Шұрайлы да шырайлы мекен – Үңірек
Тағылы мен Бұғылы бауырында 1932 жылы құрылған Шет ауылдық округінің орталығы Үңірек ауылының 90 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Құттыбай, Қармыс, Тұмсық ауылдары да осы округ құрамында. Ауылға қарай біз де бет бұрдық. Тойға құрылған ақ шаңқан киіз үйлер алыстан мен мұндалайды. Қалпақтаудың шоғында бабамыз Сазанбай батыр (ескерткіші) ауылға қарап, аруағымен желеп-жебеп тұрғандай…
Бұл күнге дейін біршама жұмыс атқарылды. Ауыл тойына Үңіректің суын ішіп, топырағына аунаған барлық азамат атсалысты. 6 тамызда өткен дүбірлі додаға дейін Үңірек ауылында 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне арналып, ескерткіш ашылды.
Шағын футболдан марқұм болған ұстаздарды еске алу турнирі өтті.
Тілеген ақын шығармашылық кешін ауылға арнады. Ат арытып келген елге белгілі ақындар арнау айтса, Тоқтардың әуелете шырқаған әніне ел биледі.
Сонымен қатар, ұрпақтары Қалпақтаудың шоқтығына Сазанбай батырдың ескерткішін орнатты.
Әлқисса, дүбірлеген ұлы тойды ауылдың іргетасын қалаған жандардың рухына имам Амангелді Қабылахат Құран бағыштаумен бастады.
Мерейтойдың салтанатын аудан əкімі Мұхит Сайлауұлы:
– Шежірелі Шет өлкесіндегі шұрайлы да шырайлы мекен Үңірек ауылының құрылғанына торқалы – 90 жыл. Бұл ауылдан иісі қазаққа танымал дәулескер Сембек күйші, аудандағы алғашқы ұстаз Тұнғышбек Дәлмағамбетов, талантты да тағдырлы ақын Қасым Сырымбетұлы, ақын Төлеуқұл (Қоңыр) Шәтекұлы, Ғазиз Ештанаев, соғыс ардагері, ақын, ұстаз Рысқұл Жақанов, ғалымдар Раушан Қасымқұлқызы, Амангелді Ұзақбайұлы сынды тұлғалар шықты. Айтыс ақыны, осы тойдың тізгінін ұстаған Тілеген Әділовті осы ауылдың перзенті екендігін мақтанышпен айтамыз. Талай талантты тұлғалар мен танымал жандарды түлеткен Үңірек ауылы ауданымыз үшін айрықша маңызға ие. Сондықтан, жыл сайын ауылдың инфрақұрылымын арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Биыл ауыл халқының бос уақытын өткізіп, серуендеуіне арналған саябақ құрылысына қажетті қаржы қаралып отыр. Алдағы уақытта да тұрғындар сұранысына орай, тиісті қолдаулар көрсетіле беретін болады. Ең бастысы, ауыл халқының көргенге үлгі, естігенге өнеге болар бүгінгідей береке-бірліктері ыдырамасын деп тілеймін! Торқалы той құтты болып, қуанышты күндеріміз көбейіп, ауылымыз көркейе берсін! – деп ақжарма тілекпен ашты.
Тойға қонақ боп келген, əлем поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, қазақтың ақиық ақыны Ғалым Жайлыбай, қоғам қайраткері Əлихан Байменов, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Төлеуғали Қышқашбай ақ тілектерін білдірді. Ақын Ғалым Жайлыбай сиясы кеппеген Үңірек ауылына арнауын шашу ретінде тарту етті.
Ауыл ақсақалдары Өмірзақ Оралбаев, Бекежан Хамзин, белгілі журналист, Сәулебек Жәмкенов Үңірек ауылының тарихына үңілді.
