегі қалмақ ханы мен шешен әулие бидің сөз жарыстырғанынан дәлел келтіреді. Өзінше Нұра өңірінің тарихына «үлес қосқан» Аманжол Сәдібекұлының шежіресін қотарып алған. Нұра жұртының тарихынан, елі мен жерінен түсінігі жоқ, бірақ «мен білемге» басып, «атың шықпаса жер өрте» дегендей әрекет жасаған.

Ақмола бекінісінен қалаға дейін талай сыры ашылмаған, болашақты күтіп жатқан жұмбағы мол қорымдар бар. Ахмет ауылынан 10 шақырымдай жерде Нұраның оң жағалауында үлкен бір қорымдағы таста «1740 жыл маммоктер» деген арабша жазу бар. Есімдері белгісіз қазақ жерін қорғау кезінде шаһид болған бабаларымыз болуы мүмкін.

Шақаман – киелі елді мекен. Қарағанды облысы, Нұра ауданының топонимикалық картасы: «Тарихи негіздеме. Аршабеков М.С. Жакин Ж.А. Жумабеков Қарағанды «Гласир» баспасы 2009 ж.

Пікір білдірушілер тарих ғылымдарының докторы профессор М.Әбдуов, профессор Қ.Ж.Абилов.

Кісі атымен аталған топоним. Уезд орталығынан 90 км. Құлымбеттің алты атасы алдында оңтүстікте Шу бойында көшіп жүрген. Бұл жерге оңтүстіктен келіп Қарауыл руын ығыстырып, олар Көкшетауға көшіп кетті. Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» жылдары 1723-1925 ж.ж. Құлымбет руының Райымберді мен Тәттіқадам ұрпақтарынан құрылған топ осы жерлерге қыстақ салып, мекен қылған. Архив мұрағаттан алынған МКЗП – Том 3 Акмолинский уезд час1 СПБ 1907 жыл».

1723 жылы қазақ даласын әйгілі «ақ мешін» жұты шарпыған. Сол жылдары ерте көктемде жұттан тұралап шыққан елге жоңғардың 70 мың әскері тұтқиылдан лап қойды. Шу бойын қыстап шыққан Арғын Тоқа қалың елге қырғидай тиді. Жоңғарлардың 1723 жылғы ірі жеңісінен кейін қазақ хандығының оңтүстік шығыс өңірі жаудың игілігінде қалды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел үшін жан беріп, жан алысып, әрбір қазақ баласының қанымен жазылған тарих. Есімі кейінгі ұрпаққа үлгі болар ержүрек сарбаздардың бірі ұлы жүз Албан руынан шыққан Шақаман Еламанұлы. 1726-1727 жылдары Бұланты өзені бойында болған шайқастарға қатысқан. Жоңғарлар қазақты түпкілікті жеңу мақсатымен 1739-1741 жылдары Орта жүз қоныстарына қарсы жойқын жорық ұйымдастырған. Қазақтың қарсыласу күшінің неғұрлым шоғырланған жері орта жүз екенін біле отырып, сол қамалды бұзуды ойлаған. Бірақ мақсатына жете алмай кейін шегінуге мәжбүр болды. Ұлы жүзден шегінген қосындармен кіші жүзден көмекке келген қандас қазақ бауырлармен орта жүз қосындары 1745 жылдары Шортанды мен Түмен арасындағы, Аманқарағай мен Үшбұлақ жерін, 1745 жылы жаздың бас кезінде басқыншылардан толық азат етті. Орта жүзде болған бір шайқаста Шақаман батыр ауыр жараланып, қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы Нұра өзенінің оң жағында жерленген. Жерленген жері Шақаман мекені аталып кетті. Ресей империясының картасында: «Шақаман: кісі атымен аталған топоним. Уезд орталығынан 90 км. Ақмоладан Шақаман қыстау иесі – Жолдасбек Ерсары, су көзі – Нұра өзені». Дерек көзі мұрағаттан алынған. «МКЗП-Том 3 Акмолинский уезд час 1 СПБ 1907 жыл». Шақаман елді мекенінде Сыртамбек Бәжіұлы, Жанай Мүсірепұлының, Құтжан Ашықпайұлының, Исабек Жауарұлының ұрпақтары сол жерді, яғни, қыстауларға ие болған Құлымбет руының ұрпақтары. 1958 жылдары өз замандасым Шора Бикенұлы үлкен атасы Қожахмет бабасы Жарқынбектен естігені: «Шақаман – қазақ батыры осы маңайда қазаққалмақ соғысы кезінде мерт болып, ауыр жарадан көз жұмғанын аталарымыз айтып отыратын» – деген.

Шақаман жерленген жерін 1987-988 жылдары көрсеткен. Кеңес үкіметі орнаған жылдары 1935 жылдан 1945 жылға дейін Шақаман ауыл кеңесі аталған. 42 жылдан кейін автобус аялдамасында Шақаман елді мекені деген жазулар пайда болды. 1986 жылғы ұлттың рухани оянуы әсер етті ме, қазақ құлдықта жүргенін түсіне бастады. Шақаман есімі әкеден балаға ауыса келе, батыр есімі ел есінде мәңгі қалды.

Райымберді – Төлеміс – Орынбай – Бәжі – Жарқынбек – Бекен – Шора. Шора ақсақал бабаларының аманатын орындап, жерленген жерін нақты көрсеткен қария. Батыр ұрпағы Елубай Байқалыұлы Шақаман батыр бабасына ескерткіш орнатты. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Еліміздің ұлттық идеологиясына айналдыруға болатын керемет тарих. Қазақ халқы ел басына күн туғанда бірігіп, ел ішінен шыққан батырлардың, қолбасшылардың қиын кезеңде ел азаттығы үшін күрес ұйымдастыра білген. «Шақаман елді мекенінің киесі мен құпиясы» атты тарихи деректермен дәлелдеп жазған мақалаға қарсы еш дәлелсіз тек Аманжол Сәдібектің жазған жалған шежіресіне сүйеніп, «тарихты бұрмалау – болашаққа қиянат» деген Айтбай Жүністегі мақаласына қарсы осы мақаланы жазуға мәжбүр болдым.

Тарих дегенің тек қана өткеннен тұратынын ескерсек, онда қазақ халқының тарихын тану үшін, ұлттың этникалық тұтастығын білу үшін ру шежіресін терең зерттеп білмей, ой түйіндеу мүмкін емес. 1958 жылдан бері Шақаман тарихына қатысты талай қариялардан естіп-білгенімді және қаншама шежірелерді оқып, Шақаман қазақ батыры екеніне дәлелдер тауып, осы мақаланы 60 жылдан кейін жазып отырмын. Әзірше әрісі шежіре бойынша, берісі қазақ ұлтының төл тарихының шешімін күтетін мәселелер шаш етектен. Менің ниетім осынау ой орамына тап болып, өзінің тарихы мен ата тегінің тарихымен табысқысы келген ағайынға жөн сілтеп жіберу.

Исай Әкбар қажы ӨМІРБЕКТЕГІ,

имам хатиб.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button