«Ауыл – Ел бесігі»

Спорт кешені – Нұраға тарту

Нұра ауданында ауа тіреуіш мұнара базасында көпфункционалды спорт кешені іске қосылды. Онда заманауи жүгіру жолы, футбол, баскетбол, гандбол, теннис ойындарына арналған көпфункционалды алаң, сонымен қатар күрес, бокс және үстел теннисі алаңы бар. Нысан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен салынған. Жоба инвестициялық қайырымдылық болып табылады. Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ нұралықтарды спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

– Нұра ауданының жастарына жаңа рекордтарға қол жеткізу үшін бастау берілді. Спорт кешенінің тәрбиеленушілері олимпиадалардың және басқа да ауқымды жарыстардың нағыз чемпиондары, жүлдегерлері болатынына сенімдімін, – деді кешеннің ашылуында Абзал Нүкенов. – Өткен жылы біздің облыста 125 спорт нысаны пайдалануға берілді. Биыл тағы 58-ін ашуды жоспарлап отырмыз.

Аудан әкімі Аян Шалмағанбетов Шахтерский ауылы мен Нұра кентінде биыл бассейн мен жабық хоккей кортын ашу жоспарланғанын атап өтті.

– Мұның барлығы аудан тұрғындары үшін жасалуда. Денсаулық – зор байлық! Менің ойымша, бізде облыстың ғана емес, еліміздің ең үздік спортшылары өседі, – деді Аян Шалмағанбетов.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысқан жергілікті БЖСМ тәрбиеленушілері футбол, волейбол, үстел теннисі бойынша көрнекі ойындар мен қазақ күресі, бокс және MMA жекпе-жектерінің үзінділерін көрсетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button