Әсерлі әңгіме өрбіді
Жуырда Қаражал тау-кен техникалық колледжінде қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ертеңгі ел тірегі – жастар» атты кездесу өткізіліп, бүгінгі күнгі жастар арасындағы өзекті мәселелерге қатысты әңгіме қозғалды.
Кездесу барысында жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, капитан Ғабит Сүлейменов, қалалық ішкі істер бөлімі ювенальдық полиция тобының қызметкері, аға лейтенант Еркебұлан Шамбұлов, қаладағы «Нұр» мешітінің найб-имамы Талғат Әбдірахманов және колледж директоры Данияр Дыбысов жастардың қалыпты тыныс-тірлігі мен қоғамдағы керітартпа құбылыстардың жағымсыз әсері хақында тереңнен ой толғады. Жалпыға ортақ мазмұндағы әңгіме тақырыбы Отанды сүю, ата-ананы қадір тұту, өз болашағын дербес бағдарлай білу, өзін-өзі елге жағымсыз мінез-құлықтардан арылту, теріс пиғылды діни ағымдарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кетпеу және тағы да басқа мәселелер төңірегінде өрбіді. Әсерлі әңгіме барысында кең көлемді пікір алмасуға да мүмкіндік берілді.
Мағыналы кездесуге қатысушылар студенттер тарапынан туындаған алуан түрлі сауалдарға орнықты әрі тұщымды жауаптар қайтарды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҚАРАЖАЛ қаласы.