Басты тақырып

«Шүлен таратудан» – «Туған жерге» дейін

   Қазақтың тамыры – ауылда деп айтудан кенде емеспіз. Бірақ, туған жерден қанат қағып шыққан соң, оған қайта айналып келіп, қамқорлық таныту – некенсаяқ. Ауқаттылардың қарымы бір ауылға бүтін өркениетті көшіріп әкелуге жетеді бүгінде. Тек, сол жиғанын қараша жұртымен бөлісу – кем. Баяғының байларынша шүлен тарататындай дархандық бұйырса, бұларға, ауылдар әлдеқашан жүдеуліктен арылар ма еді? Бір көлігінің құны бір ауылдың бюджетіне пара-пар қалталыларымыз – Елбасының «Туған жер» бағдарламасынан кейін ауылға бет бұратын тұс – бұл.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мәйегі тарихымыздан тамыр тартатыны мәлім. Соның ішінде, «Туған жер» бағдарламасының мәні зор. Елдің экономикасына, әлеуметтік жағдайына жомарттық арқылы да үлес қосуға болады екен, бақсақ. Бұрынғы дәулетті бабаларымыз «қора-қора малды ауыл адамдарының алдынан айдатып, әлі жетіліп үлгірмеген жетім мен жұқанаға, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға әр 10 немесе 20 малдың бірін беріп отырыпты. Осындай әдіспен ауылда бірде-бір қатқан қаракөн кедей қалдырмайды екен» дейді мәліметтер. Бұл – шүлен тарату. «Шүлен таратуды қазақ байлары тарапынан кедейлерге көрсетілетін жомарттық пен мырзалық деуге болады. Күз түсіп, мал саны көбейгенде ауқатты, дәулетті азаматтар алыс-жақын жерлердегі адамдарға тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестірген. Шүлен таратушылар бұл рәсімді пайда үшін емес, көптің алғысын, сауабын алу үшін, сондай-ақ, кедей-кепшікке қол ұшын беру мақсатында атқарып отыр­ған. Шүлен тарату халық арасын­дағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі». Қазіргі таңда осы ғұрыпты жалғастыруға Президенттің «Туған жер» бағдарламасы ықпал етері хақ. Аллаға шүкір, қазір бізде шүлен тарату тұрмақ, ауылға мұнайды шүмектеп ағызып қоюға қазынасы жететіндер бар. Тек, құнт – аз.

Бұл күні сыртта жүріп, туған жеріне, еліне инвестиция құйғандар мүлдем жоқ деуге болмайды. Мәселен, бокстан әлем чемпионы – Геннадий Головкин. Естеріңізде болса, Головкин былтырғы жылы Қарағандыда екібастұздық және қарағандылық кен орындарынан алынған көмірді байыту фабрикасына инвестиция құйды. Сонда чемпион «Жекпе-жектерден алынған қаражатты құйдым. Шетелден тапқанымды үйге әкелдім. Көмір саласы маған жақын. Әкем 35 жыл шахтада жұмыс істеді. Бұл – отбасымның ажырамас бөлігі, тарихы» деген болатын. Әлемдік бокста елімізді әйгілеп жүрген боксшы аймақ экономикасын дамытуға ынталы екенін жеткізен еді. Сөйтіп, әлем чемпионы ұлттық экономикаға инвестиция құю арқылы еліне пайдасын тигізгісі келетінін айтқан-ды. Көмірдің сапасын арттыруға бағытталған инвестициялар қазақстандық көмір өнеркәсібінің ЕАЭО-та, одан кейін ДСҰ-да бәсекеге қабілеттілігін көтеруге негіз болды. Жаңа өндірісте 150 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл – бір мысал. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қарқаралы ауданы аумағында Генаның спорттық кешен тұрғызуға мұрындық болып отырғанын атап өткен жоқ. Генаның бұлі ісі – дәулеттілеріміздің жомарттығына түрткі болса игі.

Тарихқа үңілсек, Голощекиннің қырғынына дейін қазақтың отқа қарап отырғаны жоқ-тын. Жоқ дегенде, сіңірі шыққан кедейіңіздің алдында он шақты қой-ешкісі болған. Мұның сыртында, бірлі жарым ірі қарасы, құлынды, қысыр биесі дегендей. Ал, кедей-кепшікке бұл қайдан келді? Мұнда сол кезеңдегі бай-бағландарымыздың ел-жұртын ойлаған дарқандығы, шүлен таратуы жатыр. Кеңес үкіметі жетпіс жыл бойы байларды «халықтың қанаушысы» деп санамызға сыналап құйғанымен, көзі көрген қариялар мұның ақиқатқа қиянат екенін сыбырласа да, айтып кеткен еді. Енді сондай мырзалық бүгінгілерге жұғысты болсын дейік.

Өйткені, Туған жер баласының жолына көз тігеді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Back to top button