Жаңалықтар

Сертте тұрған Сембековтер

Майдан даласына Өспен елдімекенінің өрімдей жастары да шақыртылған еді. Солардың ішіндегі ағайынды Сембековтердің көрсеткен көзсіз ерлігі, жанқияр қарекеті архив құжаттарында қаттаулы, ұрпақтарының жан жүрегінде сақтаулы. Осылайша, отты жылдар Сембек ақсақалға да қос қанатын қырқып өткендей, оңайға тимеді. Ұлдары Әбіл мен Орал әскер қатарына қоса шақырылып, шаңырағында жалғыз қарындасы қалады.

Орал Сембеков

Әбіл Сембеков 1917 жылы Шет ауданы, Өспен ауылында өмірге келген. 1939 жылы Жаңаарқа аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге алынып, майдан басталған жылдан бері соғыс даласында болған. 224-ші Гатчин дивизиясының 111 артиллерия­лық полкінде Ленинград майданында болған. Соғыстағы ерліктері үшін 1943 жылы «Ленинградты қорғағаны үшін», 1944 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, Жоғарғы Кеңестің шешімімен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Әбіл Сембековке «Ерлігі үшін» медалі алты сағат бойы өзен ішінде қалған гаубицалы тракторды жөндеп, ұрыс даласында қайта іске қосқаны үшін берілген.

«Әкем Әбілдің соғыста көрсеткен ерлігі біз үшін зор мақтан. Өзенге батқан гаубицалы тракторды белінен су кешіп жүріп, жөндеп, алып шығып, қайта іске қосқаны, Берлинге барып, қаланы неміс басқыншыларынан азат еткені, соғыс біткеннен кейін Қиыр Шығыстағы Жапон елінің соғысына қатысқаны, бәрі-бәрі бүгінде аңызға айналды. Кейін соғыстан қираған үйлерді қалпына келтіруге де үлесін қосты. 1946 жылы Өспенге қайта оралды. Сол кезде дене жарақаты бар еді. Аман-есен еліне келген соң мыс зауытында жұмыс істеді. Көзкөргендердің айтуынша, әкеміз шаруаның ыңғайын біліпті. Қолөнер шебері болған деседі. Соғыстан бауыры Оралдың бір аяғы сал болып оралады. Жаны ашығаны сонша, түнде інісі ұйықтап жатқанда протезін алып кетіп, жөндеп қояды екен. Әкем қайтқанда мен үш жаста екенмін», – дейді ұлы Жұмабай Сембеков.

