Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Ұшқын» ұшқырлығын көрсетті

Волейболдан ерлер арасында өткен XXIV ашық Республикалық турнирі мәресіне жетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Жақан МЕДЕУБАЕВТЫ еске алуға арналған шара биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ қатысып, ақжарма тілектерін білдірді. Турнирде әр аймақтан келген 15 команда бақ сынады.

Пандемияға қарамастан, сіздермен жиналып отырған жайымыз бар. Турнир тек мықтыларды анықтап қана қоймай, тәжірибе алмасуға, бір-бірімен танысуға үлкен мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өткенге көз тастасақ, алғаш рет турнир 1997 жылы өтіпті. Содан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын әр елден қатысуға өтініш берген командалардың да саны артуда. Дәстүрлі турнирге Жоғары лигаға мүше жастар құрамалары мен ішкі істер органдарының ардагер қызметкерлері қатысты. Биылғы додаға қатысқан ел спортшыларынан бөлек, қырғызстандық командалар да бар. Олар әуелі ойын алдында арнайы ПТР-тестілеуден өтіп, санитарлық талаптарды қатаң ұстанды.

– Жақан Мұхатайұлы қайтыс болғаннан кейін, достары мен әріптестері оның құрметіне жыл сайын волейболдан турнир өткізуді қолға алған едік. Дағдарысқа байланысты турнирді тоқтатуға шешім қабылдамақ болған кезімізде болды. Алайда, ол қиындықтардан шықтық. Турнирді үзген жоқпыз, – деді турнирді алғаш ұйымдастырушы, отставкадағы полковник Машан Юсупов.
Жарыс қорытындысында Ақмола облысының «Ұшқын» тобы үздік атанды. Ал, алматылық «Буревестник» командасы ІІ орын иеленсе, ІІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысының командасы қанжығасына бөктерді.

– Ол бала кезінен волейболмен шұғылданды. Ел құрамасының мүшелігіне кірді. Студенттер арасындағы «Буревестник» қомандасының капитаны болды. Өмірінің соңғы күніне дейін қолынан добын тастамады. Оның Ұлттық қауіпсіздік комитетінде шәкірттері көп. Алдына келген жастардың бетін қақпай, тәрбиелеп, дайындап шығаратын, – деді Жақан Медеубаевтың немере інісі Болат Әкімбеков.

Турнир жеңімпаздарына 200, 300 және 500 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, барлық қатысушылар арнайы кубок, медальдан бөлек, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, дәстүрлі турнирге қаржылық көмек көрсетіп келген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Биыл да аталмыш кәсіпорын бұл үрдістен жаңылған жоқ.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button