Соңғы кезде кеншілер астанасындағы көпқабатты үйлерге муралдар көптеп салынуда. Жуырда Қарағанды қаласы, Н.Әбдіров даңғылы бойындағы «Мың ұсақ-түйек» сауда үйі орналасқан тұрғы үйдің қабырғасында ғашықтар бейнесі пайда болды.
Таңғы шуақ аясында ұлттық киімдегі ғашық жұп асыл сезім – махаббатқа бөленіп тұр. Өнер туындысынан жаңа өмірдің де көріністерін байқайсыз.
Қарағандылық кәсіпкерлер қаланы безендіруге, көркемдеуге белсенді атсалысып келеді. Аталған жаңа мурал сөзімізге дәлел.
Бұл өнер туындысы – қалалық әкімдіктің, Урбанистика және кәсіпкерлер орталығының бірлескен жобасы. Халық көп жиналатын орынның сәнін кіргізген қабырғадағы сурет демеушілердің қаражатына салынып отыр.
Жұмыстың авторлары – белгілі қазақстандық суретші Динара Усман және Урбанистика орталығының ұжымы. Көркем бейнелеу жұмысы – AIR_G командасының еңбегі.
Дайындық жұмыстары тамыз айының басында басталып, қазір мурал толық аяқталған.
– Мурал тұрғындармен және қала әкімшілігімен келісілді. Жұмыста ауданның жаппай тұрғын үй құрылысына жайлылық пен атмосфера сыйлайтын шынайылық бар. Сурет тыныштықты, нәзіктік пен жайлылықты аңғартады. Қос ғашықтың бір-бірін қолдауы мен ер-азаматтың сүйіктісіне қамқорлығын бейнелейді, – дейді Урбанистика орталығы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz