Руханият

Сезімді сергіткен қойылым

Ақиық ақын Мұқағали мен поэзия падишасы Фаризаны не байланыстырады? Қарағандылық көрермен қос ақынның көпке беймәлім сырына куә болды. С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының 87-театр маусымының қорытынды кешінде Рахымжан ОТАРБАЕВТЫҢ «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасы қойылды. Бұл – біртуар жазушының көзі тірісінде қарағанды театрында сахналанған соңғы туындысы…

2018 жылы Арқада аталмыш туындының тұсауы кесілген-тін. Оны алғаш рет сахналаған шығармашылық құрам қазір біршама өзгерген. Үш-төрт аға буын өкілі және бірыңғай жастардан жасақталған 20 шақты актер шығарманы өте жақсы сахналады. Режиссері – нұр-сұлтандық Нұрлан Жұманиязов.

Актерлердің шеберлігі де сүйсінерлік. Дәуір келбеті, замана бейнесі көзге ұрып-ақ тұр. Әсіресе, Мұқағали рөлін театрдың жас актері – Нұрсұлтан Қалкенов, Фаризаның бейнесін – дарынды актриса Дина Заитова, Күшеншек Барболсыновтың рөлін 30 жылға жуық осы салада қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі актер Бауыржан Сүлейменов шебер ойнап шықты. Қойылым көрерменді бірде жылатты, бірде күлдірді. Ал, енді бір сәтте адам баласы ұғып болмайтын тәтті сезімге бөледі. Қысқасы, жүректерін тебірентіп, жан-дүниесін астан-кестең етті.

Драмада Қалтай Мұхамеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев сияқты қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері қатарындағы бірнеше жиынтық образдар бар. Мысалы, Мұқаңмен ауруханада бірге жатқан Күшеншек Барболсынов – кезінде ақынның аяғынан шалып, партияның сойылын соққан жағымпаз ақындардың бейнесі. Бұл бейне өзіне барлық негативті тарта отырып, қос поэзия алыбының болмысын, адамгершілігін асқақтатып тұр. Сонымен қатар, қойылымда бүгінде «Қазақтың Керей ханы» атанған Қайрат Кемалов пен сол кездегі бірнеше таланттардың жас кезі көрініс береді. Спектакльде қос ақын өлеңдері оқи бастағаннан ән болып қалықтай жөнеледі, өмір мен өлім арасындағы арпалыс киелі поэзия мен ән өнерін ұштастыра әдемі үйлестірілген.

Фариза мен Мұқағали арасында аға мен қарындастың ғажайып сыйластығын да көрдік шығармадан. «Барлық ақын баласы бір ананың» деп жырлау – көрінген жазарманға бұйырмайтын бақ. Фаризаның ермінезділігі, бірбеткейлігі, өнерге адалдығы да әдемі көрініс тапқан. Ақын бәріне ғашық, жүрегін сәбидің жүрегіндей пәк ұстамаса, саф шығармалар туа ма?.. Ал, мұның кейде пендешілік құмарлыққа теңеліп жүргені, ел арасындағы алып-қашпа әңгіме болса керек…

  • Биыл театр ұжымы табысты еңбек етті. Нұр-Сұлтан, Павлодар, Екібастұз, Орал және тағы басқа қалаларда гастрольдік сапарларда болып, театр фестивальдеріне қатыстық. Ұжымда 50-ден астам актер, репертуарымызда 60-қа жуық қойылым бар. Тәубе! Халыққа қызмет етуден танбаймыз, – деді театр басшысы Сансызбай Бекболатов.

Қойылымды сүйсіне тамашалаған Ерболат Ақынтай есімді көрерменнің айтуынша, «поэзияның ақсүйек өнер екенін, ешқандай тәртіп һәм заңдылыққа бағынбайтынын, ақын ғұмырының ағы мен қарасын Рахымжан Отарбаев «Мұқағали мен Фариза» драмасы арқылы керемет жеткізген. Режиссер мен актерлердің жұмысына жоғары баға беруге болады. «Керемет әсер алдым. Әсіресе, Күшеншек ақын «Прозаға ауысамын» дегенінде, тұрақсыз үйректер мен дала қыраны туралы мысалды автор, Мұқағали ақын арқылы орынды жеткізген. Ащы шындық…».

Осы орайда, 10-16 маусым аралығында Елордада өткен «SAMGAU» халықаралық театр фестивалінде Сәкен театрының да өнер көрсетіп, жоғары бағаға ие болғанын атап өткен жөн. Театр сыншысы, драматург Еркін Жуасбек Роза Мұқанованың «Ешкім кінәлі емес» пьесасын жоғары деңгейде сахналағаны үшін арнайы диплом мен сыйлық табыстап, шығармашылық табыс тіледі.

Театр және кино режиссері Талғат Теменов «жалпы мына спектакльдің таңдалуы, актерлердің ойнау шеберлігі – бұл үлкен режиссерлік тапқырлық һәм театрдың үлкен жетістігі. Талай дүниелеріңізді көріп жүрміз, ерекше шоқтығы биігі осы болды» деп баға берді. Сондай-ақ, құрамында көптеген театр майталмандары бар қазылар алқасы, театр әртісі Дина Заитованың өнеріне тәнті болғандарын айтты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button