Осы тойды өткізуде ауыл азаматтары қолынан келгенше қолдау білдірді. Басы-қасында ұйымдастырушылар Бауыржан Қуандықұлы мен Шамшырақ Матайұлы жүрді. Асқар Омаров, Манас Асайынов, Абай Қажкеев сынды кәсіпкерлер демеушілік жасады. Әр жылғы түлектер жалпы қорға 10 млн.-нан астам теңге жинады. Оны да айта кеткен жөн.
Құттықтау сөз кезектері осы ауылға кіндік қаны тамып, өсіп-өніп, түлеп ұшып еліміздің түпкір-түпкірінде əр салада қызмет етіп жүрген азаматтардың да жылы лебіздерімен ұштасып, шырайлы концертпен жалғасын тапты.
Концерттің шымылдығы «Үңірегім» əнімен ашылды. Əннің сөзін жазған педагогика ғылымдарының магистрі, филология ғылымдарының кандидаты, неміс тіл білімі ғылымдарының докторы, профессор Раушан Қасымқұлқызы, əнін жазған музыка пəнінің мұғалімі Ұмсынай Амантайқызы.
Сонымен қатар, ауылдың «Ақ әжелер» ансамблі, мəдениеттанушы, тарихшы, ұлттық өнердің жанашыры Ерлан Төлеутай, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті, «Халық əні» кафедрасының меңгерушісі, өнертану докторы, мəдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Амангелді Ұзақбайұлының жетекшілігімен Алматы қаласынан арнайы келген Құрманғазы оркестрінің өнерпаздары, Қарағанды қаласынан келген бір топ əншілер: Амангелді-Зағыпран, Қуаныш-Гүлзар, Дəуренбек Ақылбек, Ернұр Қабдраштар өнер көрсетті.
Аталған мерейтойға арналып ауыл атынан жəне киелі қара шаңырақ мектептің əр жылғы түлектерінің бірігіп атсалысуымен 20-ға тарта ақ шаңқан киіз үй тігіліп, той тамашалауға келген қонақтар мен жұртшылыққа қазан көтеріліп, ас берілді.
Той барысында ұлттық ойындар (қазақша күрес, көкпар, арқан тартыс, қошқар көтеру, аламан бəйге) ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар өз иелерін тапты.
Көмбеге салым салған Көкпар тартысты өтті. Бас жүлдені Ақсу-Аюлы ауылынан келген шабандоздар тізгіндесе, ІІ жүлделі орын Үңірек ауылында қалды. Ал, ІІІ орын Ақадыр ауылының жігіттерінде.
Арқан тартыста І орынды Үңірек құрамасы алса, ІІ және ІІІ орындарды Бұрма мен Жарық ауылының командалары өзара бөлісті.
Ал, 66-80 кг. салмақта «Үңірек барысы» атағы үшін күресте Қармыс ауылынан келген Қабілет Қалижанов І орын иеленсе, ІІ орынға Ерлан Акимов, ІІІ орынға Бекзат Жақия көтерілді. Ерлан да, Бекзат та Үңірек ауылының палуандары.
Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан барысы» жүлдегері Асыл Барменов түйе балуан атанып, 500 мың теңгені қанжығалады. Бұл сында Төменгі Қайрақты ауылынан келген Алдияр Тойбеков ІІ, Талды ауылының палуаны Дидар Нықаш ІІІ орынды місе тұтты.
Қошқар көтеруде әлділігін көрсеткен Әлихан ауылының сайыпқыраны Еңбек Кенжеғұлов қошқарды жетелеп кетті.
Аламан бәйге 25 шақырым. «Көкжайдақ» атшабар алаңында өткен дүбірлі додада Алматыдан келген сәйгүлік бірінші келіп, 1 млн. теңгені олжалады. Той соңында мерекені өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтылып, естелік кубогімен марапатталды. Халық «Ауылымыз өркендей берсін, 10 жылдан кейін ғасыр тойында жұбымыз жазылмай кездесейік» деп тарқасты…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
ШЕТ ауданы