«Ауыл – Ел бесігі»

Қызыр қонған Қарабұлақ

Әркімнің кіндік қаны тамған жері – өзінің Мысыр шаһары. Бүгінгі тілмен айтқанда, жұрттың бәрінің аңсары ауып тұратын Дубайы, Анадоласы. Ат шаптырып, балуан белдестіріп, шартарапқа сауын айтып, «Ауыл күнін» өткізіп отырған қарабұлақтықтар үшін өз ауылдары жәннаттың жазирасы іспетті. «Бірлігі бекем елдің тірлігі – берекелі» дейді атам қазақ. Оған қызыр қонып, бақ дарыған, ынтымағы жарасып, ырысы ақтарылған Қарабұлақ ауылының торқалы тойында көзіміз анық жетті.

Қарабұлақ – кешегі орақ ауыз от тілді Орманбет бидің, әр сөзі жақұтқа, әр ойы саф алтынға бағаланатын Нарманбет ақын, Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығының иесі, ақтаңгер ақын Абзал Бөкен, өңірден шыққан тұңғыш фельдшер, Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, профессор, СОКП мүшесі, Хайдар Арыстанбекұлы, профессор, академик, Лениндік сыйлық иегері Әлихан Мусин, белгілі физик-математик Орынбек Жәутіков, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлық иегері Күләш Байсейітова, Қазақ ССР-нің Халық әншісі Манарбек Ержанов, белгілі суретші-жаңғыртушы, «Есік» қорғанынан табылған «Алтын адамды» қайта құрып, реконструкция жасаған Қырым Алтынбеков, КСРО Жоғарғы кеңесiнiң депутаты, атақты кеншi Жолдасбай Оспанов, Социалистiк Еңбек Ерi, атақты шопан Маубас Мұқанов секілді ғылым мен өнер, еңбек пен қоғам қайраткерлері шыққан киелі өлке.

90 жылдық тарихы бар ауыл мерекесіне арналған шарада ауыл әкімі Асқар Иманғазин аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Ақын Абзал Бөкен туған жеріне деген сағынышқа толы жырын арнады, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қойшыбек Рысбеков қарабұлақтықтарды мерекемен құттықтады. Ауыл ақсақалы Жанат Нығметов, мерекені өткізуге атсалысып, демеушілік көрсеткен қожалық жетекшісі Батырбек Сәрсенбеков жамағатқа ақжарма тілектерін айтты.

Одан әрі тойға жиылған қауым ауыл тумаларының күшімен салынған мешіт үйінің ашылуына қатысты. Ауданның бас имамы Асыл Рысбай жамағатты мінәжат үйінің ашылуына орай ізгі тілегін білдірді.

Ауыл тойханасында барша әлеуметке арналып ас берілді. Балалардың ойын алаңында балуандар белдесіп, Қарағанды қаласынан келген, әлем чемпионы Айдос Ғалымов І, Естай Есмұқан ІІ, Естай Марғұландар ІІІ орынды еншілеп, жүлдеге бір-бір қараны иеленді. 80 кг. дейінгі салмақ бойынша 32 балуан күш сынасып, теміртаулық Бауыржан Хуанган бірінші орынға тігілген мотоциклді тақымға басты. Екінші орын алған А.Мақажанов 150 мың теңге (Жаңаарқа), үшінші орын астаналық Т.Қайырғалиевке 100 мың теңге бұйырды. «Түйе балуанға» 24 балуан түсіп, жергілікті балуан Ұлықпан Жортаров «Түйе балуан» атанып, мотоцикл мінді. ІІ орын балқаштық С. Амантаевқа (150 мың теңге), ІІІ орын қарағандылық М.Дүйсенбайдың еншісіне тиді (100 мың теңге). Қарабұлақтықтардың аламан бәйгеге тіккен автокөлігін Құрылыс ауылының (Қарағанды) Төлеубек Ермағанбетов «Вертолёт» атты сәйгүлігі олжалап кетті. Сондай-ақ, құнан бәйгесінде Нұрлан Намысовтың (Шет ауданы Нұра) «Нұрақасқа» атты жүйрігі бірінші болып мәре кесіп, мотоциклге тақым артты. Тай жарысында Ә.Тұрлауовтың «Бақнұр» тайы қара үзіп, І орынды жеңіп алды. Әлбетте 2-ші, 3-ші болып мәре кесіп, көмбеге жеткен аттар да жүлдесіз қалған жоқ. Той барысында күндіз Балқаш қаласынан келген әншілер мен ауыл өнерпаздары жұртшылықтың көңілін көтеріп, кешкісін гала-концерт өтті. Гала­-концертке қазіргі қазақ дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, бірнеше республикалық ән байқауларының жеңімпазы, Тәттімбет өнер колледжінің ұстазы, Қ.Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің дүлдүл әншісі Дәуренбек Әркенов, «Мұзарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов, Әйгерім Мамырова, Баян Абаев, Балауса Әбдуалиева секілді өнер жұлдыздары мен өзге де өнерпаздар қатысты. Қарабұлақтықтар ас беріп, аяқ босатқан жоқ. Ауылда көптеген игі бастамаға мұрындық болып, бірқатар шаруаның басын қайырыпты. Атап айтқанда, 75,65 жылғы туған мектеп түлектері бос тұрған спорт алаңын жаңғыртып, қалпына келтіріп, қолданысқа беріпті.

Қарабұлақтықтар Ауыл күніне «аудан әкімі мен орынбасарлары бірі төбе көрсетпеді» деген базынасын білдіріп жатты. Алайда, аудан әкімінің өкілі ретінде торқалы тойға аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы А.Әлібаевтың қатысқанын көрдік. (Бір жағы елдің өкпесі де орынды. Қанша дегенмен, ауыл тұрғындары «Ауыл күнін» өткізу үшін алашапқын дайындалды, аудан басшысының жылы лебізін естиміз деп күтті емес пе?!

Иә, ауыл мерекесі дүркіреп өтіп, ит басына іркіт төгіліп, қу бас домалады. Аламан бәйге мен күреске тігілген жүлделердің олқысы жоқ. Ауылдан шыққан қалталы азаматтар мен қарабұлақтықтар қымбатшылықтың қос бүйірден қысып тұрғанына қарамастан, біраз қаржының басын құрағаны көрініп-ақ тұр.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» еңістен шауып, төске озған уақыт әп-сәтте өтті де кетті. Десе де, «Ауыл күнін» өте жоғары дәрежеде, асқан ұйымшылдықпен өткізген қарабұлақтықтарға жұртшылық тәнті болып, алғыстарын жаудырып тарқасты.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

АҚТОҒАЙ ауданы

Басқа материалдар

Back to top button