Әбіл Сембеков

Ал, Орал Сембеков 1923 жылғы. Орал да Жаңаарқа аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен майданға он сегіз жасында алынған. Соғыста 145 атқыштар дивизиясының, 599 атқыштар полкі әскери бөлімінде болған. 1943 жылдың мамыр айында ұрыс даласында ауыр жарақат алып, 3672 эвакуациялық емханада емделіп, ұрыс даласынан үйіне қайтарған. Майдан даласындағы ерлігі үшін 1985 жылы «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталған.
«Әкем Орал фронтта барлаушы болады. Ұрыс басталмай тұрып, түнімен даланы кезіп, жарылғыш заттардан тазалайды. Сөйтіп жүргенде, 1942 жылы мина жарылады. Сол кезде жартысы көз жұмып, әкем сол аяғынан жарақат алады. Мейірбикелер ең таяу Смоленск қаласына жеткізіп, сол жерде бақайшақ жағынан аяғы жарамайды деп кесіп тас­тайды. Ота сәтсіз жасалып, аяғы үш мәрте, ақыр соңында жуан санынан кесілген. Сөйтіп, соғысқа жарамай 1942 жылы елге қайтарылады. 20 жасында соғыстан аяқсыз қайтады. «Ерлігі үшін» орденін алды», – дейді батырдың ұлы Темірхан Сембеков.
Ол уақытта Сембек ақсақал мыс зауытында от жағып, қарапайым еңбек еткен көрінеді. Қос батырдың анасы өмірден ерте өтеді. Жалғыз қарындасы Күлсақ та шешек ауруынан көз жұмады. Осындай ауыртпашылық әкелері Сембектің жанына қатты батады. Оның үстіне қос тірегі де майдан даласында. Сөйтіп жүргенде, ауыр жарақатпен Орал ұлы елге оралып, әкесіне қарайласады.
Ағайынды майдангер соғыс даласында бір-бірімен мүлдем байланысы болмапты. Бір-бірінің халін, қайда жүргенін үйге жөнелткен хаты арқылы хабар алмасып отырыпты. Оны әкесіне қарындасы Күлсақ оқып беріп, жауап жазатын көрінеді.
«Соғыстан кейін әкем елге келіп, анамызбен отау құрады. Алла беріп, тоғыз баланың әкесі атанады. Әкем 78 жасында дүниеден озды. Әкем елге келісімен еңбекке араласады. Нілді зауытының асханасына Ақтоғай, Қарқаралыдан тапсырыспен мал айдап әкеледі. Оны сойып, арбамен асханаға өткізеді. Әкем бір аяғының жоқтығына қарамай, осының бәрін өзі басқарды. Үйдегі тоғыз баланы өсіріп, өндіреді. Одан кейін ағасы Әбіл өмірден ерте озып, алты баласын менің әкем бауырына басты. Құдай берген он бес баланы оқытып, үй қылды. «Қандай мықтылық, ерік-жігер?!», деп таң қаламын», – дейді Темірхан Оралұлы.
Майдангер Оралдың төсқалтасында үнемі қаламы мен қағазы жүріпті. Өлең жазыпты. Әсіресе, майдан даласындағы қасіретті қара сөзбен дестелепті. Өз қолымен жазған майдан хаттары, өлең-жыр­лары ұлдарында әлі сақтаулы екен.
«Біз болдық Калининнің қаласында,
Қалың жау, қалың орман арасында.
Барлаудан таңға жақын оралғанда,
Тап болдым немістердің минасына.
Оң аяқ жуан саннан кесіліпті,
Іштегі өкініштің дерті күшті.
Өкініш емес ақсақ боп қалғаным,
Ел қорғаудан қалғаным өкінішті…», деген өлең жолдары қалған. Және ақсақ деп қалжыңдағандарға «тұрсам ақсақпын, отырсам кісі-ақпын», деген жауабы дайын жүретін көрінеді.
Өспен елдімекенінің өзінен бес жүзге жуық адам соғысқа қатысыпты. Жергілікті өлкетанушы Файзолла Шәкімұлынан кейін осы істі қос батырдың немересі Әділет Сембеков жалғастырып келеді.
«2017 жылы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мемориалды тақта қойдық. Сол кезде зерттеу жұмысын қарағанда бес жүз адам қатысқаны анық болды. Сонымен қатар, Өспеннен Мұса Аханов деген ардагер де Гатчин дивизиясында бірге болыпты. Орал әкемізге сөз өнері Сембек атамыздан дарыған. Ол кісі көкпаршы екен. Жасы егде тартып қалса да, «Қақторы келді қасыңа, қамшы тиер басыңа, Әкел тойдың көкпарын!», деп әндетіп жүріп, жастармен бірге көкпар тартқан. Бәйге ат ұстаған. Өлкетанушы Файзулла атамыздың бәйге туралы өлеңінде «Бәйгеден үзбей келуші еді, Сембектің қауын қақтай қақ торысы», деген жерлер бар. Сәкен Сейфуллиннің шопыры, өспендік Серік Үдешов те майдан даласында болған. Мұнымен қоса, Өспенде Қарағанды облысының Кеңес Одағының батырлар тізімінде жоқ, ардагерлер бар. Мысалға, Николай Агеев – Ресейдің Горьковский облысы деген жердің тумасы. Өспенге 1933 жылы келіп, оқып жүрген кезде, 1939 жылы соғысқа шақыртылып, батыр атанған. Былай келген кезде қағаз жүзінде Өспеннен шыққан деп айтылады», – дейді батырдың немересі, өлкетанушы Әділет Сембеков.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ

Суреттер ұрпағының мұрағат қорынан

Басқа материалдар

Back to top button